Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

БЖЗҚ-да 63 млрд теңге мұрагерін күтуде

02.09.2026, 10:50 56

Қазақстанда қайтыс болған салымшылардың зейнетақы шоттарында шамамен 63 млрд теңге сұраусыз қалып отыр. 2026 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша мұндай қаражат 291 976 шотта сақталған. Бір шоттағы орташа сома шамамен 216 мың теңге болса, ең жоғары қалдық 45 млн теңгеге жеткен. 

БЖЗҚ дерегінше, сұраусыз қалған шоттардың 170 мыңға жуығы, яғни 58 пайызы 10 жылдан астам уақыттан бері қозғалыссыз жатыр. Қор қайтыс болған адамның туыстарына шоттағы жинақ туралы өзі хабарламайды. Сондықтан мұрагерлер адамның қайтыс болған күнінен бастап алты ай ішінде нотариусқа жүгініп, мұрагерлік іс ашуы қажет. Нотариус «Е-нотариат» жүйесі арқылы БЖЗҚ-ға сұрау жолдап, жинақтың бар-жоғын анықтай алады. 

Мұрагерлік құқық туралы куәлік алынғаннан кейін қаражатты БЖЗҚ-дан алуға болады. Ол үшін жеке куәлік, қажет болған жағдайда қайтыс болу туралы куәлік, мұрагерлік құқығын растайтын құжат және мұрагердің банк шотының деректемелері қажет. Құжаттар толық тапсырылса, ақша 10 жұмыс күні ішінде аударылады. 

Ал мұраны қабылдауға берілген алты айлық мерзім өтіп кеткен жағдайда оны сот арқылы қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Егер мұрагер мүлде болмаса немесе барлық мұрагер мұрадан бас тартса, сот шешімімен қаражат иесіз мүлік деп танылып, коммуналдық меншікке өтуі мүмкін. 

2023 жылдан 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығына дейін 153 887 мұрагер қайтыс болған туыстарының зейнетақы жинақтарынан жалпы 227,8 млрд теңге алған. Бұдан бөлек, отбасы мүшелері жерлеуге арналған біржолғы төлемге де өтініш бере алады. 2026 жылы оның ең жоғары мөлшері 406 550 теңгеге дейін жетеді. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: