Қоғамда адамды туған жылына қарай белгілі бір буынға бөлу түсінігі жиі айтылады. Біреулер өзін бумерге, енді бірі миллениалға немесе зумерге жатқызады. Бұл атаулар жай ғана интернеттегі әзіл емес, әр кезеңде дүниеге келген адамдардың өмір салты, көзқарасы, тәрбие алған ортасы мен технологияға бейімделуіне қатысты қалыптасқан ұғымдар.
Буындар теориясының негізін америкалық зерттеушілер Уильям Штраус пен Нил Хоув қалаған. Олар қоғам дамуында белгілі бір кезеңділік бар екенін айтып, әр 20-25 жыл сайын құндылығы мен дүниетанымы алдыңғы буыннан өзгеше ұрпақ қалыптасатынын түсіндіреді. Бұл теория бойынша адамдардың мінезі мен өмірге көзқарасына тек отбасы емес, сол кезеңдегі тарихи оқиғалар, экономикалық жағдай, мәдени орта және технологиялық өзгерістер де әсер етеді.
Туған жылына қарай буындар бірнеше топқа бөлінеді. 1925-1944 жылдары туғандар «момын буын» деп аталады. Бұл кезеңнің өкілдері көбіне соғыс пен ауыр тарихи жағдайларды көріп өскендіктен, шыдамдылыққа, тәртіпке, үнемшілдікке және адал еңбекке жақын болып сипатталады.
1944-1967 жылдары туғандар бэби-бумерлер қатарына жатады. Бұл ұрпақ соғыстан кейінгі кезеңде дүниеге келген. Олар мансап құруға, қоғамдық белсенділікке, тұрақты отбасы мен берік достыққа мән береді. Бэби-бумерлер көбіне оптимизммен, еңбекқорлықпен және патриоттық сезіммен сипатталады.
1967-1984 жылдары туғандар X буыны деп аталады. Бұл буын өкілдері өзгеріске тез бейімделуімен, прагматикалық ойлауымен және техникалық сауаттылығымен ерекшеленеді. Олар ескі жүйе мен жаңа технологияның тоғысқан кезеңінде өсті.
1984-2000 жылдары дүниеге келгендер Y буыны немесе миллениалдар деп аталады. Миллениалдар интернетпен бірге есейген ұрпақ саналады. Олар еркіндікке, жеке таңдау құқығына, қашықтан жұмыс істеуге, үздіксіз білім алуға бейім. Бұл буын ақпаратты тез қабылдайды, бірақ өмір мен жұмыстың арасындағы тепе-теңдікті сақтауға да мән береді.
2000-2011 жылдары туғандар Z буыны немесе зумерлер қатарына кіреді. Бұл буын смартфон, әлеуметтік желі және цифрлық ортада өсті. Зумерлер интернетті еркін пайдаланады, жаңа дүниені жылдам қабылдайды, ерте шешім қабылдауға бейім. Сонымен бірге оларда зейін қою, үлкен буынмен тіл табысу және психологиялық қысымға төтеп беру мәселелері жиі айтылады.
2011 жылдан кейін туған балалар Альфа буын деп аталады. Олар толықтай цифрлық дәуірде өсіп келеді. Зерттеушілер бұл ұрпақтың ақпаратты жылдам қабылдайтынын, технологиямен ерте танысатынын және әлемге ашық болатынын айтады.
Буындарға бөлу адамның мінезін толық анықтап бермейді. Дегенмен бұл ұғым әр кезеңде өскен адамдардың неге әртүрлі ойлайтынын, неге бір-бірін кейде түсіне алмайтынын түсіндіруге көмектеседі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!