Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бұрын да жеңгенбіз, Құдай бұйырса, тағы да жеңеміз!

19.06.2025, 9:00 132

Ермұрат Бапи туралы бір үзік сыр

Басқа  білмесе  де,  шеттен   орал­ған ағайындар  өте  жақсы  біледі,  Ерағам – Ермұрат  Бапи  екеуміз  Тим­ур Құлыбаев пен Кәрім Мәсі­мовті ойсырата  жеңген  болатынбыз!

2013  жылы желтоқсан айында Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтің тікелей ықпалымен шеттен оралған қандаста­рымызға төрт жылсыз азаматтық берілмейтін  қатаң  заң  қабылданып  кетті.

Сол жылы 15 желтоқсанда Президент ол заңға қол қойды.

Бүкіл қазақ шок болды!

Өз басым иенде қалған панасыз торғай құсап, көңілсіз күй кештім!

Ұлттық  кітапханада жұмыс істеп жүргенмін.

Жұмыстан шығып, Сауран көше­сінің бойымен Алматы көшесіне – үйге қарай ашу мен ызаға булығып кетіп  бара  жаттым.

Кенет ойыма Қызай анам түсе кетті. Ар жағынан қасиетіңнен айналайын Бәйдібек  бабамның  сұлбасы  көрінді…

Иә, мен Қызайдың ұрпағымын.

Нұрсұлтан Әбішүлы – Бәйдібек бидің  ұрпағы.

Мен Бәйдібектің қызынан – Қызай­дан тусам, Нұрекең ұлынан – Шапыраш­тыдан  туған.

Қазақы жолмен жөн сұрассақ, Нұрсұлтан Назарбаев – менің туған нағашым.

Анау «Мұртқа» қарағанда, мен оған әлдеқайда жақынмын, мен оның  туған  жиенімін!..

Болды!

Мәселе  шешілді…

Осыған дейін Ақордаға қаратып айтыл­маған сөз қалған жоқ. Жалынып-­жалбарыну, асты-үстіне түсіп қолпаштау, Ай мен Күнге теңеп мақтау – бәрі-бәрі айтылды. Еді, осы жағынан – Бәйдібек бабам мен Қызай анамның аруағын алға тартып, жиен­дігімді бұлдап, бір сөз салып  көру  ғана  қалған…

Пана  тұтып,  бірден  Ерағама –  Ермұ­рат  Бапиға  телефон  шалдым.

– Ераға, ассалаумағалайкүм!

– Уағалайкүмассалам, Ауытжан, қалай­сың?

– Құдай деп, Ераға. Мен Ел­басына «Ашық хат» жазайын деп бекідім. Қисынын да таптым…

– Ауытжан, өте жақсы болды. Айнала­йын, сол «Ашық хатыңды» бірден «ДАТ»-қа берші. Алдымен біз басайық. Содан кейін сайттарға бере бер, жарай ма?!

Байқаймын, Ермұрат аға «Ашық хатым­ды» «Abai.kz» порталына беріп қоя ма деп, алаңдап тұрған секілді. Осыған дейін біраз мақаламды «Abai.kz»-тен алып, «ДАТ»-қа басып келгені бар. Жоқ, бұл жолы мен де сайтқа емес, алдымен газетке бас­тырғанды  жөн  көріп:

– Жарайды, Ераға, бірден Сізге жіберем!

– Келістік  онда!  Аяма, Ауытжан!..

Үйге келдім де, компьютерге отыр­дым. «Нағашыма хат» деген тақырып қойдым да, сақылдатып жазуға кірістім.

Ол кезде Ұлттық академиялық кітапхана­да жұмыс істеп жүргенмін. 78 мың теңге айлық аламын, 80 мың теңге пәтерге төлеймін. Жолдасым жұмыссыз. Арқалық қаласынан оқуын бітіріп, Астанаға көшіп келген ауылдас інім, кезін­дегі оқушым, айтыскер ақын Азамат Малжанбайды отбасымен жалдап отырған бір бөлмелі пәтерімізге кіргізіп алғанбыз. Пәтерақының бір жағынан шығыссын деген  түріміз  ғой.

Азамат  пен Нұршаш, екі кішкен­тайымен – бәріміз алты жан болып, аядай  пәтерде   бірге   тұрып  жаттық.

Ас бөлмедегі тоқал орындыққа ноутбугім­ді қойып алып, жерде отырып, түнімен жазу жазамын.

Жолдасым Гүлбаян қасымдағы ескі диванда ұйықтап жатады.

«Үлкен» бөлмеде аналар…

Қалай жан бағып жүрмін, онымен шаруам жоқ!

Есіл-дертім – Елбасының мойнын бері бұрып, құрдымға кетіп бара жатқан Ұлы  көшті  арнасына  қайта  салу…

Арада екі-үш күн өтті.

Мақаланың қаңқасын бітіріп, өңдеп, жақсылап тұрып түздықтап жатқан  кезім  болатын.

Ераға өзі телефон соқты.

– Ауытжан, хал қалай?

– Ассалаумағалайкүм, Ераға!

– Мақалаңды жазып болдың ба?

– Негізі болып қалды. Үстінен бір қарап шығуым керек. Ераға, бірақ көлемі  сәл  ұзарып  кетті…

– Ауытжан, мақалаң жақсы болса, көлемнен қорықпа! Газеттің беті жетеді. Қандастардан аяйтын ештеңеміз жоқ! Тек, басқа біреуге беріп қойма! Бірден өзіме жібер, жарай ма?!

Қу ішім сезіп тұр, Ераға «Abai.kz»-ке беріп қоя ма деп, алаңдап тұрған  секілді.

Жоқ, бұл жолы бұл мақаламды сөзсіз «ДАТ»-қа бастырам. «ДАТ» – жұрт іздеп жүріп оқитын, таралымы өте көп, даңқты газет. Оның үстіне, мен ұлттың тағдырын шешетін, Құлыбаев пен Мәсімовтің жолын кесе­тін тарихи маңызға ие мақала жазып жатырмын. Ол тасқа басылып, тарихта  қалуы  керек!

– Жарайды, Ераға! Жазып бола салып, өзіңізге  жіберем…

Шамасы, төрт күннің ішінде мақала жазылып болды. Тәуелсіздік мерекесі өтіп, қайтадан жұмысқа шықтық.

Құстай ұшып кітапханаға жеттім. Әлі есімде, сәрсенбі күні болатын. «Я, Бисмилляхи Рахмани Рахим! Бір Алла, өзің қолдай көр!» деп, дәл сағат онның мөлшерінде лықсыған он алты беттен тұратын «Нағашыма хат»-ты «ДАТ»-қа жібердім де, Ерағама телефон шалып, ескертіп қойдым.

Қолым жұмысқа бармайды. Сенделіп, ары жүрдім, бері жүрдім. Түс болды. Түс ауды. Ерағам жақтан еш хабар  жоқ….

Ақыры шыдамым таусылып, түс­тен кейінгі сағат бестен өте бергенде өзім  телефон  соқтым.

– Ераға,  ассалаумағалайкүм!

– Әликісалам, Ауытжан! Мақалаң, бұйырса, ертеңгі номерге кетіп барады. Бір әрпін қысқартқам жоқ. Тұп-тура төрт бет болды. Сенесің бе, оқып отырып, үш жерінде көзіме жас алдым. Анау нағашыңның бұған жүрегі  жібімесе,  білмеймін  енді…

– О, Ераға, Құдай  тілеуіңізді  берсін! Аға, маған бір оншақты газет беріп  жібересіз  бе?

– Оншақтың не, елу газет жіберем. Негізгі басшылардың бәріне тарат!

Қарасам,  иегім кемсеңдеп, көзі­ме жас тығылып, дауысым дірілдеп бара­ды  екен.

– Жарайды, Ераға, рақмет Сізге…

Осы сөзді тістеніп тұрып зорға айттым да, телефонды өшірдім. Бөлмемнің есігін жауып алып, ал келіп жыла! Өкіріп тұрып, екі бүйі­рім солқылдап тұрып, бір жыладым дейсің! Әкем Мұқибек өлгенде де мұндай жыламаған шығармын. Қыс­тығып, пора-пора болып  жыладым-ау  бір…

Шамасы,  бір сағат өткен болса керек. Өзімді зорға жұбатып, солы­ғымды басып, үйге ілбіп, әрең жеттім.

Екі көзім білеудей болып кетсе керек, Гүлбаян  шошып  кетті.

Болған қуанышты жағдайды баян­дап, жылағанымды айтып, күлдім.

Бұл енді қуаныштың күлкісі болатын…

Ертесінен бастап, тұс-тұстан толас­сыз телефондар келе бастады. Бәрі «Нағашыма хат»-ты оқығанын айтып, алқалап жатыр. «Байқашы!» деп, жаны ашығандар да болды. Көп кешікпей, Ерағамнан елу газет те келіп  жетті.

Сол кездегі  Президент  Кеңсесі­нің басшысы, қазақтың ардақты ұлы Махмұд Қасымбеков  ағамыздың атына  аталған «Ашық хатты» Елба­сына жеткізіп беруді өтініп, сы­пайы­лап  хат  жазып, дайындап қойғам.

Газеттің бір нұсқасын қосып, сол хатты Ақордаға пошта қызметі арқылы салдым да жібердім.

Бір апта өткен жоқ, Ақордадан телефон  соқты.

Өзін «Әбдімүтәл Әлібеков» деп таныстырған ағамыз Махмұд Базар­құлұлының тапсырмасымен хабар­ласып тұрғанын, Махаңның «Нағашыма хат»-ты Елбасына жеткізгенін, оны Нұрсұлтан Әбішұлының  оқығанын  жеткізді.

– Әбдімүтәл аға, жақсы хабарыңыз  үшін Сізге үлкен рақмет! Сонда, Елбасы менің «ДАТ»-қа басылған «Нағашыма хат» деген «Ашық   хатымды»  оқыды  ма?

– Иә, Елбасы оқыды. Соны Сізге айтайын деп, телефон шалып тұрмын ғой. Махмұд Базарқұлұлы алып кіріп, оқытты…

– Енді  ары  қарай  не  болады?!

– Оны айта алмаймын, Ауыт Мұқибекұлы. Маған тек хатыңызды Елбасының оқығанын жеткізуді ғана тапсырған. Одан артық ештеңе айта алмаймын…

– Әбдімүтәл аға, осыған да Құдайға тәубе! Сізге көп рақмет! Махмұд ағамызға менен сәлем айтыңыз, ол кісіге де алғысым шексіз!

– Рақмет Сізге де! Міндетті түрде айтам! Сау болыңыз!

А, Құдай!

«Нағашыма хат» нағашыма жетті!

Дереу Ермұрат Бапиға телефон соқтым.

Сүйінші сұрап, болған жағдайды қуана-қуана жеткіздім.

– Ауытжан, өте жақсы болған екен. Сен қандастарыңның алдындағы азаматтық парызыңды өтедің. Енді бәрі жақсы болады. Құтты болсын!

– Ераға-оу, Сізге рақмет! Сіз де ұлтыңыздың алдындағы жігіттік міндетіңізді тағы бір мәрте артығымен орындадыңыз!  Сізге  ризамын!

– Ауытжан, рақмет! Аман бо­лайық!

Енді Дәурен Қуат досыма телефон соғып, болған жағдайды тағы қайталап, одан  да  сүйінші  сұрадым.

– Әуке, керемет болған екен! Құттықтаймын! Былай істейік, «Нағашыма хат» нағашымның қолына тиіпті…» деген атпен дереу бір сұхбат  жасап  жіберейік…

Ол сұхбатты да жасап, «Abai.kz» порталына  жарияладық…

Мен Ерағамның сол қамқорлығы мен Дәурен Қуаттың сол ұшқырлығына  әлі  тамсанумен  келемін.

Күндер өтіп жатты. Жаңа жылды өте көңілді өткіздік.

Ақпан айының басында тағы да Ақордадан телефон соқты. Жаңылмасам, Серік Сағынов деген жігіт хабарласып, Президент Кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбеков ағамыздың  қабылдайтынын  айтты.

12 ақпанда Ақордаға Махмұд Базар­құлұлының қабылдауына бардым.

Махаң маған «Нағашыма хатты» Нұрсұлтан Әбішұлының түгел оқығанын әдемілеп тұрып айтып берді. Ең кереметі, Елбасының төрт жылсыз азаматтық берілмейтін етіп қабылданған былтырғы қатаң заңды қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Сосын, өзіме алғысын айтып, керемет қолтаңбасы жазылған Елбасы туралы кітабын сыйлады!

Сүйінші сұраудың көкесі енді басталды.

Қуанғаным соншалық, мына жаңалықты айтып, өзім танитын қазақ­қа түгел қоңырау шалған шы­ғармын!

Көп уақыт өткен жоқ, бес ай, жиырма төрт күн өткенде, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Көші-қон үрдісін реттеуге арналған заң жобасын қайта қарау, қандастарымызға азаматтықты төрт жыл емес, бұрынғы жеңілдетілген тәртіппен үш айдың ішінде беру туралы тарихи шешім қабылдап, жарлық шығарды.

Арада бір жыл өте шықты.

2015 жылдың басынан бастап, Мәжілісте Көші-қон үрдісін реттеуге арналған заң жобасы қайта қаралды.

Гүлнар Сүлейменқызы Сейтма­ғанбетова әпкем басқарған жұмыс тобына бастан аяқ қатысып, көп ұсыныс бердім. Талқылау тоғыз айға созылды.

Жұмыс тобы барын салды.

Азаматтық беру тәртібі баяғы қалпына келумен бірге, аталған заңға тағы да бірқыдыру елеулі толық­тырулар мен өзгертулер енгізілді…

Сөйтіп, Ерағаң екеуміз Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовті ойсы­рата жеңіп, Ұлы көшке екінші беттеместай  қылған  болатынбыз!

Сөйтсек, мәселе өте күрделі екен. Бәрін кейін – сол заң жобасы Мәжілісте талқыланып жатқан кезде білдік қой, жағдай былай болыпты.

Тимур Құлыбаевтың Жаңаөзен мұнайшыларының ереуілін ұйым­дастырған «Оралмандар» деп, ашық эфирден  айтқаны  белгілі.

Сол Құлыбаевтың жаласынан кейін Ұлы көшті тоқтатудың шаруасы  басталған.

Қатаңдатылған Заң жобасы Парламентке келгенде, оған біраз сенатордың қарсы шыққанын да теле­арнадан  көрдік.

Сөйтсек, Үкіметбасы Кәрім Мәсімов сегіз беттен тұратын «Оралмандар» туралы қаралау хатын жазып, заңды қатаңдату туралы Елбасына ұсыныс жасаған және ол ұсынысын Нұрсұлтан Әбішұлына мақұлдатып алған. Елбасы Мәсімовтың ұсынысына «Келісемін!» деп, бұрыштама жазып, қолын  қойып  берген.

Мәжілістің  де біраз депутаты қатаң заңға қарсы дауыс беруге да­йындалып жатқанда, Кәрім Мәсімовтың зіңгіттей-зіңгіттей екі жігіті Парламент үйіне келіп, манағы Елбасы келісім берген Мәсімовтің ұсынысын оларға көрсетіп, кәдімгідей қысым жасаған. Қолдап дауыс бермесе, басқаша болатынын айтып қорқытқан…

Содан Мәжілістің ол депутаттары да амалсыздан төрт жылсыз азаматтық берілмейтін қатаң заңды қолдап, дауыс  беруге  бәжбүр  болған.

Бұл туралы мені жеке-жеке шақырып алып, сол кездегі депутат Алдан Смайыл аға мен Гүлнар Сейтмағанбетова апайым айтып берді.

Дәл осындай ақпаратты маған қазақ­тың көрнекті ақыны, сол кездегі Мемлекеттік хатшының көмекшісі Өтеген Оралбаев ағамыз да айтты…

Құдай  қолдап, «Нағашыма хатты»  оқыған соң, Нұрсұлтан Әбішұлы бірден есін жиып, ана екеуге сеніп, дұрыс  шешім   шығармағанын білген.

Айта көрмеңіз, ол – Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтің айы оңынан  туып  тұрған  бір  кез  еді  ғой.

Заманбек Нұрқаділов пен Алтын­бек Сәрсенбаев оққа ұшып, әй дейтін «әже» мен қой дейтін «қожадан» құтылған; Жаңаөзен ереуілшілерін қанға бөктірген; «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы» туралы заңды қабылдатып алып, енді шеттен ағылып жатқан Ұлы көшті тоқтатуға көшкен-­тұғын.

Қысқасы, екеудің Құдай емес, Құдайдан былай да емес болып, екі иіндерінен дем алып тұрған шағы!

Соған қарамастан, біз Ермұрат Бапи ағамыз екеуміз жалғыз қол, жалаң  қылыш – «ДАТ»-пен арыстан­дай айбатты Кәрім Мәсімов пен әлемдік деңгейдегі алпауыт Тимур Құлыбаевтың ауыздарын аңқитып, мұрындарын саңқитып, бастарын төменге тығып тұрып, осылай жеңгенбіз!

Дау жоқ, Нұрсұлтан Назарбаев қызметінің басын өте жақсы бастады. Бірақ, отызжылдық президенттік мерзімінің соңғы жарымында барлық салада қателік жіберді. Менің ойымша, оны осындай күйге түсірген өзінің айналасындағы ат төбеліндей топ. Ол топтың басты атамандары – Тимур Құлыбаев пен Кәрім  Мәсімов!

Шын мәнінде, біз бұл екеуді жеңіп қана қойған жоқпыз, Тұңғыш Президентті де тағы бір былыққа батып бара жатқан жерінен құтқарып қалдық.

Басқасын білмеймін, қазіргі таңда да, болашақта да Ұлы көшке мүдделі қауымның алдында Нұрсұлтан Назарбаев еңбегі зор, беті жарық тұлға ретінде қала береді!

Біз Нұрағаның шекара сыртында қалған қазақтар үшін жасаған тарихи шешімдері мен зор қамқорлығын өмірі ұмытпаймыз! Үнемі осылай сағынышпен еске алып, дәріптеп отырамыз!

Одан бері де, міне, оншақты жыл өтіпті.

Ал, ана екеуге келсек, өз басым олармен болған тіке күресім осымен аяқталды  деп  жүргенмін.

Жоқ, әлі аяқталмапты!

Енді бұлардың узурпациясының тамырын қырқу керек болды.

Сол мәселені көтеру, ары қарай жалғастыру миссиясын тағдыр менің маңдайыма  жазған  секілді.

Міне, сол күресті бастадым.

Олардың көмескі жолмен мемлекетті билеу және бар  байлықты тонау  үшін  құрған  схемасының  сырын   ашып,  өткен  жылы  «Қазақ­стан – узурпацияланған мемлекет» деген көлемді мақала жазғам. Биыл «Ераға, бұл – «Жаңа  узурупация»!»  деген  атпен  Ермұрат Бапи ағамыздың атына жазылған «Ашық хатпен» сол  күресті  қайта  жалғадым.

Бүкіл дүниежүзі біледі, бұл екеуі оңай  адамдар  емес!

Шынымды айтсам, мен Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтың білімі  мен  айласына  таң  қалдым!

Нақтылап айтсам, бұл екі жігітке қол  қойдым!

Конституцияның 5-бабының кө­зін бақырайтып қойып, қоғамдық бірлестікке немесе коммерциялық емес ұйымға арнаулы заңмен ерекше құқықтар мен құзыреттер бергізіп, сол арқылы атқарушы билік пен заң шығарушы және құқық қорғау орган­дарын қуыршаққа айналдырып қойып, Жерінің асты мен үсті қымбат бағалы табиғи байлыққа лықсып тұрған бүтін бір алып мемлекетті «көмескі» жолмен ұршықша иіріп уысында ұстау, сөйтіп аз ғана уақыттың ішінде мемлекет байлығының тең жарымын өздерінің қалталарына басу – бұл  жай  нәрсе  емес!

Бәрі жан-жақтылы қарастыры­лып, мұқият зерделеніп, асқан шеберлікпен өте сауатты жасалған.

Былай қарағанда, кәсіпкерлердің мүддесін қорғап, жарылқап жатқандай  көрінеді.

Ал, іс жүзінде нағыз узурпация! Және оның, Ермұрат Бапи ағамыз айтқандай, классикалық түрі емес, жаңа  формасы…

Таң  қалатын  жағдай!

Бүкіл  ұлт болып, мемлекет болып ойланатын  мәселе!

Біздің Ерекең – Ерлан Қарин өзі бас болып, 2022 жылғы «Саяси рефор­маның» жобасын жасаған кезде: «Осы Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов өрмекшінің торындай етіп аса шеберлікпен жасаған мемлекетті тонау схемасына біздің мына жасап жатқан Конституциялық реформамыз төтеп бере ала ма, жоқ па?!?» дегенді бір ойланып көрді ме екен деші?!

Егер, бұл екеу – Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов осы білімі мен айласын анадай арамдыққа емес, халқы мен мемлекетіне адалдықпен жұмсағанда, біздің Қазақстан, Тұң­ғыш Президент Нұрсұлтан Назар­баев айтқандай, баяғыда Азияның барысы болып ақырып тұрады екен…

Сонымен, белді бекем буып, енді екеудің узурпациясына қарсы күрес­ті  бастадық!

Мақсат – «Қазақстан Респуб­ли­касының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңының күшін жо­йып, қолданыстағы барлық заң мен нормативтік құжаттарды Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан залалсыз­дандыру!

Сөйтіп, Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімовтің узурпациясын талқандау!

Мен «Ашық хатты» Ерағаңның атына бостан-босқа жазған жоқпын!

Бұл жолғы сүйенерім де – бірінші Құдай, екінші тағы да Ермұрат Бапи!

Құдайға шүкір, қазір Кәрім Мәсімов  түрмеде  отыр.

Тимур  Құлыбаев  «Атамекен»  ҚР ҰКП-дағы басшылық қызметінен шеттетіліп, активтерін мемлекетке қайтару  үстінде.

Екеуінің де басынан бағы тайған…

Керісінше, Ермұрат Бапи – бүгін­де арыстандай ақырған депутат. «ДАТ»-тың дауысы бәсең тартқанымен, Ерағаңның екпіні үдемесе, кеміген  жоқ!

Ермұрат  Бапиды  Алаш  жұрты  өте жақсы біледі. Ол саналы ғұмырын­ың  отыз жылға жуығын ескі билікпен – әділетсіздікпен күресуге арнады. Жай күрескен жоқ, арыстанша айқасты, жолбарысша жұлқысты. Сөйтіп, шын мәніндегі Қазақ оппозиция серкесіне айналды. «Қасіретті қаңтар» көтерілісі бәрін Ерекеңдердің  пайдасына  шешті.

Ерекең бүгін де жалғыз емес! Айнала­сы толған өзі секілді күрескер тұлғалар!

Еділ Жаңбыршин, Самат Мұса­баев, Марат Башимов, Ерболат Сатыбалдин, Қазыбек Иса, Мұрат Әбенов, Бақытжан Базарбек, Абзал Құспан, Ерлан Саиров, Әділ Жұбанов, Елнұр Бейсембаев, Аманжол Әлтай бастаған жасамыстар мен Асхат Аймағамбетов, Ринат Зайыт, Болат Керімбек, Анас Баққо­жаев, Жанарбек Әшімжанов, Мақсат Толық­бай, Нартай Сәрсенғалиев секілді  жас  перілер.

Шетінен сен тұр, мен атайындардың өзі!

Қай-қайсы да ана екеуді түтіп жеу­ге  дайын  қасқырлар!

Бірақ, олар қалай тұқыртудың жолын біліңкіремей, оқтарын сана­лы-санасыз түрде далаға атумен, босқа  арамтер  болумен  келеді.

Міне, екеуді тұқыртудың бірден-­бір жолы – «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңының күшін жойып, қолданыстағы барлық заң мен нормативтік құжаттарды Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан залалсыздан­дыру!

Аталған заңның көзі жойылса, біткен ескі биліктің тамыры қиылады!

Әрине, бұл үшін саяси шешім керек!

Үкіметке саяси шешім қабылдату үшін, Ерағаң бастаған депутаттардың  бастамасы  қажет!

Бір сөзбен айтқанда, «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңының күшін жойып, қолданыстағы заңдар мен нормативтік құжаттарды Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан залалсыз­дандыру – кезек күттірмейтін аса маңызды  мәселе.

Оны ешқашан келесі буынның еншісіне қалдыруға болмайды!

Мен елімізді ондаған жылдар бойы орасан зор дағдарысқа ұшырат­қан осынау күрделі саяси мәселенің «Әділетті Қазақстанның» Ерағам төрінде отырған бірінші шақырылым депутаттарының қолымен шешілгенін  қалаймын!

Отыз жылға жуық әділетсіздікпен ымырасыз күрескен Ермұрат Бапи және оның мен атын атаған саптас­тары Құлыбаев пен Мәсімов орнатып кеткен узурпацияның талқан­далуына ықпал еткен депутат ретінде тарихта  қалуы  керек!

Бұрын да жеңгенбіз! Құдай бұйыр­са, тағы да жеңеміз!

Ауыт  МҰҚИБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: