Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Блогерлер салық төлейді

13.07.2023, 11:45 313

HALYQLINE.KZ

Ресми дерек бойынша Қазақстанда 13 млн 800 мың адам, яғни қазақстандықтардың 70 пайыздан астамы әлеуметтік желіні пайдаланады. Соның ішінде қазір блогерлер әлеуметтік желіге қалағанын жазып, айтып, жариялап, жұртты желіктіріп жүргені рас. Әлеуметтік желілерді тобырдың туы салтанат құрған әлем деп те атауға болады. Себебі, блогердің кәсіби этикасы, нақты құқықтары мен міндеттері ешқандай заңнамада анық жазылмаған. Сондықтан елді адастырып, ақпаратты бұрамалайтын блогерді қандай да бір жауапкершілікке тарту қиынның қиыны. Өткенде Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев осы мәселені көтеріп, қоғамның назарын аударғанын білеміз. Ал жуырда Мәжіліс блогерді салық төлеуге міндеттейтін «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама» туралы заң жобасын Сенатқа жолдаған еді. Ал апта басында мемлекет басшысы Қ.Тоқаев аталған заңға қол қойды.

Блогерлер  ойына  келгенін  істеп  жүр

«Қазір өзін блогермін деп жүргендердің дені – ақпараттың рас-өтірігін тексермей, оңай жолмен баю мақсатында кез келген адамға жала жабудан тайынбайтын, бопсалап ақша табатын, атаққұмар, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін сауатсыз адамдар. Өзін блогер санап жүргендердің басым бөлігі, шын мəнінде, блогтың не екенін түсініп жүр деп айта алмаймыз. Көпшілігі ел алдындағы беделін, атақ-дəрежесін пайдаланып, халыққа көмек жасап жатқандай сыңай танытып, əлеуметтік желілерде түрлі «хайп» ұйымдастырып əлек. Дəл осы блогерлер талай жылдан бері ұмыт болған қаржылық пирамиданың жандануына да себеп болғанын бəріміз жақсы білеміз. Сол алаяқтарға сеніп қалған қаншама адам суицид жасады, қаншауы денсаулығынан айырылды, тағы қаншамасы үйсіз-күйсіз қалып, қаңғырып кетті?! Олардың обалы кімге? Елде болып жатқан түрлі əлеуметтік жағдайларды өз ыңғайына бұрмалап, оған ұлтаралық рең беріп, елге жалған ақпарат таратқан блогерлердің де ісі майшаммен қаралуы керек еді. Расталмаған қауесеттің əлеуметтік желі арқылы тез тарауынан Қордай оқиғасының немен аяқталғаны бəріңізге мəлім. Жеке азаматтардың ішкен-жегенін, киген киіміне дейін аңдып, қоғамда кибербуллинг жасап жүрген блогерлер тобы тағы бар. Өкінішке қарай, өмірге деген көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан жастарымыз осы блогерлерге еліктеп, жатыпішерлікке əуестеніп барады, олар ұлтымызға жат мəдениет пен теріс идеологияны бойына сіңіріп жатыр. Сондай-ақ, осы блогерлердің сөзіне сеніп, шетелге күңдікке түскен қыздарымыз қаншама?! Біз қысқа ғана уақыт ішінде сөзі мен ісіне жауап бере алмайтын блогерлердің отанына айналып кеткендейміз. Бұл – қоғам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті құбылыс. Ал, мұның бəрі – біздегі заңнамада блогер мəртебесі айқындалмағаннан. Жауапкершіліктің жоқ екенін сезінген мұндай адамдар əрине, ойына келгенін істейді» деді А.Баққожаев Үкімет басшысы мен Бас Прокурордың атына жолдаған депутаттық сауалында.

Заң  жобасының  мақсаты  не?

Мәжіліс депутаттары 7 маусымда өткен жалпы отырыста «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.

«Заң жобасының басты мақсаты – онлайн-платформа және онлайн-жарнама мәселелерін құқықтық реттеу. Заң жобасы онлайн-платформалардың жұмысын Қазақстан Республикасының заң аясында жүйелендіріп, әлеуметтік желі қолданушыларды еліміздің әлеуметтік-экономикалық айналымына енгізе отырып, осы саланы мемлекеттік реттеудің негіздерін қалыптастырады. Заңның міндеті – әлеуметтік желіде болып жататын буллинг, азаматтарды қорлау тәрізді келеңсіз фактілерден, қаржы пирамидаларынан Қазақстанның азаматтарын қорғай отырып, елімізде саяси сепаратизм мен экстремизмнің алдын алу. Аталған Заң жобасының басты новеллалары онлайн платформаларды реттеудің халықаралық стандарттарына сәйкес келеді» деп түсіндірді заң жобасының мақсатын депутат Ерлан Саиров.

Заңды талқылау барысында жұмыс тобына Мәжіліс депутаттарымен қатар мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылар қауымдастығы өкілдері, әлеуметтік желіні қолданушылар кірді.

Жарнаманы  арнайы  белгімен  таңбалайды

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов Қазақстанда интернеттегі жарнамалық контентті арнайы белгімен таңбалау міндеттелуі мүмкін екенін айтады. «Заң жобасының новеллалары мынадай. Біріншіден, тұжырымдамалық ақпаратты өзектендіру. Бұл жерде әлеуметтік желілердің субъектілеріне және сол саладағы бірнеше терминге нақты анықтамалар, түсініктемелер беріледі. Екіншіден, онлайн платформа иелеріне қойылатын талаптарды қарастыру. Яғни, қазақ тіліндегі контентті модерациялау, монетизациялау, интерфейсті қазақ тіліне аудару мәселелері. Үшіншіден, интернеттегі жарнама саласын экономикалық тұрғыда қарастыру. Төртіншіден, мазмұнға қойылатын талаптар. Енді бұл заң жобасы бірінші кезекте қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарын толыққанды іске асыруға онлайн платформалардағы тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз етуге өз ықпалын береді деп санаймыз. Сондай-ақ, жарнама контентін орналастыратын пайдаланушылардың жарнаманы таңбалау қажеттілігіне ерекше мән беріледі» деді ол.

Қайнар Ахетов онлайн жарнаманы реттеу саласындағы шетелдің үздік тәжірибесіне тоқталды. «Қазіргі таңда халықаралық тәжірибедегі бір-екі мәселені атап өтейін. Мысалы, Германияда 2018 жылы қабылданған заң бойынша 2 миллионнан астам жазылушысы бар медиа платформа зиянды ақпаратты жоюға міндеттелген. 2022 жылдың 23 сәуірінде Еуроодаққа қатысушы елдер қабылдаған заңнама бойынша шағым беру, өтініштерді қарау, контентті модерациялау және онлайн жарнама тетіктеріне көзделген әлеуметтік желілер алгоритмдерін белгілеу көзделген» деп түсіндірді ол.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: