Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бізде ұлтшылдық бар, намыс жоқ

08.12.2020, 9:15 459

HALYQLINE.KZ

Зиялы қауым, оның ішінде жазушылар баласымен, немересімен өзі өлең-әңгіме жазған ана тілінде сөйлеспейді. Қазақ әдебиетіне қызмет еткен ақын-жазушылардың 90 пайызы – кезінде кеңес үкіметіне адал қызмет етті. Сіз мынаны түсініңіз, баяғыда Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев сияқты арыстарымыз өтті өмірден. Олар бірінші ағым болатын. Ал кеңес үкіметі орнаған соң Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов сияқты екінші ағым пайда болды. Осы екінші ағымдағылар кеңес билігі кезінде қатты күшейді. Алашордашылар атылды. Кеңестік қаламгер қауым қызыл үкіметті, коммунистік партияны мақтады, жырға қосты. Ал алаш қайраткерлері кеңес үкіметімен араз болды. Мысалы, бертінде өмір сүрген Жұмекен Нәжімеденовті мен алаш қайраткерлерінің қатарына кіргізе аламын. Өйткені оның коммунистік партияны мақтаған бірде-бір өлеңі жоқ. Ал басқа ақын-жазушылар Кеңес одағына қызмет етті. Мысалы, марқұм Тұманбай Молдағалиев партия, Брежнев туралы өлең жазған. Басқалары да сондай жағдайда еді. Мұхтар Мағауин сияқты бірен-саран шынайы зиялылар да болды. Әбіш Кекілбаев сияқты партияға қызмет етсе де, қазақтың рухани байлығы үшін қалам суытпаған жазушылар бар. Ең өкініштісі, қазақ әдебиетінің өкілі саналатын қаламгерлер түгел дерліктей балаларын орысша оқытты. Партияны мақтап өлең, әңгіме жазды. Оларды зиялы қауым деп айтудың өзі қате. Кеңестік жүйеге жұмыс істеген адамды қалай зиялы қауым дейсіз? Қазір солардың бәрі шал. Кімнен үлгі-өнеге аласың? Бауыржан Момышұлы сияқты ісі мен сөзі ұлтқа үлгі болған бір-екі адам ғана болды. Қазаққа үлгі болатын ақсақалдардың көбі ауылда еді. Ал Алматы жағалаған ақын-жазушылардың көбі Кеңес одағын жырлады. Олар қалай ақсақал болсын? Ақсақал енді туады. 35 пен 45 жас аралығындағы жастардан ел ағасы, біраз жылдан кейін нағыз ақсақалдар шығады. 55-тен асқан, 60-70 жастағы шалдарды қараңызшы! Біреуі бата бере алмайды. Ол қандай ақсақал? Ақсақалдық қасиет те жоқ олардың бойында. Қазіргі ақсақал болып жүргендер – бұрынғы өмірін жасырып, Кеңес одағына қызмет еткенін мақтанышпен айтып, жастардың алдында көпті көргендей кісімсіп жүргендер.

Қазіргі академиктердің 90 пайызының балалары қазақша білмейді. Білгісі де келмейді. Тіпті өзінің тілін білмейтініне намыстанбайды. Жалпы бізде ұлтшылдық бар, намыс жоқ. Ұлтшылдар көп: анау да, мынау да ұлтшыл. Бірақ бәрінің қасіреті біреу, яғни намыссыз. Намыс деген – тілің, Отаның, дінің. Намыс – ұлтың үшін жан беру.

Ғарифолла ЕСІМ,

профессор,

Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі.

«Жас  қазақ» газетіне берген сұхбатынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: