Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білім алушылар 800 мың теңге грант жеңіп алды

12.05.2022, 11:45 538

«CHEVRON» компаниясы ұйымдастырған «Sustainability Living Lab» жобалар сайысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері Темірлан Абжанов пен Ислам Жауынбай жеңімпаз атанды. Байқауда білім алушылар «Bike Parking» жобасын таныстырып, 800 мың теңге грант иеленді.

– «Bike Parking» – университетіміздің оқу ғимаратының алдында вело-тұрақтарды қоюға бағытталған жоба. Бүгінде қалада велосипед айдайтын жастар көбейді, бірақ көліктің бұл түрін қауіпсіз орналастыру үлкен мәселе болатынын байқадық. Осы фактордың әсерінен денсаулыққа пайдалы, қоршаған ортаға зиянсыз транспорт түрін қолданудан бас тартатындар бар.

Біз «Sustainability Living Lab» конкурсына қатысу арқылы университет инфрақұрылымының дамуына өз үлесімізді қосуды мақсат еттік. Алдағы уақытта университет ғимараттарының алдына 8 велотұрақ орналастыратын боламыз. Жоба студенттер арасында салауатты өмір салтын насихаттап, экологиялық тазалықты сақтауға септігін тигізеді, – деді Темірлан Абжанов.

Конкурстың шарты бойынша оқу орындарының кампусын дамытуға арналған 100-ден астам жоба келіп түсті. Соның ішінде 16 жоба үздік деп танылып, арнайы грант бөлінді.

Айта кету керек, студенттер Темірлан Абжанов пен Ислам Жауынбай Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі «Business Start» инкубаторының резиденттері. Қазіргі уақытта жастар кәсіпкерлігі орталығында 40 студент тіркелген. Оқу орны тарапынан жас кәсіпкерлерге тиімді түрде жұмыс орны беріліп, жобаларына инвестор тарту бойынша қолдау көрсетіліп келеді.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: