Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Батырдың батасы

12.10.2020, 16:50 475 0

HALYQLINE.KZ

Аудан орталығында Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, І, ІІ дәрежелі «Даңқ», өзге де көптеген орден-медальдардың иегері, Мәскеуде өткен соғыстан кейінгі «Жеңіс» парадына қатысқан ержүрек қазақ, зеңбірек расчетының командирі Шамша Бисембаев атындағы іргелі көше (суретте) бар. Жаңылмасам, Шамша көкеміздің есімі Совет Одағының батыры, генерал Плиевтың кітабында айтылып, қайсар қазақтың ерлік жолына тоқталып өтеді. Естуімізше, Шәкең ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденіне де ұсынылыпты. Алайда аталмыш награда қолына тигенше, соғыс аяқталып, батальоны тарап кеткенге ұқсайды. «Даңқ» орденінің толық иегерлері «Совет Одағының батыры» деген атақпен тең дегенді бір жерден оқыған едім. Оған қоса, «Жеңіс» парадына қатысуға майдан даласында асқан ерлік жасаған сайыпқырандар іріктеліп алынғаны тарихтан мәлім.

Өз басым Шамша ағамен әріптес болғанымды, қолына су құйып, батасын алғанымды әрдайым мақтаныш тұтамын.

1982 жыл. Ол кезде Жанқожа батыр (сол тұстағы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхоз) ауылында тұратынбыз. Аудан орталығына бір келгенімде Мәдениет үйінде соғыс ардагерлерімен өткен кездесуге қатыстым. Үлкен залдың іші адамға лық толды. Төрдегі ұзын столда Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы (кім екені есімде қалмапты) мен кеудесі орденге толы сұсты кісі отырды. Сол жүздесуде майдангер көкеміз айтқан аңызға бергісіз әңгімесі мен бет-бейнесі есімде мықтап сақталып қалды.

Арада екі айға жуық уақыт өтті. Мен Қазалы аудандық құрылыс бөлімінің бастығы марқұм Алдаш Қошқарбаевтың берген жолдамасы, совхоз директоры Шынтас Жалғасбаевтың бұйрығымен өзімнің ауылым, Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхоздың құрылыс бөліміне қойма меңгерушісі болып жұмысқа тұрдым. Әрі кеңшардың аудан орталығындағы шаруашылық ауласының (хоз двор) құрылыс заттарына да жауаптымын.

Қарауылымыз жасы егде кісі болатын. Менің қарамағымда жұмыс істейтін ортаншы ұлы өзіммен түйдей құрдас. Өзіңіз ойлап көріңізші?! Жиырмаға енді қадам басқан маған жастары әкемнен сәл ғана кіші бағыныштыларымды жұмсау оңайға соқпағанын түсініп отырған шығарсыз. Алайда марқұм Кеулімжай көке мен әйелі Фатима апай мені баласынған жоқ.

Жұмысқа қосылғаныма бірнеше күн өткенде кабинетіме екі үлкен кісі іздеп келді. Екеуі де ірі тұлғалы, сұсты жүзді адамдар екен. Әсіресе, қараторы өңдісі нағыз алыптың өзі. Орнымнан ұшып тұрып, қос қолымды ұсынып, сәлем бердім. Өзімше бойшаң, тұлғалымын деп ойлаушы едім. Әлгі дәудің жанында ойын баласындай болып көріндім. Саусақтарымды құшырлана қысқанда бақырып жіберуге сәл қалдым. Ал екіншісінің отты жанарына тіке қарауға адам жасқанады. Таныстық. Дәу Жаңақұрылыс совхозының хоздворының зав склады Бақыт Сәңкібаев, қасындағы кісі Түктібаев ауылының зав склады Көшен Жұбанғанов атты ағаларымыз екен. Жаңақұрылыс совхозы ол тұста Қазалы ауданына қарасты болатын.

Амандық-саулықтан соң Көшен ағам қадала қарап тұрып «Батырға сәлем беріп, батасын ал!» деп бұйырды. Батырдың кім екенін білмесем де үнсіз басымды изедім. Жақ ашуға шама қайда?! Жаңа таныстарыма еріп, теміржолдың қарсы бетіндегі жұмыртқадай қылып әктелген аппақ үйге келдім. Жанымдағы серіктерім есікті қағып, кіруге рұқсат сұрады. Көкелерімнің ізін ала табалдырықтан аттадым. Мәссаған! Шағын бөлменің дәл ортасындағы үстелде мұнан екі ай бұрын Мәдениет үйіндегі кездесуде көрген соғыс ардагері аға отыр… Артқы жағындағы қабырғада кеудесінде Совет одағының батыры белгісінің Алтын жұлдызы жарқыраған генерал екеуінің бірге түскен суреті ілулі тұр. Мен өзімді түс көріп жатқандай сезіндім. Қасымдағы көкелерім мені таныстырып, мән-жайды түсіндірді. Шамша ағамның сұсты жүзі жылып, ақ тілегін білдіріп, батасын берді. Менің ҰОС ардагері әкемді жақсы танитынын айтқанда, төбем көкке жеткендей масаттандым.

Батырдың дуалы аузынан шыққан батасы қабыл болған шығар, сол қызметті тура 20 жыл атқардым. Тіл-көзден сақтасын, ешқандай абыройсыздық болған емес. Міне, үлкендіктің шыңы!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: