Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауыл болсаң, қауым бол…

02.10.2024, 8:50 165

HALYQLINE.KZ

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары елді нарық жайлап, қалада өнеркәсіп тоқтап, ауылда совхоздар тарап, көрінген адам күнкөрістің құлы болып, «балапан басына,тұрымтай тұсына» кеткен бір уақыт болды. Айлап зейнетақы мен айлық кешіктірілді. Осындай өтпелі қиын кездері елдің ауызбіршілігін сақтап қалу ауылдың басшылары мен ардагер ағаларына сын болды.

Сол уақыттары ауылдағы клуб, кітапхана, басқа да әлеуметтік мекемелерді бюджеттің есебінен ұстап тұру мүмкін болмайтын жағдайға келді. Уақытша болса да қызметкерлерге шаруашылықтың есебінен күріш, ұн беріп, ұстап тұруға тура келді. Шаруашылықтар жекешелендіріліп, жер үлесіне байланысты ұсақ шаруашылықтар пайда бола бастады. Бұл бөлініс қолына бір-бір папка ұстаған жаңа қазаққа ұқсаған азаматтарға ішінара пайдасы болғанымен, ауылдағы нарыққа бейімделе қоймаған қарапайым егінші, малшы шаруа адамдарға тиімсіз болды. Оны шаруашылықтағы айтыс-тартыс көбейіп, ауылдың да мазасы кете бастады. Адамдар қиналғанда арқа сүйеп баратын, елдің жауапкершілігін көтеретін ауыл округіндегі «Қалжан ахун» шаруашылығын ұсақталып кетуден сақтап қалу мәселесі бірінші кезекте тұрды. Бұл мәселені шешуге ауыл активі мен Баку Күшікбаев аға бастаған ардагерлердің еңбегі зор болды.

Осы күндері жиі еститін ауылдардағы жер бөлісі, төрағалыққа таласу оқиғалары кезінде біздің ауылда да болып өткен. Шаруа ушығып бара жатқан соң Бәкең бір малын сойып, ауылдың игі жақсыларын және бөлініп шығам деген талапкерлер мен шаруашылық басшыларын үйіне шақырып, «бір табақтан» ас берген. Я, қателескен жоқпын, бір қойдың еті еркін сыйып кететін кәдімгі біз көрмеген үлкен табақ. Кейін білдім, Бәкең ауылды бірлікке шақыруға арналған дастарқанына осы табақты Түркістаннан әдейі алдырыпты. Ауылда бесіктегі баладан бастап белі еңкейген қартқа дейін Бәкеңнің айтқанын екі етпейтін. Ол да қазақы салт дәстүрімізге сай үлкенді аға, кішіні іні деп сыйлағандықтан болар. Кешегі тай-құлындай бірге өскен, қазіргі пендешілікпен бір-бірін жау көріп жүрген азаматтар амал жоқ қол алысып, бір дастарқан басында бас қосып, әңгіме-дүкен құрды.

Сол кездегі Бәкең бастаған ақсақалдардың айтқан әңгімелері әлі есімде. Үкіметтің талабы дұрыс шығар «жекешелендіру» деген. Біз оған қарсы емеспіз, бірақ қазақта «бөлінгенді бөрі жейді» деген сөз бекер айтылмаған. Сол бөріге жегізбей, арттарыңа ерген жұртты тентіретпей, біреуге қол жайғызбай айлық тауып беру де оңай шаруа емес екендігі қатты айтылды. Осы аумалы-төкпелі заманда біреу түгілі өз отбасыңды асыраудың өзі қиын. Ел болған соң отбасының қуанышы мен қайғысы бірге жүреді. Ондайға тап болған адамның арқа сүйеп сеніп баратын жері, ортақ қазаны болу керек екендігі әңгіме болды. «Ортақ қазан» дегеніміз – оты мен суы азаймайтын осы үлкен шаруашылық. Қазақта «көппен көрген ұлы той» деген мағынасы терең сөз бар. «Көштен бөлінсең де, көптен бөлінбе – көптің қолы көкке жетер» деген де сөз бар. Дастарқан басында бір табақтан ас іше отырып ауылдың бөлінеміз деген азаматтары райынан қайтып, бөлектенбейтін бітімге келіп, қол алысып тарқасты.

Ілгеріден қазыналы қарттар ескі мен жаңаның арасын осылай жалғап, ақылын айтып отырған екен. Бір жылдары дария тасып, ауылдың егістік жерлерін түгел су алып, көктемде осы суды қашыру үлкен қиындық туғызды. Он мың гектардың үстіндегі суды қашырудың бір-ақ жолы бар.Ол егістіктердегі суды Әйтек каналына жығып, одан әрмен көрші Жалағаш ауданының Ақсу ауылының егістіктеріндегі каналдары арқылы Оңтүстік қашыртқы каналына құлату болды. Бұл ойлаған жұмысымызға Жалағаштың су шаруашылығы мекемесі (водхоз) мен Ақсу ауылының басшылары егістік жеріміз бен каналдарымызды бүлдіреді деп үстерінен суды өткізуге түбегейлі қарсы шықты. Егістіктен суды қашырмаса, онда Қалжан ахун шаруашылығы екі-үш жылсыз егіс еге алмайтыны анық. Мың жарымдай халқы бар, диқаншылықпен күн көріп отырған ауылға бұл үлкен соққы болып тиейін деп тұрды. Олай жүгіріп, былай жүгіріп, шешімін таба алмай жүргенде осы Бәку ақсақал өз ойын ортаға салды. «Екі ауданның әкімдерін нөкерлерімен сол судың басына келісімге шақырыңдар. «Мың сіз-бізден, бір шыж-быж артық» деген қазақта терең мағыналы сөз бар. Үйдегі үлкен табақты алып, қыстан қалған қазы-қарта, жал-жаяны асып, сол судың басына апарыңдар» деді. Жағдайдың ауырлығын көрген әкімдер өзара ақылдасып, туындаған мәселелеріңді шешер деп бізге жөн сілтеді. Ол кезде бізде аудан әкімі Абибуллаев Ибрагим Сражадинұлы, Жалағаш ауданының әкімі Талқанбаев Нұрман Бақбергенұлы еді. Ұзақ тартысты келіссөзден кейін Бәку ақсақалдың құтты табағынан дәм татқан әкімдер суды Оңтүстік қашыртқыға құлататын болып келісті. Сол кездегі Ибрагим ағаның мына сөзі әлі есімде «Ағайыны аралас, қойы қоралас көрші екі ауылдың біреуі аш, біреуі тоқ болып отырғаны қалай болар екен, а… Жалағаштық жігіттер!» дегенде, Нұрман әкім біздің әкімді «болды аға» деп келісіп құшақтай кеткен еді.

Қарап отырсам, ағаның үйіндегі бұл жиынға да біраз жыл өтіпті. Дастарқан төрінде болған аға буын ардагерлеріміздің де біразы өмірден озыпты. Ауылдың игі жақсылары салған сол жолды кейінгі буын інілері ауызбіршілікті сақтап, «ортақ қазаннан» дәм татып, Қалжан ахун ауылын өрге абыроймен сүйреп келеді. Ауыл бірлігін ойлаған Бәку ақсақалымыздың да өмірден озғанына биыл 14 жылдың жүзі болыпты. «Отырса от басында – көшсе көш басында», «Ағадан ақыл, атадан нақыл керек» деген дана сөздер жарықтық осы кісілер туралы айтылған болуы керек. Бәкең мен Сәуле Баймағанбетқызы апамыз екеуі алпыс жылға жуық отасып, 12 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Құдайға шүкір, бәрін оқытып, үйлендіріп, немере-шөбере сүйіп кетті. «Бәйтеректің мықтылығы – бұтағының ұзындығында емес, тамырының тереңдігімен, ал адамның бағы – артындағы ұрпағымен бағаланады» деседі. Жаратушы Алланың арқасында Сәуле апамыз өсіп-өнген, жайқалып-жайнаған ұрпақтарының қызық қуанышына куә болып, Бәку ақсақалдың ізі қалған Қалжан ахун ауылындағы ескі қоныста бақытты ғұмыр кешуде.

Марат  ОМАРОВ,

Қазақстан  Журналистер  одағының  мүшесі,

Сырдария  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: