Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Астана күніне орай мерекелік шара өтті

07.07.2026, 10:04 69

Қазалы ауданында 6 шілде – Астана күніне орай салтанатты мерекелік шара өтті. Қазалы мәдени-демалыс кешенінде өткен мерекелік жиынға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.

– Астана күні – елдігімізді айшықтап, бірлігімізді бекемдей түсетін, Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері мен жарқын келешегін айқындайтын айтулы мереке.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бүгінде Астана – еліміздің қоғамдық, саяси және іскерлік ордасы. Дәл осы жерде халқымыздың болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданады, озық идеялар іске асырылып, биік мақсаттар орындалады. Елордамыз әрдайым түбегейлі өзгерістер мен ауқымды реформалардың бастауында тұрады. Алдағы уақытта да Астанамыз Әділетті, Таза және Қуатты Қазақстанды құру жолындағы жалпыұлттық жаңғыру жұмыстарына ұйытқы бола береді деп сенемін», – деп ерекше атап өткен болатын. Астанаға қарап еліміздің барлық өңірі бой түзеп, жаңа даму жолына қадам басты. Осы орайда біздің Қызылорда облысы мен қасиетті Қазалы ауданы да жылдан-жылға жаңарып, көркейіп келеді.

Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен, облыс әкімінің басшылығымен ауданымызда айтулы істер, жарқын жобалар жүзеге асуда. Бүгінде Қазақстан жаңа даму кезеңіне қадам басты. Бұл – әділдік пен заң үстемдігін, жауапкершілік пен ашықтықты басты құндылық ретінде орнықтыруға бағытталған тарихи кезең. Осы ретте, биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясының маңызы ерекше. Қазақ халқында «Береке бар жерде – бірлік бар, бірлік бар жерде – тірлік бар» деген қанатты сөз бар. Шынында да, ынтымақ пен татулық салтанат құрған жерде ғана тұрақтылық орнығып, даму мен өркендеу болады.

Ендеше, халқымыздың бірлігі бекем, ынтымағы жарасымды болсын! Арқа төсіндегі айбынды Астанамыздың абыройы асқақтап, мерейі арта берсін!

Президентіміз айқындаған Әділетті, Таза және Қуатты Қазақстанды бірге құру жолындағы игі бастамаларымыз табысты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғыры биік, көк Туымыз мәңгі желбірей берсін, – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Шара аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық-саяси өміріне елеулі үлес қосып жүрген түрлі сала қызметкерлері азамат аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Сондай-ақ Астана күні мерекесінде 18 жасқа толып жатқан белсенді жас Ернұр Саматұлына аудан әкімінің Құттықтауы мен арнайы сыйлығы табысталды.

Мерекелік шара әрі қарай аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, жиылған жұртшылық мерекелік көтеріңкі көңіл күйге бөленді.

Қазалы ауданы әкімдігі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: