Бүгінгі жас – ертеңгі ел қорғаны. Жастарды Отан қорғауға тәрбиелеу кез келген елдің ұлттық қауіпсіздігінің негізгі іргетасы саналады. Бұл бағытта әлемнің дамыған мемлекеттері айрықша көңіл бөлуде. Қазақстан үшін де әскери-патриоттық тәрбие мәселесі аса өзекті.
ӘЛЕМДІК ҮЛГІЛЕР: ЖАСТАР және ӘСКЕРИ ТӘРБИЕ
Әскерге шақыру және жастарды Отан қорғауға баулу көптеген елде маңызды әлеуметтік институт ретінде қарастырылады. Елдің қорғанысын қамтамасыз етуде әскери міндеттілік принципін ұстанатын ел көп. Израиль, Түркия, Сингапур, Қытай, Кипр және Грекияда әскерге бармаған азаматқа айыппұл салып, қоғамдық жұмысқа тартады. Тіпті қылмыстық жауапкершілік арқалауы мүмкін. Әскери қызметтің маңыздылығын түсінген бұл елдерде әскери дайындық жастардың өміріне үлкен мән береді.
АҚШ-тың бұрынғы Қорғаныс министрі, генерал Джеймс Мэттис «Патриотизм – тек сөз емес, ол – әрекет. Әскердегі әр сарбаз өз елінің мәдениеті мен құндылығын қорғаушысы» деп әскери қызметтің маңызын сөз етеді.
Осы АҚШ-та әскери-патриоттық жұмыс мемлекеттік деңгейде және жеке сектордың қатысуымен жүргізіледі. Ресми Вашингтон жастардың әскерге ынтасын арттыру үшін түрлі бағдарлама ұсынады. Мәселен, әскерге қабылданар алдында жас сарбаздарды психологиялық және физикалық тұрғыда дайындайтын DEP және Future Soldier Program бағдарламасы бар. Орта мектеп оқушыларына арналған әскери-патриоттық JROTC, студенттерді әскери офицерлік қызметке ынталандыратын ROTC бағдарламасы жүйелі жұмыс істейді.
Әскери-патриоттық жұмыстар әр елде өзіндік ерекшелігі мен дәстүріне сай жүзеге асады. Оңтүстік Кореяда әскерге шақырылғандар үшін арнайы патриоттық тәрбие бағдарламасы мен әскери оқу курсы ұйымдастырылады, ал Германияда әскери қызмет міндетті болмаса да, патриоттық тәрбие үлкен мәнге ие. Сингапурда әскери қызметтің беделі жоғары болғандықтан жастар барлық дайындықты толықтай және ынтамен өтеді.
Қытайда да патриоттық тәрбие мен әскери қызметке ерекше көңіл бөлінеді. Бұл елде жастарды әскери қызметке тарту және Отан қорғау сезімін қалыптастыру үшін түрлі әлеуметтік бағдарлама мен ақпараттық науқан жүргізіледі. Өзбекстанда мектептердің жоғары сынып оқушыларын қамтитын «Ватан Таянчи» әскери-патриоттық қозғалысы құрылып, табысты жұмыс істеуде. Бұл қозғалысқа тікелей Қорғаныс министрінің орынбасары жетекшілік етеді. Қозғалыс жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің негізгі қайнары саналады.
Әлемдегі ең қуатты әскери әлеуетке Үндістан ие. Онда 2,6 миллион сарбаз бар. Ал, Қытайда 2,5 миллион әскер болса, АҚШ-та 2,1 миллионға жетеді. Солтүстік Корея, Пәкістан, Ұлыбритания және Ресей миллионнан астам әскери қуатымен ерекшеленеді. Бұл елдер әлемдік қауіпсіздікке ықпал етуге және қорғаныс қабілетін арттыруға бағытталған стратегиялық күштерді дамытуды жалғастыруда.
GlobalFirepower компаниясының есептеуінше, Қазақстанда 110 мың әскер бар. Бұл көрсеткіш бойынша 2024 жылғы рейтингте Қазақстан 46-орында тұр. Беларусь 63 мың әскермен 65-орын алады, Армения 57,5 мың әскермен 67-орында, Өзбекстан 48 мың әскермен 74-орынға ие. Ал, Түркіменстан 36,5 мың әскермен 86-орында, Қырғызстан (23 мың) 103-орыннан көрінеді.
ҚАЗАҚСТАНДА ӘСКЕРИ ПАТРИОТИЗМДІ ЖАҢҒЫРТУ ЖОЛЫ
Әскери патриотизмді жаңғырту және жастар арасында әскери-патриоттық рухты қалыптастыру – бүгінгі Қазақстан қоғамының маңызды міндетінің бірі. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қадамдар, атап айтқанда әскери-патриоттық клубтың ашылуы, мектептерде алғашқы әскери дайындық пәні рөлінің артуы және «Айбын» республикалық жастар жиынының ұйымдастырылуы – қуантарлық жағдай. 2024 жылғы мәлімет бойынша 18-27 жас аралығындағы азаматтардың әскерге шақырылу деңгейінің 70 пайызға жетуі де жастардың Отан алдындағы борышын сезінуге деген ынтасының артқанын көрсетеді.
Дегенмен, әскери қызметтің әлеуметтік беделінің барлық өңірде бірдей болмауы, көптеген өңірде әскери-патриоттық клубтардың материалдық-техникалық базасының әлсіздігі және жастар арасында әскери мамандықтар туралы ақпараттың жеткіліксіздігі сынды түйткілді мәселелер әлі де бар. Бұл мәселелерді шешу үшін мемлекет пен қоғамның бірлескен күш-жігері қажет.
Сарапшылардың пікірлері бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын көрсетеді. Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев әскери патриотизмді ұлт рухын көтеретін басты құндылық ретінде қарастыруы және жас буынның Отан қорғауды мәртебе ретінде сезінуі керектігін атады. Ал Қазақстан Қарулы Күштерінің бұрынғы Бас штабының бастығы Мұрат Бектановтың сөзінше, әскери тәрбие мектептен басталуы керек. Парламент Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы «Жас сарбаз» қозғалысының мәртебесін арттыруда Қорғаныс министрлігімен тікелей байланысын арттырып, оған барлық жоғары сынып оқушыларын тартып, олардың бойында отаншылдық пен елшілдік қасиетін сіңіруге басымдық беру керектігін көтерді.
Жастардың патриоттық сезімін тек мектепте ғана емес, отбасы мен қоғамда дамыту маңызды. Өкініштісі сол, қазіргі жастардың көпшілігі әскери өмір мен қызметке қызығушылық танытпайды. Бұған мектептегі әскери-патриоттық тәрбиенің жеткіліксіздігі, әскери мамандықтар туралы ақпараттың аздығы және әскери қызметтің маңыздылығы туралы түсініктің төмендігі себеп болуда.
Әлеуметтік желі жастардың негізгі ақпарат көзіне айналғанын ескерсек, ондағы кейбір жағымсыз контент әскери қызметтің қадір-қасиетін түсінуіне кедергі келтіруде.
Генерал-майор Әлімжан Ерниязов атап өткендей, бұл мәселені шешудің бірнеше жолы бар.
Біріншісі, әскери-патриоттық тәрбиені мектептен бастау керек. Оқушыларға Отан қорғаушыларының ерлігін дәріптейтін жүйелі бағдарлама ұйымдастыру, оны тек теориямен шектемей, әскери оқу-жаттығулар, экскурсиялар, әскери тарих мұражайларына бару және ұлттық мерекелер мен әскери марштар сияқты практикалық іс-шаралармен толықтыру тиіс.
Екіншісі, әскери қызметтің беделін арттыру маңызды. Әскери қызметшілердің еңбек және әлеуметтік жағдайын жақсарту, оларды құрметтеу және қолдау көрсету, қоғамда әскери мамандықтың маңыздылығы туралы ақпаратпен қамту қажет.
Үшіншісі, әскери қызметті заман талабына сай өзгерту міндеті тұр. Жастар үшін инновациялық бағдарламалар мен цифрлық құралдарды (мысалы, әскери қызметке виртуалды дайындық платформалары) енгізетін уақыт келді.
Бұл ұсыныстарды жүзеге асыру арқылы Қазақстанда әскери патриотизмді жаңғыртуға және жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға мүмкіндік бар.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,
журналист.
Астана қаласы
P.S. Жастардың әскери-патриоттық тәрбиесі – ұлттық қауіпсіздіктің алтын қазығы. Бұл жолда тек мемлекет емес, әрбір отбасы, әрбір ұстаз, әрбір азамат үлес қосуы тиіс. Тек бірге әрекет еткенде ғана біз болашаққа нық қадам баса аламыз.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!