Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

”Сыр айбындары” командасы сайысқа аттанды

20.06.2026, 1:28 29

Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы мен Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бірлесіп ұйымдастыруымен Ақмола облысында өтетін XII Халықаралық «Айбын-2026» әскери-патриоттық жиынына қатысатын «Сыр айбындары» командасын салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру. Осы мақсатта ұйымдастырылған жиын барысында Қызылорда қаласы мен аудан командалары арасынан іріктеуден өтіп, жоғары нәтижелер көрсеткен жас сарбаздар халықаралық деңгейдегі әскери-патриоттық сайысқа жолдама алды.

Салтанатты рәсімде Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Д. Тлеумбетов және Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Е. Өткелбаев сөз сөйлеп, жас сарбаздарға ізгі тілектерін білдірді.

Сондай-ақ, олар халықаралық жиында Сыр өңірінің намысын қорғайтын қатысушыларға сәттілік тілеп, жоғары нәтижелерге жетулеріне сенім білдірді. Шараға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлері қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы М. Ршауов пен облыстық «Ерлік» үйлестіру кеңесінің төрағасы М. Орынбайұлы қатысып, жас сарбаздарға ақ баталарын беріп, ел намысын абыроймен қорғауға шақырды.

Жиын барысында «Сыр айбындары» командасының мүшесі, жас сарбаз Р. Минайдар қатысушылар мен қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс білдіріп, халықаралық жарыста жоғары нәтиже көрсетіп, жүлдемен оралуға бар күш-жігерін салатынын жеткізді.

Іс-шара соңында патриоттық әндер шырқалып, қатысушылар естелік суретке түсті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: