Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құм арасындағы қырандар

21.08.2023, 13:50 589

HALYQLINE.KZ

Қазалы ауданының төңірегінде орналасқан «Қызылқұм» шекара заставасы бүгінгі таңда халық батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлының есімімен аталады. Бұл застава Қызылқұм ауылдық округінен 130 шақырым жерде орналасқан. Түн ұйқысын төрт бөліп, еліміздің шетін кірпік қақпай күзететін шекарашылар бұл жерде Өзбекстан Республикасымен белгіленген аумағын бақылауда ұстайды.

Елдің тұтастығын нығайту мақсатында шекарашыларға Өзбекстанмен арадағы саяси-экономикалық мүдделерді қорғау, заңсыз көшіп-қонудың алдын алу, Қазақстанның аумағына қару-жарақ, оқ-дәрі, есірткі, радиоактивті заттарды заңсыз кіргізбеу тәрізді міндеттер жүктелген. Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен тұрғындардың көмегіне жүгіне отырып, жұмысты оңтайлы ұйымдастыру межеленген.

Мұнда келісімшарт негізінде уақытша мерзімді әскерилер қызмет етеді. «Қызылқұм» шекара заставасына берілген аумақ 191,65 шақырымды құрайды. Шекара бөліміне жауынгерлік ту табысталған. Өзбекстан мен Қазақстан шекарасына межелеу жұмыстары жүргізіліп, 58 шекара белгісі орнатылған. Шекарадан әрі қарай шамамен 45 шақырым қашықтықта Жанқожа батырдың мазары бар. Жанқожа батырдың жатқан жері 1940 жылдары КСРО-ның әкімшілік картасына негіз болған. Яғни Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасы ретінде белгіленген.

Бірі білсе, бірі білмес дерек негізінде шекара сызығы дәл Жанқожа батыр жатқан биік төбені қиып өтеді. Жанқожа баба ұрпағына «Мені Қоқанмен шекараға қойыңдар, жай жатқанша аяғыммен тіреп жатайын» деп аманаттағаны туралы тарихта дерек бар. Құдды көзінің тірісінде-ақ аңызға айналған әз батыр кейінгі ұрпаққа атақонысты қадірлеп, кірпік қақпай күзетуді мирастағандай. Әлі күнге батыр баба шекарашылармен бірге ел қауіпсіздігін қорғап тұрғандай сезім ұялатады. Бұл күні-түні ел мен өңір тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап жүрген сарбаздарға асқақ рух, айбат беріп, жігерлендіре түсері сөзсіз.

1999 жылы құрылған «Қызылқұм» шекара заставасы күн-түн демей, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасымен мемлекеттік шекарасын күзету міндетін атқарып келді. Ал 2020 жылы шекара қызметі бойынша өткізілген ауқымды реформаның аясында 2019 әскери бөлімі ҚР ҰҚК шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаменті болып өзгертілді.

ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментінің Жанқожа батыр атындағы шекара бөлімшесінің бастығы, аға лейтенант Ілес Бексұлтанның мәліметінше, шекара бөлімшесінде келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қызмет атқарады. Қызметті вахталық әдіспен ұйымдастырады. Яғни, бөлімшедегі жауынгерлік қызмет 20 күнге созылып, 10 тәулік демалыс күндері беріледі. Берілетін онкүндік демалыстың арқасында жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайы жоғары. Олардың қызмет етуге деген ынталарын айтарлықтай арттыруға негіз болды. Жеке құрамның өз уақытында демалысқа шығу сұрақтары оң шешімін табуда. Шалғайда орналасқан шекара бөлімшелеріне қызығушылық арта түскен. Ал вахталық қызмет туралы хабардар жергілікті азаматтар арасынан келісімшарт бойынша әскери қызметке шақырылуға көптеген үміткер қызығушылық танытуда.

Өңірдегі шекара бөлімшелерін жаңарту бойынша атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Жаңқожа атындағы шекара бөлімшесі де жаңа модульдік типтегі ғимаратқа көшкен. Заманауи талапқа сай модульдік типтегі ғимарат бірнеше блоктан тұрады. Онда жатын казармалық бөлме, жуынуға арналған орын, дәретхана, қару-жарақ сақтау бөлмесі және басқа да лауазымды тұлғаларға арналған канцелярияларды қамтиды. Мұнан бөлек, тәрбие жүргізу және наубайхана бөлмелері бұрынғылардан қарағанда біршама кеңейтілген. Наубайхана жеке құрамды күніне 100-ден астам ыстық нанмен қамтамасыз етуге қауқарлы. Жаңа бөлімше медициналық кабинетпен, тұрмыстық және дербес серверлік бөлмелермен, бөлімше бойынша кезекшінің отыратын орны барлық қауіпсіздік талаптарына жауап беретін ең заманауи құралдармен жабдықталған.

Сапалы материалдардан салынған ғимарат қатты жел, боран, топырақ және құм қозғалыстарына оңай төтеп береді. Қыс айларында жылуды сыртқа жібермей бойында ұзақ уақытқа дейін ұстап тұра алады. Жаздың аптап ыстық күндері керісінше салқын температураны сақтайды. Тартылған Арал теңізі өңірінде мұндай қасиеттердің болуы аса маңызды. Себебі аталмыш облыстың ауыр климаттық жағдайлары жиі кездесетін тұзды, құмды дауылдарымен ерекшеленеді.

Ғимарат құрылысы өрт, экологиялық және санитарлық қауіпсіздіктермен толық қамтамасыз етілген, әрі эстетикалық жағынан заманауи түрде сәнді болып келеді. Бір сөзбен айтқанда, шекара бөлімшесі жеке құрамның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары айтарлықтай жақсара түсті. Сонымен бірге әкімшілік ғимараттың қасында әскери қызметшілердің отбасыларына арналған пәтерлі тұрғын үйлер орнатылған. Әрқайсысында жеке ас үй, жатын бөлме және дәретхана мен себезгі (душ) бөлмешелерімен қамтылған. Аталған модульдер мен пәтерлердің барлығы тұрмысқа және қызметке қажетті жиһаз бен техникалармен жабдықталған. Атап айтқанда, теледидар, кір жуғыш машина, киім кептіргіш құрылғы мен тәрбие жүргізу бөлмесінде заманауи интерактивті тақтамен қамтамасыз етілген.

«Тәртіпке бас иген құл болмайды» демекші, ел шетінде тік тұрып, қырағы көзбен құрлықты күзетіп тұрған шекара әскерлері әрдайым елді қорғауға және жаудың шабуыл жасауына тойтарыс беруге қабілетті екендігін дәлелдеуде.

Ж.Табынбаев,

Қазалы ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: