Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Артем Тютерев: «Құтқарушы мамандығын иелену – қиын сәтте адамдарға көмектесу»

13.08.2020, 18:30 508

HALYQLINE.KZ Әскери нысанды киім киіп, мемлекет игілігіне үлес қосуды армандадым, мемлекеттік қызметте мемлекеттік тілді білу бірінші орында тұруы керек. Бұл сөзді Артем Тютерев айтады.

«Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» 1997 жылғы 11 шiлдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабында көрсетілгендей ҚР Мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Сондықтан мемлекеттік қызметке келген әрбір азамат оны білуге міндетті. Мемлекеттік тіліміз – барлық ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіретін, ынтымақ дарытатын тіл. Қазақ тілінің тағдырына отанын сүйетін әрбір қазақстандық жауапты. Тілді үйренуге ең басты қажет дүние – тілдік орта. Ол тілдік ортаны алдымен балабақша мен мектепте жасау керек. Сондықтан да, ең алдымен Қазақстандағы балабақшаларды тіліне бөлмей барлығын да мемлекеттік тілде тәрбие беруге қолайлы жағдай туғызу керек. Мен он бір жыл білімді туып-өскен Ақши ауылымдағы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ орта мектебінен алдым. Кейін жоғарғы оқу орнын орыс тілінде оқыдым. Бірақ қазақ тілін ұмытқаным жоқ, қайта дамытуға тырысып, мемлекеттік тілде кітап оқуды әдетке айналдырдым, – дейді Артем Олегович әңгіме барысында. 

Тютерев Артем Олегович 1998 жылы 29 мамырда Алматы облысы, Алакөл ауданы, Ақши ауылында дүниеге келген. Ол қарапайым орта шаруа отбасында тәрбиеленген. Бала кезінен әскери нысанды киім киіп, мемлекет игілігіне үлес қосуды армандады. Мектеп бітірер алдында оларға Алматы облысы ТЖ департаментінің қызметкерлері келіп, Көкшетау техникалық институтына түсу бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

«Содан кейін менің таңдаған мамандығым төтенше жағдайларды жою мен алдын-алуға байланысты болады деп шештім. 2016 жылы медициналық комиссиядан өтіп, ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырғаннан кейін мен осы жоғары оқу орнына түскеніме қуаныштымын, онда мен «Азаматтық қорғаныстың командалық тактикалық күші» мамандығы бойынша 4 жыл оқыдым. 2020 жылы осы жоғары оқу орнын бітірдім. Алғашқы офицерлік «лейтенант» атағын алған соң, маған Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінде Азаматтық қорғаныс бөлімінің офицері лауазымында жұмыс істеу сәті түсті. Қазіргі уақытта менің басты мақсатым – алған білімімді және спорттық дайындығымды осы қызметте көрсету.

Құтқарушы мамандығын иелену – қиын сәтте адамдарға көмектесу және өз елінің игілігі үшін абыроймен қызмет ету бағытымен тартады. Сондай-ақ, мен мектеп түлектері мен жастарды азаматтық қорғау қызметкері мамандығын таңдауға шақырамын», – дейді Артем Олегович.

Айгүл НҰРМАНОВА,

Қызылорда облысы ТЖД

бас маманы 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: