Ақтөбеде ер адамды көліктің жүксалғышына күштеп салып әкеткен күдіктілер жедел іздестіру шаралары барысында қолға түсті, деп хабарлайды halyqline.kz.
Оқиға туралы полицияға қала тұрғыны хабарлаған. Оның айтуынша, белгісіз адамдар ер адамды күштеп көліктің жүксалғышына отырғызып әкеткен. Бұл сәт басқа автокөліктің бейнебақылау камерасына да түсіп қалған.
Хабарлама түскен бойда арнайы мақсаттағы бөлімше жауынгерлері мен полиция қызметкерлері іздестіру жұмыстарын бастап, күдіктілер мінген Lexus автокөлігін тоқтатып, оларды ұстады.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға жол үстінде болған жанжал түрткі болған.
«Ақтөбелік жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан кезде жүргізушінің әрекетіне ескерту жасаған. Осыдан кейін олардың арасында жанжал шыққан. Кейін күдіктілер жәбірленушінің үйінің маңына келіп, сыртқа шығуын күткен. Таксиге отыра берген сәтте оның жолын бөгеп, көліктен күштеп түсіріп, Lexus автокөлігінің жүксалғышына салып әкеткен», – деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, күдіктілердің әрекетіне құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!