Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақсуатта Алланың жердегі үйі ашылды

05.03.2021, 16:00 398

Бүгін Ақсуат ауылдық округінде жаңа мешіт халық игілігіне пайдалануға берілді. Ақсуаттың архитектуралық келбетіне көрік қосқан ғибадат үйі ауылдағы «Әліарыстан ата» мешітінің орнына салынған. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұған дейін жұмыс істеп тұрған ауыл мешіті Шәркүл Әліарыстанқызының мұрындық болуымен 2005 жылы бой көтерген. Өткен жылы ескі мешіт сүріліп, орнына жаңа ғибадат үйі салынды. Озық сәулет үлгісімен көріктендірілген рухани ордада келуші жамағат үшін барлық жағдай жасалған. Жаңа мешіт үш жүз адамға лайықталған. Ерлер және әйелдер залы бар. Енді бұл орында көпшілік құлшылық жасаумен қатар діни білімін жетілдіре алады. Ол үшін білікті маман бекітіліп, 70 адамға арналған медресе салынған. Жанында 300 орындық асханасы да бар. Өзінің бұрынғы атын сақтап қалған жаңа мешіт қасиетті жұма күні жамағатқа қайта есігін ашып отыр.

Жаңа мешіттің ашылуына қала әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев және «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы, ҚМДБ өкілі Болатбек Ұласқанұлы қатысты.

Жиында қала әкімінің орынбасары Асқарбек Темірбекұлы сөз алып, «Ғибадат үйі тұрғындарға тура жолды көрсетіп, жастарды имандылыққа бастайтын ізгілік пен берекенің ордасы боларына сенім мол» – деп, ауылдықтарды мешіттің ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ мешіттің ел игілігіне берілуіне себепкер болған Шәркүл Әліарыстанқызына қала әкімі атынан құрмет көрсетіп, қаланың жоғарғы марапаттарының бірі «Құрмет» грамотасын табыстады.

«Осыдан 15 жыл бұрын 100 адамға лайықталып салынған мешітіміз кеңейтіліп, бүгін 300 адамдық жаңа мешітті пайдалануға берудеміз. Мешіт құрылысын жүргізіп, ел игілігіне беруге себепші болғанымыз болмаса, мешіт – халықтыкы» – деген, Шәркүл Әліарыстанқызы жастардың дінге деген ықыласын ерекше атап өтіп, жаңа мешіт ақсуаттықтарға Ислам дінінің асылдығын ұлықтай түсер рухани ордаға айналуын тіледі.

Айта кетейік, бүгінде еліміздегі мешіт саны – 2 мың 716. Оның ішінде 174 мешіт біздің өңірімізде орналасса, 19 мешіт Қызылорда қаласында бой көтерген. Қазіргі таңда қаламыздағы мешіттің діни қызметкерлерінің білімін жетілдіру мақсатында республика, облыс орталықтарынан арнайы теологтар шақыртылып, дәрістер берілуде. Жоғары діни институттар мен медреселерде шәкірттер тәрбиеленуде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: