Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Амазония тұрғындарынан деменцияға қарсы ерекше қорғаныс байқалды

21.09.2026, 17:30 46

Боливия Амазониясында тұратын екі байырғы қауым өкілдерінде деменция өте сирек кездесетіні анықталды. Ғалымдар циманэ және мосетен халықтарын бес жыл бойы бақылаған. 

Зерттеуге бастапқыда деменция белгісі болмаған 730 ересек адам қатысқан. Бес жыл ішінде олардың 22-сінен ғана деменция анықталған. Бұл 2 пайыздан да аз. Ал Еуропа мен АҚШ-та мұндай көрсеткіш 3–4 есе жоғары. 

Ғалымдар бұл айырмашылықты аталған қауымдардың өмір салтымен байланысты болуы мүмкін деп есептейді. Оларда артық салмақ, жоғары қан қысымы және қант диабеті сияқты жүрек-қан тамырлары ауруларының қауіп факторлары сирек кездеседі. Дегенмен зерттеу авторлары мұны деменцияның төмен деңгейінің нақты себебі деп кесіп айтуға әлі ерте екенін ескертеді. 

Зерттеу тағы бір маңызды жайтты көрсетті. Деменция анықталған адамдардың өмір сүру ұзақтығы АҚШ-тағы науқастармен салыстырғанда 2–3 есе қысқа болған. Ал когнитивтік бұзылысы жоқ адамдармен салыстырғанда олардың өлім қаупі алты еседен де жоғары болған. 

Енді ғалымдар деменция қаупінің неге төмен екенін тереңірек зерттемек. Олар тамақтану ерекшелігі, дене белсенділігі, әлеуметтік өмір, генетика және иммундық жүйенің ықпалын жеке-жеке қарастырады. 

Зерттеу нәтижелері Alzheimer’s & Dementia ғылыми журналында жарияланған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: