Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алматының ұлттық сипаты алаңдатады

01.12.2023, 9:30 420

HALYQLINE.KZ

Достық даңғылының бойында тұратындықтан ертелі-кеш орталықта серуендеуге мәжбүрміз. Көшеде жүргендерден Алматымыздың ертеңін танығымыз келеді. Сіздер байқайсыздар ма білмеймін, ал маған пандемиядан кейін оңтүстік астанамыздың кескін-келбеті мүлдем өзгеріп кеткен сияқты көрінеді.

Есімізде, Алматы 1995 жылдардан күрт қазақылана бастаған. Көшедегі жұрттың 70-80 пайызы қазақ болатын. Орыс көрсек «е-е, бұлар әлі де бар екен ғой» деп таңданатынбыз. Көшеде сөйлесіп бара жатқандардың қазақи лебізі іштей қуандыратын. Ал пандемия халықтың денсаулығын ғана емес ұлттық құрамын да сұйылтып жібергені көзге ұрады.

Өткен жылы Алматыны Ресейдегі мобилизациядан қашқан орыстар толтырып еді, оларға ілесе Ресейдегі өзбектер, тәжіктер мен қырғыздар да бізге қарай жөңкілді. Ауғанстаннан, Бангладештен ауып келген таксистерді де көріп жүрміз. Не қазақша, не орысша білмесе де қолтелефондағы навигаторға қарап жүре береді. Әуежай, Достық-плаза, Мега орталықтарына, базарларға барсаңыз, неше түрлі ұлт өкілі қаптап жүр. Орталық мешітте жұма күндері үндістандық жүздеген қарақоңыр бауырларға таң қалмайтын болдық.

Көкбазардағы өрік-мейіз сататын жердің бәрі өзбектер мен тәжіктердің қолында екенін бәріңіз білесіз. Алматыдағы екі жарым мыңдай мейрамхананың дені әзірбайжандардың иелігінде. Бірқатарына түріктер қожалық етеді. Барахолкіге, Ялань сауда үйіне барсаңыз. саудасын дөңгелентіп жатқан өңкей – қытай мен дұңған. Және бәрі «Каспийге» тіркеліп алған. Грек, армян барондарының көбі Алматыны мекендейді.

Сөйтіп Алматымыз қазір әлемдік қалалардың қатарына қосылып кетіпті. Анау Нью-Йорк, Париж, Мумбай, Токио, Мәскеу, Амстердам сияқты түнімен ұйықтамайды. Ең өкініштісі Алматы қазақтың қаласы болудан қалып барады. Оны қалай тоқтатамыз?

Бұған мемлекеттік органдар да, қалың көпшілік қазақ қауымы да назар аударғаны жөн болар еді.

Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев),

жазушы-публицист.

Әлеуметтік  желідегі  парақшасынан  алынды.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: