Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алматыдан Астанадағы АҚШ елшілігіне бара жатқан «Атажұрт» белсенділерін полиция ұстаған

27.05.2026, 11:00 35

Не болды? 

25 мамырда полиция Алматыдан Астанаға АҚШ елшілігіне бара жатқан «Атажұрт» ұйымының белсенділері — Әсен Нұрсан мен Оралхан Әбенді (сотталған Тұрсынбек Қабидің әйелі) жолда ұстаған. Ал Алматыдағы темір жол вокзалынан Астанаға жолға шықпақ болған Нұргүл Ибраеваны («Атажұрттың» бес жылға сотталып кеткен жетекшісі Бекзат Мақсұтханның әйелі) пойыздан түсіріп алған. Бұл туралы белсенділердің өздері хабарлады деп жазады Азаттық.

Нұрсан мен Әбеннің қазір қайда екені белгісіз. Азаттық бұл іс бойынша Алматы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбекке хабарласты. Қоңырауға да, WhatsApp арқылы жолдаған сауалға да әзірше жауап келген жоқ. Ал Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Эльмира Шәуленова қала аумағындағы полиция бөлімшелерінде Әсен Нұрсан мен Оралхан Әбен есімді азаматтар жоқ деп хабарлады. Бұдан бөлек Азаттық ішкі істер министрлігіне полиция бұл азаматтардың жүріп-тұруына қандай негізде шектеп отырғаны туралы сауал жолдады. Оның жауабы бес күн ішінде келуі керек.

Нұрсан мен Әбен 25 мамыр күні таңға жуық Facebook парақшасында эфирге шығып,  полиция оларға қалаға жетуге кедергі келтіріп отырғанын айтқан. Олардың сөзінше, полиция такси жүргізушісін «әлдебір шағым түсті» деген себеппен жолда тоқтатып, бірнеше сағат жібермей тұрған. Желідегі видеода Оралхан Әбен АҚШ елшілігінен шақырту алғанын және «Атажұрт» қозғалысының сотталған он тоғыз белсендісінің ісі туралы жеткізбек болғанын айтады. 

Ал Нұргүл Ибраеваны полиция Алматыдан Астанаға жүргелі тұрған пойыздың ішінен түсіріп алған. Ибраева полиция бірнеше сұрақ қойып, билетінің ақшасын өтеп бергенін айтады. 

«Атажұрт» ісі

Биыл 13 сәуірде Талдықорған соты «Атажұрт» ұйымының 19 белсендісін ұлтаралық алауыздықты қоздыру деген баппен қылмыстық жауапқа тартқан. Айыпталушылардың біразы бес жылға сотталып, кейбіріне бас бостандығын шектеу жазасы берілді. Барлығына үш жылға қоғамдық-саяси жұмыстармен айналысуға тыйым салынды. 

Белсенділердің сотқа тартылуына былтыр күзде Қытаймен шекара маңында Қытай туы мен Қытай басшысы Си Цзиньпиннің суретін өртеп, Шыңжаңдағы «түзету лагеріне» қамалған қазақтарды босатуды және Қытаймен визасыз режимді жоюды талап еткен наразылық акциясы ілік болған.

Фото: Азаттық радиосы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: