Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жалағаштықтар облыс әкімінен не сұрады?

03.11.2022, 9:00 480

HALYQLINE.KZ

Сәрсенбіде аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Президенттің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы аясында құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге Жалағаш ауданының тұрғындарымен жеке қабылдау өткізді.

Аудандық Оқушылар үйінде өткен жеке қабылдауға облыстық сот төрағасы Әділхады Шығамбаев, облыс прокурорының бірінші орынбасары Исламбек Төлегенов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің бастығы Болат Қалмырзаев, облыстық полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожабаев, облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Қайшыбеков келді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Серікжан Мырзалы және мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Аманов қатысты.

Ашықтық қағидасына негізделген қабылдауда барлығы 40-тан астам азаматтың өтініші қаралды. Облыс әкіміне 21 тұрғын өз сұрақтарымен келді. Жергілікті азаматтар жер телімдерін рәсімдеу, жайылымдық алқапты егістікке ауыстыру, жұмысқа орналасу, әлеуметтік көмек алу, тұрғын үйге қол жеткізу, соғыс ардагеріне мектеп есімін беру, қайтарымсыз грант алу, иесіз жүрген иттерді жою, аяқ су мәселесін көтерді.

Мәселен, Мырзабай ахун ауылының тұрғыны, 73 жастағы зейнеткер елді мекенде емхана салып беруді сұрады. Облыс әкімі бұл мәселе назарда бар екенін атап өтіп, қазіргі таңда құрылыс-сметалық құжаттама сараптамадан өткенін мәлімдеді. Сондай-ақ, Қаракеткен ауылдық округін жедел жәрдем автокөлігімен қамтуды сұраған 59 жастағы тұрғынға нақты түсіндірме берілді. Сатып алу процестеріне байланысты жедел жәрдем көлігі 2024 жылы әкелінеді.

– Облыс әкімінің ауданға келетінін естіп, қабылдауға жазылдым. Жүздесуде інімнің кәсіпкерлік мақсатта грант алу комиссиясына қатысты өзекті сұрағымды қойдым. Бұған дейін маған жауапты мамандардан жеткілікті деңгейде жауап ала алмадым. Аймақтың әкімі сауалыма бейжай қарамай, тиісті басшыларға нақты тапсырма берді,-деді Гүлжан Бедерова.

– Облыс әкімінің қабылдауында екі мәселе көтердім. Алғашқысы – өзім тұратын Мырзабай ахун ауылында емхана ескірген, яғни жаңасын салу. Ол жөнінде алдағы уақытта жобалық-сметалық құжат дайындап, сараптамадан өткізілетіні жөнінде білдім. Екінші мәселе – ауылдық клуб үйінің жоқтығы. Өтінішімізге құлақ асқан облыс басшылығына тұрғындар атынан алғысымды білдіремін,-деді Төребек Тәуіпбаев:

Ал, құқық қорғау органдарының басшыларына 19 азамат өз мәселесін жеткізіп, заң аясында тиісті түсіндірме алды.

Аймақ басшысы әрбір мәселені сала мамандарымен бірге мұқият зерделеп, заңдылығына қарай шешім қабылданатынын жеткізді және жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырма берді.

Сондай-ақ, сапар барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Президент Жарлығы аясында тұрғындармен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.

Еске салу керек, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңір басшысы болып келген сәттен бері 23 рет қабылдау өткізіп, 300-ден астам азаматтың мәселесін саралады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: