Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Зейнетақының көбейген үстемесі қашан түседі?

09.04.2020, 19:10 1006

Елдегі елең ете қалатын жаңалықтардың алдыңғы легінде төтенше жағдай кезінде тағайындалатын 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем, жәрдемақы, зейнетақы туралы жаңалықтар тұр. естеріңізде болса, ел президенті зейнетақылар мен мемлекеттік жәрдемақы түрлерін жылдық тұрғыда 10 пайызға индексациялауды тапсырған еді. Сәуір айының басынан бастап ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл тапсырманың қалай жүзеге асатынын мәлімдеді.

– 2020 жылдың 1 қаңтарынан инфляцияның болжамды деңгейі ескеріле отырып, базалық зейнетақыға 5%, ал жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемдеріне 7% (инфляция деңгейінен 2%-ға артық) кезекті рет жыл сайынғы индексация жасалды.  2020 жылдың 1 сәуірінен жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемдері 2020 жылға дейін тағайындалғанымен қоса осы жылғы 1 қаңтар мен 31 наурызда бекітілген бөлігі 5%-ға жоғарылады.

Бірінші мысал: ер адамға 18.11.2019 жылдан бері 43 000 теңге ынтымақты зейнетақы тағайындалды делік. Оның зейнетақысы жыл сайынғы қайта есептеу аясында 2020 жылдың 1 қаңтарынан қаңтарынан 46 010 теңгені құрады. 2020 жылғы 1 сәуірден болса, аталған ынтымақты зейнетақы 5%-ға өсіп, 48 311 теңге болады (46 010+5%=48 311). Екінші мысал: әйел адамға 12.03.2020 жылдан бастап 52 000 теңге тағайындалды деп алайық. 2020 жылғы 1 сәуірден бастап 5% өсімді ескерсек, бұл ынтымақты зейнетақы 54 600 теңгені межелейді (52 000+5%=54 600), – деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Елдегі базалық зейнетақы төлеміне келер болсақ, ол «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 4-бабына сәйкес, 2020 жылдың 1 сәуірінен ең төменгі күнкөріс деңгейінің жаңа сомасы бойынша пайыздық мөлшерде айқындалады. 

Мәселен, ер адамға 20.12.2019 жылдан бері 26 729 теңге немесе күнкөріс деңгейінен 90% базалық зейнетақы тағайындалды. 2020 жылдың 1 қаңтарынан оның мөлшері күнкөріс деңгейінің жыл сайынғы өсімін назарға алсақ, 28 065 теңгені көрсетіп, 2020 жылдың 1 сәуірінен 29 402 теңгені құрайды. Биылғы 1 сәуірден бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі 32 668 теңге болып бекітілді, оның 90%-ы=29 402 теңге.

Осы орайда, «2020-2022 жылдардағы республикалық бюджет туралы» Заңына енгізілген өзгертулерге сәйкес, 1 сәуірден бастап ең төменгі зейнетақы мөлшері 40 411 теңге болды. Ал зейнетақы мен жәрдемақыға қосылған үстеме келесі айда түсетін болады.

Дәл қазіргі төтенше жағдай кезеңінде елдегі азық-түлік бағасы да шарықтап, түрлі қызметтер құны қымбаттап тұр. «Жәрдемақы көбейіп, зейнетақы мөлшері артады» деген жаңалыққа қуанып жүргендер қатары аз. Оған себеп – нарық бағасының тұтынушылар үшін сәт санап тиімсіз болып бара жатқандығы.

  • Зейнетақы өскеннен не пайда, күн сайын азық-түліктің бағасы өсіп жатыр. Карантин басталғалы мүлде шарықтап кетті. Жаңалықтан «бағаны бақылап отырмыз» дегенмен, саудагерлер ебін тауып, құнын қосып отыр. Олар тек әкімдікке қарасты дүкендерді қадағалайтын шығар, жеке кәсіпкерлер өздері біледі, қай затты қаншадан сатса да. Мейлі ғой, көбейгені жақсы, бірақ мына баға түссе жақсы болар еді, – дейді зейнеткер Майдагүл Оңдасынова.

Сонымен, ағымдағы жылы зейнетақы екі рет көтерілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес зейнетақының көбейтілген мөлшерімен елдегі 2,2 миллионнан астам зейнеткер қамтылады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: