Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үлес пен үміт

16.04.2020, 11:05 691

Қазір қазақстандықтардың түн ұйқысын төрт бөліп жүрген екі нәрсе бар. Бірі әлемді жайлаған аты жаман ауруды жұқтырып алмау қаупі болса, екіншісі – «42500 теңгені қалай аламын?» деген сауал­  көп  көкейді тесіп барады. Жұрттың бір легі  «Нұр Отанның» алдын, келесі тобы «Қазпоштаны» күзетіп тұр. 42500 теңгенің қасында пандемияның «пәрмені» жүрмей қалды. Қарап жатып қаржы көзінен айырылған халықты да түсінуге болады. Азық алар ақша болмағандықтан амалсыз жауап­ты  мекемелерді  жағалауға  мәж­бүр. Ал коронавирус пен карантинді қайда қоямыз? Қауіптен бұрын маңыздысы – қаржы. Бұған ешкімді кінәлай алмайсың. Өмір сүру үшін тамақ, ал оны алмаққа ақша қажет. Үкімет «42500 теңге береміз» дегені сол, жұрт жапа-тармағай жанталас­ты. Оны негізгі қағидат бойынша осыған дейін күн көріп келіп, елдегі төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылып қалғандарға береді. Бірақ, ел Үкімет үлестіргеннен үлессіз қалмайық деді ме, өтініштер легі толастамаған. Бүгінге дейін 3 миллионнан аса адам өтініш берсе, соның 2 миллионға жуығының қолына  42500  теңге  тиген.

БІЗ   МИНИСТРГЕ   СЕНІП   ЖҮРСЕК…

Жеке тұлғалардың әлеуметтік төлем алуы заңды түрде тексерілмейді. Бірақ жұмыс берушілер тексеріледі. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов  мәлімдеді.

– Мынадай қиын кезеңде бір-бірімізге түсіністікпен қарауымыз керек. Мемлекет тарап­ынан Еңбек министрлігі ретінде ешкімді тергеп, «дәлелдеңдер, құжат өткізіңіздер» деп жатқаны­мыз жоқ. Бәрін қарапайым жасап қойдық. Өздеріңіз үшін мынаны шешіп алыңыз­дар: «Мен тіршілік жасап, ақша таптым ба?  Сол ақшадан қазір айырылдым ба?». Солай­ екендігіне сенімді болып, өтініш бердіңіз. Ал жеке тұлғаларға үйіне барып тексеру болмайды. Бұл  жерде былай, сіз айттыңыз, біз сендік. 42500 теңге алдыңыз ба, алыңыз, жаратыңыз,- деді  ол.

ДЕКРЕТТЕГІЛЕРГЕ   ДЕРЕК

Бала күтіміне байланысты үйде отырған аналар 42 500 теңгеден әлеуметтік төлем ала алады­. Олар да барлық азаматтар сияқты әлеуметтік төлемге өтініш бере алады. Бірақ, декретте жүрген әйелдерге қатысты бір ерекшелік бар. Енді оларға 1 жылға дейін бала күтіміне байланысты жәрдемақы төленеді. Ал баласы 1 жастан­ асқандарға 42 500 теңге әлеуметтік төлем алуға болады. Мәселен, бір әйел компаниядан 3 жыл­ға дейін ақысыз демалыста жүр. Осыған байланысты өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде бір рет бірыңғай жиынтық төлемін жасауға рұқсат  беріледі.

42500-ден   САЛЫҚ   ҰСТАЛМАЙДЫ

«Қолға 42500 теңге толық түспейді екен» деген­ сыбыс тарап жүр. Бірақ министр мұның да нақ жауабын берді. Қаржы азаматтардың есепшоттарына толықтай түседі. Бір реттік төлем алғандар болашақта зейнеткерлікке шыққан­да бұл уақыты еңбек өтілі ретінде есептеледі. Заңға мұндай өзгеріс енгізілген. Біржан Нұрымбетов бір отбасыда 3-4 адам төтенше жағдай­ға байланысты табысынан айырылса, онда олардың барлығы да 42500 теңгеден әлеуметтік  төлем алатындығын баса айтты.

КАРАНТИННІҢ  ЕКІНШІ  АЙЫНДА  ДА  ТӨЛЕНЕДІ

Төтеше жағдай мерзімі созылса, келесі айға төлем автоматты түрде беріледі. Карантин уақытының созылуына байланысты екінші мәрте өтініш толтырудың қажеті жоқ. Келесі айға автоматты түрде ақша аударылады. Мысалы, 6 наурыз – 15 сәуір аралығында 42500 теңге әлеуметтік төлем жасалды. Енді карантин мерзімі тағы 15 күнге созылып отыр. Осы кезде жұртшылық тарапынан «тағы да өтініш білдіреміз бе?» деген ерікті сауал туындайды. Жоқ. Қанша күнге созылса, осы төлем қайталанады.

СТУДЕНТТЕР  ДЕ  АЛУҒА  ҚҰҚЫЛЫ

– Мейрамханаларда даяшы, дүкендерде сатуш­ы болып жұмыс істейтіндер бар. Олар ресми­ және бейресми жұмыс істеп жүр. Сондықтан студенттерге, жалпы барлық азаматтар­ға бірдей тәртіп қарастырылады. Егер ресми жұмыс істесе, жұмыс беруші береді. Ал өз бетін­ше ақша тауып жүргендер болса, өтініш берулері­ қажет. Бірақ, одан бір күн бұрын бірыңғай жиын­тық төлемді төлеуі керек. Сол кезде әлеуметтік төлем алады. Біз шәкіртақы алатындығын не алмайтындығын тексеріп жатпаймыз, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Сондықтан жұмыс істеп, ақша тауып жүрген студенттердің де уақытша төлемнен үлестері бар.

ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРГЕ   БЕРІЛМЕЙДІ

Зейнеткерлерге мемлекет тарапынан, бюджеттің есебінен ай сайын зейнетақы мен мемле­кеттік жәрдемақы төленіп тұрады. Олар төтенше жағдайға байланысты тоқтаған жоқ. Қайта олардың мөлшері артып жатыр, индексация жасалды. Сондықтан бұл төлем зейнеткерлерге берілмейді. Дегенмен, министрдің айтуынша, зейнеткер немесе мемлекеттік жәрдемақы алып жүрген көпбалалы аналар, мүгедек жандар төтенше жағдайға дейін ресми түрде жұмыс істеген болса, онда бұл ескеріледі. Зейнетақысы мен жәрдемақысының аздығына байланысты жұмыс істеп, ТЖ-ға байланысты үйде отырып қалғандарға төлем қарастырылуы мүмкін.

ҚАЙТЫС  БОЛҒАН  АДАМНЫҢ

АТЫНАН  ДА  ӨТІНІШ  БЕРІЛГЕН

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрл­ігі 42500 теңгені ала алмаудың бір­неше себептерін атады. Өтініш бергендердің арасында:

– 1 миллионнан астам өтініш қайталанған;

– тұрақты жалақы төленетін жұмысы бар (оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері) және зейнетақы мен жәрдемақыларды алушылардан (ТЖ енгізілгенге дейін ресми жұмыс істемегендер) жарты миллионға жуық өтінім келіп түскен;

– өтінім беруші бойынша төтенше жағдай енгізілгенге дейін соңғы 12 айда МӘУ/БТЖ/МЗЖ немесе өтінім берген уақытқа дейін БТЖ табылмады (бейресми өзін жұмыспен қамтушылар тұрғысынан);

– 63 222 мың өтінімде жұмыс берушінің БСН/ЖСН дерегі, өтінім берушінің ЖСН дере­гі көрсетілмеген немесе дұрыс емес көрсетілген;

– 370-тен астам өтінім Қазақстан аумағынан тыс жерде тұратын немесе марқұм болып кеткен адамның атынан берілген.

ТҮЙІН. Апта басында Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығ­ымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті. Сонда облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов аймақтағы эпидемиялық ахуал­, әлеуметтік жағдай туралы сөз еткен еді.

– Аймақта 119 адам қауіпті індет жұқтырған. Вирус тасымалдаушы болуы мүмкін азаматтар бақылауға алынып жатыр. Бұдан бөлек, «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдар­ламасы  аясында  облыста 276 жоба жүзеге асырылады. Облыс бойынша табысынан айырыл­ған­  және аз әлеуметтік осал топ өкілдеріне жататын 76452 азаматқа 42500 теңге аударылды. Өтініш бергендердің жалпы саны 80 мыңнан астам. Сондай-ақ, «Біз біргеміз» акциясы аясында 6313 отбасына 50000 теңгеден берілетін қаражат «Қазпошта» АҚ есепшотына түсті. Алдағы күндері мұқтаж азаматтардың алғашқы тобы қол жеткізеді. Қазіргі екінші тізім жасақталуда. Ал коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлерін қолдау мақсатын­да  өңірде 366 қызметкерге үстемақы төленді, – деді ол.

Әлеуметтік төлем туралы халықтың көкейінде әлі де сан түрлі сауал бар. Олардың бір­шамасы­н еңбекминнің өзі тәптіштеп түсіндіріп берді. Қанша дегенмен қиын кезеңде халықты құрдымға кетірмеу – мемлекеттің міндеті. Тек індеген індет іргемізден алыстасын дейік.

К.ТАУАР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: