Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаламгерлер аллеясы ашылды

30.11.2021, 16:09 387

Қаламгерлер қауымының құрметіне Қызылорда қаласында аллея ашылды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында қала әкімдігі жанына қаламын серік еткен қаламгерлерге осындай сый жасады. Аллея қала орталығындағы Зейнолла Шүкіров, Әбділда Тәжібаев және Қалтай Мұхамеджанов ескерткіштері орналасқан жерден орын тепті. Салтанатты шараға қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов, тілшілер қосыны және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері қатысты.

Баршаңызды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен және Тұңғыш Президент күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз тәуелсіздігін алған тұста қазақ журналистикасы жас мемлекетімізбен бірге түледі. Сіздер ел дамуы тарихында, небір қиын-қыстау кезеңдерде мемлекет саясатын, бастамасын қолдай отырып, қоғамда өзекті ой-пікір қалыптастыруға үлкен үлес қостыңыздар. Бұған дейін өздеріңізбен кездесу барысында айтылған ұсыныстарыңызға орай, қала орталығынан қаламгерлерге арнап арнайы орын қарастырылды. Әрине, қала ішінде аллея ашуға бірнеше лайықты орын бар. Бірақ, ұжымдық талқылаудан кейін  осы шешімге тоқталып, қазақтың біртуар қаламгер ағаларымыздың ескерткіштері орналасқан аумақты арнауды жөн санадық, –  деді қала әкімінің орынбасары Б.Нұридинов аллеяның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, біртуар ақын-жазушылардың орналасқан жері қаламгерлердің шығармашылығын шыңдап, болашақта құнды мұралар дүниеге әкелетін орынға айналмақ. Қала әкімі орынбасарынан кейін ақын, журналист Шәһизада Әбдікәрімов сөз сөйлеп, суырыпсалмалық шабытымен шумақ өлеңін арнап жіберді.

Абай атамыз «қараша өмір бар» деп айтқандай, бүгін қарашаның соңғы күнінде қаламгерлерге арналған аллеяның ашылуы тарихи сәт деп есептеймін. Ертеңгі күні дәл осы жерде рухани-шығармашылық кештер, кездесулер өткізіліп, қаламгерлер қосыны бас қосып жақсы дүниелер болып жатса, қандай керемет.

Бүгін менің еңсем тік,

Көңілдердің көкжиегін кең серпіп.

Ертең мұнда жыр оқиды ақындар,

Әкімияттың төрт бұрышын теңселтіп.

Жыр оқиды буырқанып, бұрқырай,

Ел мұңымен сай-сүйегі сырқырай.

Сонда деймін терезеден шенділер,

Мойнын созып қарап тұрса, шіркін-ай, – деп жиналған қауымды бір серпілтіп тастады. Осыдан кейін аллеяның ашылуында арнайы лента қию құрметіне ардагер-журналистер  Жолдасбек Ақсақалов және Игорь Валерянович ие болды. Артынша өнерпаз жастардың қатысуымен театрландырылған қойылым, әннен шашу шашылды. Іс-шараның соңы Студенттер сарайында қала әкімі Ғ.Қазантаевтың қатысуымен өткен кездесуге ұласты. Онда тілшілер қауымы өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, тиісті жауаптарын алды. Қойылған сауалдар арасында таптаурын болған қаладағы қоғамдық көліктердің сын көтермеуі, көшелердің жөнделуі, газ, су мәселесі және өзге де көптеген әлеуметтік мәселелер болды. Айта кетерлік бір жайт, «КБИ» мөлтек ауданынан «Шұғыла» мөлтек ауданына шығатын теміржол өткелінің құрылысы да қала басшысының назарынан тыс қалмайтын болды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: