Баспаналы болуға тағы бір мүмкіндік туды. Елімізде баспанасы жоқ жастар мен отбасылар үшін 1 наурыздан бастап, «Отау» бағдарламасы іске қосылады. Бұған дейін «9-20-25» атауымен көпшілікке танылған бағдарламаға өзгеріс енгізіліп, енді жаңа атаумен тұрғындарды үймен қамтамасыз етуде пайдалы болмақ. Бағдарламаға қатысып, баспаналы болуға асыққандар 1 наурыз бен 30 сәуір аралығында otbasybank.kz порталында өтініш жолдай алады. Егер бағдарламаның берекесін көремін деп ниеттенсеңіз, мына талаптарға сай болуыңыз керек.
- Үміткердің жинақ шоты ең кемі 18 айлық болуы керек.
- Өтінім беру сәтінде депозиттегі жинақ сомасы 1 млн теңгеден кем болмауға тиіс.
- Бағдарламаға қатысушыда және оның отбасы мүшелерінде кейінгі 5 жыл ішінде жылжымайтын мүліктің болған-болмағаны қатаң тексеріледі.
- Алматы және Астана қалаларынан тұрғын үй алатын жағдайда сол қалаларда тұрақты тіркеуі болуы қажет.
- Жобаға 18-63 жас аралығындағы кез келген азамат қатыса алады, дегенмен 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға басымдық беріледі.
«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова бұл бағдарлама арқылы алдағы 7 жылда 50 мың отбасыны баспанамен қуанту жоспарда бар екенін жеткізді.
– Жыл сайын біз қаржыландыруға 150 млрд теңге бағыттаймыз. Бұл ақша «Отбасы банктің» өз қаражаты есебінен бөлінеді, сондай-ақ Қазақстан қаржы нарығынан да қарыз алып, қаражат тартуды жоспарлап отырмыз. «Отау» бағдарламасы 7 жылға есептелген. Осы кезеңде біз 50 мың азаматтың тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесеміз, – деді ол.
Айта кету керек, otbasybank.kz порталында өтініш қалдырған азаматтардың үй алуына төмендегідей міндеттер бойынша ұпай беріледі.
Ең жоғары ұпай жинағыңыз келсе, мына мәтіметтерге көңіл бөліңіз.
- Салым бойынша сыйақы мөлшері үшін – әрбір 1 000 теңгеге 5 балл.
- Салым мерзімі үшін – салымның әрбір жылы үшін 5 балл.
- Тіркелген неке үшін – 10 балл.
- Балалардың болуы үшін – санына қарамастан 50 балл.
Берілетін несие көлемі қандай және қандай тұрғын үй сатып алуға болады?
- Алматы мен Астанадағы заемның ең жоғары сомасы – 30 млн теңгеге дейін.
- Қалған өңірлерде – 18 млн теңгеге дейін.
- Тек алғашқы нарықтағы тұрғын үй – Алматы, Астана, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында (оның ішінде ҚТК кепілдігімен үлестік қатысу шарты бойынша).
- Басқа елді мекендерде кез келген тұрғын үй.
«Отау» бағдарламасының негізгі шарттары:
- Алғашқы жарна – 20%-дан басталады.
- Несие бойынша мөлшерлеме – жылдық 9% (ЖТСМ 9,2%-дан басталады).
- Несие мерзімі – 19 жылға дейін.
Ескеретін бір жайт бар, егер үміткерлердің ұпай саны бірдей болып қалса, онда басымдық салым сомасы көбірек және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамдарға беріледі. Іріктеуден өткен қатысушылар 40 жұмыс күні ішінде несиелік өтінім бере алады. Банктен оң мақұлдау алған жағдайда несиелік өтінім 6 ай ішінде жарамды. Осы уақыт аралығында бағдарламаға қатысушы баспана тауып, несие алып, тұрғын үйді сатып алуы тиіс.
Халық-хабар
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Инфографиканы жасаған Е.Қалиев
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!