Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі аймақтың бас имамын қабылдады

09.04.2020, 10:00 432

HALYQLINE.KZ –| Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысындағы өкілі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек Әбуовті қабылдады.

Кездесуде облыстағы діни ахуал және коронавирустың таралуын болдырмау шаралары талқыланды.

«Облыста коронавирустың таралуын тежеу бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Аймақтағы мешіттердің жұмысы уақытша тоқтатылды. Қазіргідей карантин кезінде сіздер жүргізетін ақпараттық-түсіндірме жұмыстарының маңызы зор. Осы бағытта жұмыс істей береміз деген үміт басым», – деді облыс әкімі.

Б.Әбуовтың айтуынша, орталық мешіттің жұмысы 4 бағыт бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда, ақпараттық-насихат, білім беру, қайырымдылық және жат ағымдармен жұмыс. Өңірде 178 мешіт бар және 253 діни қызметкер жұмыс істейді. Сонымен қатар, 78 сырбойылық жас Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрак» университетінде білім алуда, 14-і биыл оқуын тамамдайды. Жамағатқа уағыз айтып, тұрақты жүргізілетін діни сабақтардан бөлек, имамдардың тікелей атсалысуымен қайырымдылық шаралары үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Осы күнге дейін облыста қайырымдылық шаралары арқылы аз қамтылған 20-ға жуық отбасы баспаналы болған.

Таяуда орталық мешіт жанынан діни мәселелер жөнінде 8 707 921 47 15 телефон нөмірі бойынша кеңес беру орталығы ашылды. Ал әлеуметтік желілердегі ресми парақшалар арқылы онлайн сабақтар жүргізілуде.

Жиын соңында аймақ басшысы елдегі төтенше жағдайға байланысты имамдар жұртты бірлікке шақырып, қасиетті Рамазан айы қарсаңында карантин талаптарына баса мән беруге шақырды.

«Бұл – бүгінгі күні бірлесіп атқарылатын жұмыстың ең маңызды бағыты», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: