Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Костенко шахтасындағы апат: 45 адамның денесі табылды, 1 кенші іздестіріліп жатыр

30.10.2023, 8:40 219

HALYQLINE.KZ

Қарағанды облысы Костенко атындағы шахтада 45 адамның денесі табылды, 1 кенші іздестіріліп жатыр.

Апат 28 қазанға қараған түні болған, апат кезінде жер астында 252 шахтер болған деп айтылады. 206-сы өз бетімен жер үстіне шыққан. Қалғандары сыртқа шыға алмай қалған.

Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа көмір оятын орыннан өрт шығуы себеп болған.

Қаза болған кеншілердің туыстарына жарылыстың салдарынан бөлшектенген марқұмдардың денесін тану мүмкін болмағандықтан ДНҚ-сараптамасы жүргізілетінін, туыстарынан қан алынатыны айтылды.

Бас прокуратура «Тау немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бабы (277-бап, 3-бөлік) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлады.

Қазақстанда 29 қазан апаттан қаза болған шахтерларды жалпыұлтық аза тұту күні жарияланды. Жексенбі күні Қазақстанның барлық аумағында тулар төмен түсірілді.

Қайғылы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев «АрселорМиттал Теміртаумен» инвестициялық әріптестікті тоқтатуды тапсырған. Қазақстан үкіметі кәсіпорынды «Қазақстанның мүддесіне қарай» қайтару бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып, «активтерді өзге шетел инвесторына беру мәселесі қарастырылып жатыр» деген хабарды терістеді.

Қайғылы оқиға «АрселорМиттал Теміртаудың» өзге шахтасы – «Қазақстандағы» ірі апаттан кейін 2,5 айдан соң болып отыр. Тамыз айында онда 5 жұмысшы опат болған. Былтыр қарашада Ленин шахтасындағы апат бес адамның өмірін қиған. Ал оның алдында жарты жыл бұрын Теміртаудағы металлургия комбинатында конструкция опырылып түсіп, 4 адамды мерт қылған.

Костенко шахтасындағы апат тәуелсіз Қазақстан тарихындағы өндірісте болған ең ірі апат ретінде аталып жатыр. Қазірдің өзінде 45 кенші қаза болған. Бұған дейін ең үлкен апат 2006 жылы Ленин шахтасында болды, салдарынан 41 кенші көз жұмды.

Сурет  ашық дерекөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: