Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауылы ардақтаған азамат

30.12.2021, 11:00 221

… Жарығы алысқа түсетін жандар болады. Олар «мен өйттім, бүйттім» демейді. Бірақ, жасап жүрген әрбір ісін ел біледі, ауыздан-ауызға айтады. Мына қоғамда өзіміз көріп жүргендей басып жейтіндер де, шашып жейтіндер де кездеседі. Алдыңғысы тек қара бастың қамын ойлап, тапқан-таянғанын қонышына тығады, ал екіншісі  көппен  бөліседі…

Иә, біздің айтпағымыз да осы. Тақырып ә дегеннен тіл ұшына келген жоқ. Жуырда ауылға барған кезде жұртшылық солай жарыса жеткізіп жатты. Ауылы ардақтаған азамат Абай Қазыбеков жомарт жүрек иелерінің бірі де бірегейі екенін еңбектеген баладан еңкей­ген  қартына  дейін  біледі екен. Нақтысы, «Қарақұм  дегенше, қарағым  десейші» деген  құтты  мекеннің барша тұрғыны біз тақырыпқа арқау еткен Абай Нағыметұлына дән риза. Енді ше? Ауылдың қақ төрінен Алланың жердегі үйін тұрғызып, аналар аллеясын салуды жоспарға алған Абай, енді міне, жерлестерінің құрметіне мешіт ауласынан 150 орындық асхана салып беріп отыр. Шуақты іс-шара тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен үндесіп, тілеулес қауым қуаныштан бөркін аспанға атты. Осы бір рәтті бастамаға куә болғандар арасында «Зекет және қайырымдылық» қорының Қызылорда облысы бойынша өкілі Оңталап  Жидебаев:

– Қайырымдылық – асыл қасиет. Жақсы істің басында жүру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Не жасаса да бүйрегі ауылына бұрып тұратын Абай бауырымызға Алланың нұры  жаусын, – деп ақжарма лебізін білдірді.

Сосын мешіт имамы Құлтас Тілеулесұлының дәстүрлі дінді дәріптеудегі еңбегін елеп, аудан әкімінің Алғыс хатын және кіші қажылыққа жолдама табыс етті. Ал жарқын істерге ұйытқы бола білген Абай Нағыметұлына облыс имамы Болатбек Ұласқанұлының алғысын  жеткізді. Жұрты болса атымтай жомарт  ұлының  иығына  шапан жауып, жұбайы Нұржамалға  камзол  кигізді.

Ер үшін ел қошеметінен артық не бар?! Абайдың алғыс арқалауы бүгін ғана емес. Алайда бұл жолғы істің орны бөлек. Себебі, қарақұмдықтар осы кезге дейін жалпақ жамағат­тың басын қосатын асханаға зәру-тұғын. Енді міне, сол арман орындалды. Осы жерде сәл шегініс жасап, Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылын еске түсірсек. Туған жер перзенті өзі өсіп-өнген өңірді адам танымастай кейіпке енгізіп, күллі респуб­ликаға  мәшһүр  етті  емес  пе?

Бізде де осындай азаматтардың болғаны көңіл марқайтады. Абай Қазыбеков қолға алған зәулім ғимарат, міне, көпке есік ашты. Мешітке келіп, сәждеге бас қоятындар да, ата-бабасының рухын жаңғыртып, еске алатындар да ендігі жерде аталмыш орыннан табы­лары даусыз. Зәулім ғимарат іші де, сырты да заманауи үлгіде жасалған. Бұдан бөлек, осы  Абай Қазыбеков туған жерге деген перзенттік борышым деп екі миллион теңге қаржы жұмсап, алма, алмұрт, шие секілді 200 түп жеміс ағаштарын алдыртқанын да білетінбіз. Жанға сая беретін әлгі талдар қазіргі таңда мешіт пен мектеп ауласында жайқалып тұр.

Ауылдастарының ақ батасын алған Абай Нағыметұлы осынау шуақты іс-шара аясында  дастарқан  жайды. Аудандық мәслихат депутаты  Арғынбай  Асанбаев, зейнеткер  Қазы­бек Аяпов, аудандық мешіттің бас имамы Қайырхан Қабылғазиев, №59 орта мектеп директоры Шәрбану Жанкүшікова, округ әкімі Мұхтар Бозғұлов, Қазақстан Журналис­тер одағының мүшесі Иманбай Әйтімов және өзге де тілеулес ағайын ақжарма тілектің тиегін ағытты. Қазақта «алғыспен ер, жауынмен жер көгереді» деген тәмсіл бар. Осы бір қанатты қағида қарақұмдықтардың ұдайы қамын күйттей білген ардақты азаматқа ар­нал­ғандай. Өз кезегінде жеке кәсіпкер Ерғали Ақмолдаұлы жүрегі елім деп соққан мәрт ағасы­на ер қанатына баланған тұлпар мінгізіп, ат үстіндегі Абай халқының зор қоше­метіне  бөленді.  Сондай-ақ осынау берері мол басқосуға Қарақұмдағы білім ұясынан 1984 жылы түлеп ұшқан түлектер де жан-жақтан жиналып, қолтаңбалары ретінде жаңа асхананың  ішін  ыдыс-аяққа  толтырды.

Иә, қайтар тұс. Тақтайдай тегіс жолдамыз. Көлік ішінде өміршең өлеңдерімен қазақ­тың  ақиық  ақыны  атанған Қадыр Мырзалиевтің:

Сусын қылар үмітін шөлдегенде,

Осы жерге перзентпіз сен де, мен де.

Мен барлығын сүйемін,

Сөйте тұра,

Махаббатым ерекше ел дегенде… – деген ғажап өлеңі ойға оралды.

Шындығында біз әңгімелеген Абай Қазыбековтің Қарақұмға деген сүйіспеншілігі шексіз екеніне ала қар жамылған бұйрат-бұйрат құм төбелер көз жеткізіп, керілген кең дала бүгін бала болсаң, ертең қайырлы істеріңмен данаға айналасың деп тұрғандай көрінді.

Абай  ЕЛЕШ,

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: