Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Африкалық аң Сыр талын аңсайды

14.09.2023, 9:20 244

HALYQLINE.KZ

Сыр өңірінде болмаған адамдардан кейде «Қызылорда экология, әр құдықтың басында бір-бір тал өссе өседі, болмаса теп-тегіс тақыр, сор» деген әңгімелерін естіп қалып жүреміз. Әрине, басқа аймақтарға қарағанда біздің өңірде ағаш өсіру үлкен еңбекпен келетінін мойындаймыз. Әйтсе де, Сыр бойында табиғатына тән ағаштардың түрі көп өседі. Оның ішінде, осы өңірде ғана өсетін Сыр талы – мықты ағаштардың бірі. Бұл ағашты бізде пайдаланбайтын шаруа жоқ шығар. Осы ағашқа байланысты Қалжан ахун ауылы әкімі болып жүргендегі бір қызықты оқиға есіме түсіп, соны дастарқан басында отырғанда достарыма айтып бергенмін. Сол оқиғаны сіздермен бөлісе отырайын.

2006 жылдың жаз айы. Сол жаздың жайма-шуақ бір күнінде үйге екі үлкен жол дорба ұстаған бір жігіт келді.

– Ауыл әкімісіз бе? – деді әлгі жігіт сұрақты төтесінен қойып.

– Иә, – деп, сырт жақтан келген адам екенін байқап, төрге шығарып, қонақжайлық көрсетіп, танысып жатырмын.

Сөйтсем, арнайы іздеп келген кісі болды. Алматы қаласындағы хайуанаттар бағының зоотехнигі екен. Шай үстінде қонағым келген шаруасын айтып, шарасыздықтан жолға шыққанын жеткізді. Ол кезде шет мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас орнаған уақыт. Өзге ел президенттерінің мемлекет басшысына деген құрметі бөлек. Міне, сол шақта Африка мемлекетінің президенті Қазақстан президентіне үш керікті (жираф) сыйға тартыпты. Бұталы, сирек орманды, жазық далалы жерді мекен ететін жануар дүние бөлігі саналатын Африка құрлығынан Алматы қаласына әкелінген. Үшеуі де хайуанаттар бағына жеткізіліп, арнайы бақылауға алынады. Жер шарындағы ең ұзын жануарды қызықтаушылар қатары көп екен. Алайда, дала керігі саналатын жануарды қоректендіру хайуанаттар бағы қызметкерлеріне бара-бара қиындық келтірген көрінеді. Әуелде қазақтар кәдімгі шөп, ағаш жапырақтарын, жеміс-жидектерін беріпті. Онымен керіктер дұрыс қоректенбегендіктен, жануарлардың күйі қашып, ақырында, біреуі өліп қалады. Үлкен айғай болып, мәселе президент аппаратына дейін жетеді. Хайуанаттар бағына ғалымдар келіп, жануардың азығын зерттейді. Африка мемлекетіндегі мамандармен байланысып, қорегін анықтайды. Сөйтсе, керік азық ететін ағаш жапырағы Сыр бойында өсетін Сыр талының жапырағымен сәйкес келеді екен. Соны біліп, зоопарк басшылары зоотехникті Қызылордаға арнайы жіберіпті. Бұл жаққа жеткенде, жолшыбай бір кісі Сырдария ауданындағы Қалжан ахун ауылында Сыр талының арнайы бағы барын айтып, жөн сілтепті. Сол бұйымтаймен келгенін айтып, мейман қос дорбасын көрсетті. Біреуі тал қиятын қайшылар мен жіпке толы болса, екіншісі – толған ақша. Қайшы мен жіпті әкелгені талдың жапырағын жарты метрдей етіп жіңішке шыбығымен түсірмей кесіп, кәдімгі сыпырғы тәрізді байлап дайындау керек. Оны бір айдай көлеңкеде кептіру керек екенін жеткізді. Ал ақша сол жұмыстың еңбекақысы екен. «Бір сөмке толған ақша» мені қатты ойландырып тастады. Теңгенің құнды кезі. Ондай ақшаны поезбен алып, жалғыз жүру кез келген адамның қолынан келе бермейді.

Дәл осы жылы Сырдария арнасынан тасып, егістік жерлерді су шайып, ауыл іргесіндегі «Әйтек» каналының жағасына келіп тоқтаған. Ауыл диқандары егіс еге алмай, жұмыссыздық жайлап, тұрмыстың тауқыметін тартып отырған кез. Менің түсінгенім, егін егілмеген жерге мал азығы қара қамыс та дұрыс шықпайды екен. Ата-аналар мектепке баратын балаларының киіміне қаражат таппай отырған уақыт. Осындай шақта ауыл халқына «Құдай» бір дорба ақша жіберіп тұрса, қалай қам жасамайсың? Ауылда қоршалып, күтімге алған 6 бақ бар. Онда жайқалған ағаш, бірыңғай Сыр талы өсіп тұр. Барлық талды егу, арамшөптен отау, тазалау жұмыстары мектеп оқушылары мен мұғалімдердің көмегімен бітеді. Мектеп директоры марқұм Қайрақбай ағай «ауыл әкімінің жұмысын азанда мектептен бастайды екенсің» деп кейде ұрысып алатын. Ауылдағы бақтарға қарайтын шаруашылықтан жауапты адамдар Пернебай, Дәурішхан, Қуандық, Дәулет, Сәрсенбай ағайлар мен Патыма апайды (Қанат Әлжаппаровтың анасы) әкімдікке жинап, мән-жайды түсіндіріп, орталарына бір дорба ақшаны ашып қойдым. Бәрі де жұмысты тындырып беруге келісті. Ақшаны зоотехник аға баққа жауапты кісілерге келісімшартпен тең бөліп берді де, «жұмыс біткен соң хабарын берерсіздер» деп Алматыға жол тартты.

Ауыл балалары қойсын ба, бәрі Сыр талына өрмелеп шығып кетті. Таңнан кешке дейін ағаш жапырағын буып жинайды, оны өткізіп ақшасын алады. Сөйтіп бақтардағы ағаштар бір айда жапырақтан сыптай болды. Бәрін жинастырып болған соң Алматыға хабар бердім. Олар екі «Даймон» көлігімен келіп, кептірілген Сыр талы жапырағын тией бастады. Алғашқыда ағаш бауын түйірлеп санағаннан кейін, қайта-қайта жаңылысқан соң, есептемей-ақ, бүкіл ауыл болып жабылып нығыздап толтырып, тиеп жібердік. Осылайша, ауыл балалары бір ай еңбектеніп, мектепке баратын киімдерін дайындап алған. Ауылдағы көп мәселенің бірі осылай шешілді. Сыр талы жапырағын жануарларға қалай беретінін сұрағанымда, байлаған буманы хайуанаттар бағындағы ағаштарға іліп қояды екен. Дала керігі мойнын созып, үзіп алып қоректенеді екен.

Келесі жылы көктемде, бірде жол бойындағы Сыр ағаштарына көзім түсіп кетті. Тұла бойымнан тоқ өткендей, маңдайымнан қара тер бұрқ ете қалды. Бақтағы ағаштар көктемеген, тіптен бүршік ашпаған. Ал үйлердің алдындағы ағаштар көгеріп тұр. Бұл ағаштарға не болған, өліп қалды ма екен деп, уайымдаумен болдым. Әлде, сол былтыр зоопаркке жапырақ жинағаннан болды ма? Ой деген жүйрік қой. Онсызда абыройы жоқ жұмыста, «әкім ағаштардың жапырағын сатып жіберіп, өлтіріп алыпты» деген атын айтсаңшы. Сол күннен бастап күнде азанымен бақтарды аралайтын ауруға ұшырадым. Оны қасымдағылар білді ме, білмеді ме, есімде жоқ. Күндер өтіп, мамыр айының аяғына қарай талдар бүршік ата бастады. Әйтеуір, бақтағы ағаштардың жапырақтары бір айдай кеш шықты. Алла тағаланың құдыретіне қалай таң қалмайсың? Жайқалып тұрған өсімдікті өз қажетімізге жаратамыз деп бір айда тып-типыл қылып жапырағын сатып жіберіп, өлтіріп ала жаздаппыз. Бұл түсінген адамға үлкен ескерту болды. Әр нәрсенің шегі болады екен.

Келесі жазда әлгі алматылық зоотехник тағы келді. Қызметімізге өте риза, керіктер біздің арқамызда қыстан аман шығыпты, қолында – сол баяғы қос дорба. Қанша үгіттеп мені көндіргісі келгенімен, киелі топырақта өсетін Сыр талы тіршіліктің тіні екенін ескертіп, қасиетін ұқтырғандай болдым. Осы тыныш жүрейінші, тағы бір нәрсені бүлдіріп алмай деп.

Диқандар да жері құрғап, егіске шыққан. Жайқалған ауылымның ағаштарын көріп, кейін көңілім тынышталды. Осы бақтарда ауылда өскен әр баланың қолының ізі бар. Ол кезде оқу қоғамдық еңбекпен қатар жүретін. Балалар ойнап жүріп, шаршамай-ақ біраз жұмыс тындыратын, үйдің шаруасы, бау-бақшасы, малы, оған қоса туған ауылын көркейтуге атсалысатын. Қарсы болып жатқан ата-ананы көрмеппін. Одан жаман болған жоқ. Қазіргі балаларды үйден шығару қиын боп қалды. Оларға еге бола алмай барамыз. Тәрбиені еңбекпен байланыстыруды мүлде ұмыттық. Еңбексіз тәрбие ұрпағымызды бір нәрсеге ұрындыра ма деп те қорқамын. Атаның еккен ағашы ұрпаққа сая болмаушы ма еді…

Марат  ОМАРОВ,

Сырдария  ауданы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: