Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әз-Наурыз: Қызылордалық азамат 60 келілік қойды 100 рет көтерді

24.03.2024, 23:25 912

Қойдың салмағы – 60-62 келі. Сыр елінде Ұлыстың ұлы күні кең көлемде тойланды.

Аймақтың әр ауданы мен ауылдарында киіз үйлер тігіліп, тұрғындар үшін мерекелік концерт ұйымдастырылды.

«Наурыз – береке бастауы» атты мерекелік іс-шарада «Руханият ауылы», «Ұстаздар ауылы» , «Ардагерлер ауылы», «Ақындар ауылы» «Денсаулық ауылы», «Еңбекшілер ауылы», т.б. деп аталатын киіз үйлер тігілген. Киіз үйлерде жарапазан айтылды, қыз бен жігіт айтысып, қазанжаппай жабылды.

Сондай-ақ, қолөнершілер фестивалі өтіп, театрландырылған қойылым қойылды. Қазақтың дәстүрлі «Сырға салу» рәсімі көрсетіліп, ата-әжелер ансамблі халық әндерін шырқады.

Ұлттық спорт түрлері көпшіліктің делебесін қоздырды. Әсіресе, қой көтеру сайысына 50-ден аса білекті жігіт қатысып, күшін байқап көрді.

Қой көтеру сайысында Айғали Қалдыбек 60 келіден асатын қойды 102 рет көтеріп, жеңімпаз атанды.

«Мен күрес түрімен айналысамын. Бүгінгі қой көтеру жарысына небір мықтылар қатысты. Әрине, бұл жерде біріншіден, техника да рөл атқарады. Бағым жанып, жеңімпаз атандым. Жүлдеге қойды еншіледім», – дейді ол.

Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шара ҚР Еңбек сіңірген әртісі Күлән Қалымбетова, эстрада әншілері Жанболат пен Жазира, Айгүл Қосанова және Сыр өнерпаздарының қатысуымен ұйымдастырылған концертке ұласты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: