Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адам өлтіру қылмысын кім тергейді?

03.05.2021, 17:15 1052

«Адам мен қылмыс жатырлас» деген сөз бар. Расымен, ежелден қоғам мен қылмыс қатар ұғымға айналған. Теріс әрекеттері үшін жылдан-жылға түрлі айла-тәсіл тауып, арына қылау жұқтырмай жүрген қылмыскерлер жетерлік. Ал оған қарсы тұратын біздегі жүйенің қабағын қырау шалған. Әсіресе, кісі өлтіру қылмыстарын дер кезінде ашып, қылмыскерді жауапқа тарту баяулап тұр. Тіпті, бұл мәселені президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің өткен жылғы жолдауында қозғаған еді. Мемлекет басшысының пікірінше, заң үстемдігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпейінше әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір аспектісін табысты жүзеге асыру мүмкін емес. Қысқасы, құқық қорғау органдарында үлкен реформа болады деген еді. Осы тұрғыда, Қызылорда облысы прокуратурасының ұйымдастыруымен «Болашақ» университетінде қылмыстық процестің үш буынды моделі талқыланды. Жиында қылмысты тергеудің жаңа жүйесі таныстырылды.

Халықаралық тәуелсіз ұйымдардың статистикасына назар аударсақ, еліміз қауіпсіз елдердің қатарына жатпайды. Яғни, жергілікті халық өзін қауіпсіз сезінбейді. Әлемдегі қалалар мен елдер жайлы ең үлкен деректер мұрағаты бар Numbeo орталығының мәліметінше, Қазақстан қылмыс көп жасалатын аймаққа кіреді. Дәлірек айтсақ, қауіптілік бойынша 133 елдің арасында 34-орынға тұрақтаған. Салыстырмалы түрде көршілес Өзбекстан 108-орында тұрса, Ресей 79-орынға жайғасқан. Айта кетейік, бұл мәліметтер жергілікті тұрғындар берген деректерден тұрады. Яғни, билік басындағылар беретін «соқыр» статистикаларды есепке алмайды. Мамандар әр елдегі қылмыстық ахуалды жан-жақты сараптап, шешім шығарады. Бұл статистикаға қарап отырсақ, еліміздегі қауіпсіздік деңгейі шынымен төмен екеніне көз жеткізе аламыз.

«Болашақ» университетінде өткен іс-шараның да басты маңызы – осы олқылықтың орнын толтыру. Семинар-кеңестің өткізілуіне ағымдағы жылдың наурыз айында Бас прокурор мен ІІМ арасындағы кісі өлтіру қылмыстарын ведомствоаралық тергеу тобын құру арқылы тергеп-тексеру пилоттық жобасын іске асыру туралы бірлескен бұйырыққа қол қоюы себеп болды. Бұдан былай, қыркүйек айынан бастап кісі өлтіру қылмыстары бойынша тергеу тобы құрылып, оның жетекшісі болып прокурор тағайындалады. Ал тергеушілер мен полицияның жедел қызметкерлері топ мүшелеріне енеді. Прокурор күдікті деп тану, бұлтартпау шарасын қолдану, қылмыстық істі тоқтату және айыптау актісін жасау сияқты негізгі 10 шешімді қабылдайды. Тергеушілердің мойнына артылатын жүк те азаймайды. Олар қылмыс болғаннан соң, жауап алу, тінту, сараптама тағайындау жұмыстарын жүзеге асырады.

Жаза басқандарға жазаны күшейту керек. Ал қылмыскерді жазалау үшін алдымен оны дер кезінде тауып, айғақ-дәлелдермен оның кінәсіне толық көз жеткізе білу керек. Пилоттық кезеңнің маңызы жоғары. Сол үшін де бұл кезеңде прокурорлар тергеу тәжірибесін тереңінен меңгеруге міндетті. Осыған байланысты іс-шарада арнайы экран арқылы кісі өлтіру қылмысы болған жерде қандай жайттарға мән беру керек және осы бағыттағы басқа да мәселелер қаузалды. Қылмыс орнын зерттеуге арналған түрлі құрылғылар таныстырылып, сол жерде туындайтын проблемалар айтылды. Жиынға қатысушылар түсінбеген тұстарын сұрап, арнайы мамандардан кеңес алды. Өз ісінің шеберлері ортаға шығып, өз біліктілігімен бөлісті.

Жаңа форматтағы қылмыстық процестің мақсаты – үш буынды модель қалыптастыру. Яғни, полиция қызметкерлері қылмысты ашады, қылмыскерді анықтайды, дәлелдерді жинақтайды және бекітеді. Ал прокурор болса, жиналған айғақтарға тәуелсіз баға беріп, азамат құқығының бұзылуына тосқауыл қояды, сотта мемлекеттік айыпты қолдайды. Ал сот қос органның шағымдарын қарап, шешім шығарады. Қылмысты ашудың жаңа форматы осылай жүрмек. Прокурорлар 2022 жылдан бастап кісі өлтіру, 2023 жылдан бастап аса ауыр және сыбайлас жемқорлық қылмыстарын, 2024 жылдан бастап барлық санаттағы қылмыстар бойынша негізгі шешімдерді өздері қабылдайды. Осылайша, қылмыстық істер бойынша негізгі шешімдерді қабылдау құзыреті кезең-кезеңімен прокурорларға жүктеледі.

Статистикаға сенсек, елімізде жыл сайын жасалған қылмыстар саны азайып келеді. Десе де, іс жүзінде бұл сандарға сену қиын. Оның үстіне қара халық түрлі реформа жүргізілді дегенге аса қатты алаңдамайды. «Жеме-жемге келгенде сол өзгерістер орындалады ма?» деген сұрақ көпшілікті мазалауы мүмкін. Орындалған күннің өзінде жаңа жоба қалталылардың қолшоқпарына айналмайды ма деген де қорқыныш жоқ емес. Кей органдардың жұмысына көңілі толмағандықтан қылмыскерлерді халықтық жазаға беріңдер деп жүргендер де бар. Бірақ, үмітсіз шайтан. Бұл үш буынды модель – Еуропа елдерінде аса танымалдыққа ие, өз жемісін беріп жүрген сәтті жүйе. Оның үстіне бұл модельге көшу сонау 2014 жылы ұсынылыпты. Алайда ол жылы тек ұсыныс ретінде қалып қойған. Реті келіп, бұл ұсынысқа көшудің жолы түсті. Сол үшін жаңа жобаға сенім көп. Президент ұсынған үш буынды модельден келетін жетістік көп болады деп сенеміз…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: