Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қазақ Гарварды» – білімнің қарашаңырағы

08.11.2023, 17:10 567

Биыл білімнің қарашаңырағы, «Қазақтың Гарварды» атанған Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ашылғанына 95 жыл толды. Ғасырға жуық тарихы бар оқу орны бүгінге дейін 200 мыңға жуық педагог пен 4 мыңнан астам ғылыми маманды дайындап шығарды. Білім көкжиегінде небір жетістікке жеткен оқу ордасының қуанышы Абай атындағы опера және балет театрында салтанатты түрде дүркіреп өтті. Іс-шараға министрлік өкілдері, Ұлттық Ғылым академиясының ғалымдары, еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми институттардың басшылары, университет оқытушылары мен түлектері қатысты. Сондай-ақ мереке қарсаңында Абай атындағы ҚазҰПУ мен Қазақстанның Этнодизайн одағының қолөнер шеберлерінің шығармашылық көрмесі қонақтардың назарына ұсынылды.

Оқу ордасының қуанышына ортақтасып, риясыз құттықтау тілегін жолдап жатқан білім ұйымдары мен ел азаматтарының хатында есеп жоқ. Турасында, бұл мерейтой – оқу орны үшін ғана емес, қазақ білімі мен руханияты үшін ерекше күн. Жиынның басында Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ректоры Болат Тілеп оқытушылық құрам мен жиналған қауымды мерекемен құттықтай отыра, университет жайында мақтанышпен айта алатын айрықша жетістіктерді сөз етті.

95 жыл – тарих үшін қас-қағым сәт, бір адамның өмірі ғана, десе де құдығын инемен қазатын, әрбір жаңалығын көз майын тауысып жазатын, әрбір маманын майшаммен табатын ғылым-білім үшін үлкен кезең. 95 жыл тұтас бір дәуір. Біз үшін ол білім ордасының алғашқы кірпішін С.Асфендияров, О.Жандосов, С.Сейфуллин, А.Байтұрсынұлы  секілді асылдар қаласа, қабырғасын М.Әуезов, Ә.Ермеков, Т.Жүргенов сынды ғұламалар көтерген, күмбезін М.Ғабдуллин, Ахмеди Ысқақов, Құлжабай Қасымов сияқты игі жақсылар жапқан тарихи дәуір. Осы жолда кезінде не бәрі 9 оқытушымен басталып, бүгінде 5 академик, 6 Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, 220 ғылым докторы мен Phd маманды, 261 ғылым кандидаты, ұзын саны 996 жоғары білікті профессорлық-оқытушылық құраммен 16 мыңнан астам студентке заманауи білім беріп отырған берекелі дәуір, дейді университет ректоры Б.Тілеп.

Ректордың айтуынша, бүгінде еліміздегі 7 мыңнан аса мектептің ішінде  Абай университетінің түлегі жұмыс істемейтін бірде-бір мектеп жоқ көрінеді. 

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те білім ордасының торқалы тоқсан бес жылдық мерейтойымен барша халықты құттықтап, арнайы бейнежазбасын жолдады. «Ұстаздар ұстаханасы, білім мен ғылымның алтын ортасы атанған қарт ҚазПИ үшін бұл бір күндік естеліктің мерекесі емес, қазақ жоғары білім беру жүйесінің, барша халқымыздың ортақ мерекесі деп бағамдар едім. Бір ғасырға жуық уақыт ішінде Абай университеті Тәуелсіз Қазақстанның дамуына елеулі үлес қоса отырып, қоғамдық өмірдің түрлі саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ғалымдар, педагогтер, зиялы қауым өкілдерін даярлап шығарды. Бұл университетте табанды еңбек етіп келе жатқан әріптестерімнің арқасы» дей келе, университеттің алдағы уақытта да педагогикалық білім беру жүйесінің көшбасшысы болып қала беретіне сенім білдірді.

Мерекелік жиында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ілиясұлы шәкірт тәрбиелеуде және ғылым-білім жолында тер төккен әдіскер-ғалымдарға арнайы құттықтау қағаздарын табыстап, төсбелгімен марапаттады.

Еңбегі еленіп, вице-министр қолынан марапат алған Күләш Оразбекованы аз-кем сөзге тартып, білім-ғылым саласындағы еңбектерімен таныстық. «Сонау жетпісінші жылдардан бастап есептегенде, осы оқу орнында қызмет еткеніме елу жылдан асты. 95 жылдық мерейтойға куәгер болғаным үшін бақыттымын» дейді жанашыр ұстаз.

  • Осы күнге дейін жастарды Кеңес үкіметінің жалпы психологиясымен оқытып келдік. Тоқсаныншы жылдарға дейін психологияны орысша оқыттық, емтиханды орыс тілінде алдық. Сәрсенбаев, Жөкешов, Елебеков, Тәжібаев, Мұқанов сол кеңестік кезеңде көптеген ұлттық, төл психологиямыздың мәселесін көтерді. Бірақ ол кезде оның көбі жариялана бермейді ғой. Қазір отыз жылда қаншама дүниені зерттеп, кейінгі он жыл ішінде үш томнан тұратын ұлттық психологияны жарыққа шығардық. Төл психологияға қатысты еңбектер қазақта бүгінге дейін болмаған, тіпті әлемде де толық зерттелмеген. Тұлғаны қалыптастырудағы қазақтың 25 үлгісіне қызыққан ағылшын ғалымдары ағылшын тіліне аударылса деген ұсыныс та тастап жатыр. Міне, биыл ғылыми еңбектің үшінші томы жарық көрді. Үш том 600 беттен тұрады. Алғашқы томы – Ұлттану. Бірінші кітапта ұлттық рәміздерден бастап, салт-дәстүр, тарих, мәдениетімізге қатысты ақпараттың түгелі берілген. Екінші кітап – Жантану. Абай айтқандай, өзіңді тану арқылы әлемді, өзгені тануға үйретеді. Үшінші кітап – Адамтану. Бұл кітапта ұлы тұлғаларымыз Әбу Насыр әл-Фараби мен Мұхаммед Хайдар Дулатидің адамтану үлгісі берілген. Абай аталарың адамда отыз түрлі жүрек болады дейді. Дулати қырық бір түрлі жүрек бар дейді. Осының бәрін жоғары оқу орындарында оқытар болсақ, жан дүниесі жаңарған, жылы жүректі жастарды тәрбиелей аламыз, – дейді университет профессоры, психология ғылымдарының докторы К.Оразбекова.

Сексеннің сеңгіріне шыққан ұстазға қарасаңыз, кәріліктің табы да білінбейтіндей. Ұстаздың өзін-өзі ұстауына қарап, таңғалып қалыппыз. «Сексен деген аз жас емес. Сендер үлгі алсын дейміз. Сабаққа мыжырайып, ақсаңдап бару деген студенттерді қызықтырмайды. Біз мықты болып, сөйлеген сөзімізден киген киімізге дейін дұрыс болса, жастар да ұстазға қарап бой түзейді» деп жастарға ақ батасын берді.

Сондай-ақ іс-шара аясында А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының ғылыми қызметкерлерінің Мәскеу қаласының архивінен тапқан  оқу орынымызда 1929 жылы түсірілген бейнетаспадан үзінді көрсетілді.

Абай атындағы ҚазҰПУ – ұлт марғасқаларын тәрбиелеген рухани білім ордасы. Белгілі ғалым, әдебиеттанушы Сейіт Қасқабасов, қазақ мәдениетінің қара нары Өзбекәлі Жәнібеков, атақты математик Орынбек Жәутіков, жазушы, киносценарист Әкім Тарази сынды әрқайсысы елге тұтқа болған азаматтар түлеп ұшқан қасиетті орын. Бұл кеште оқу орнының тарихын, оқытушылардың еңбегі мен түлектердің жүріп өткен жолын да еске алдық. Университет түлектері Медеу Арынбаев  «Айттым сәлем, Қаламқас», Нұрлан Өнербаев «Қарағым-ай», «Ауылым» әндерін нақышына келтіріп шырқады. Күйші-домбырашы, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева да жиналған жұртты қуанышымен құттықтап, Н.Тілендиевтің «Аққу» күйін орындады. Іс-шара университеттің таланты студенттерінен құралған хор әншілері, бишілер тобы мен «Blues Band» тобының өнерімен жалғасты. Абай атындағы опера және балет театрының солистері мен Ғ.Мүсірепов атындағы өнер майталмандарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.

Бүгінде Абай атындағы ҚазҰПУ әлемнің 25 мемлекетінің 138 жоғары оқу орындарымен  байланыс орнатқан. Әлемдік аренада QS World University Rankings, The Times Higher Education World University Rankings және THE Impact Rankings сынды беделді рейтингтерге қатысып, үздік университеттер қатарынан көрініп келеді. QS World University Rankings рейтингінде 2023 жылдың қорытындысы бойынша 681-690-орынды иеленіп, әлемдегі үздік 700 университеттің қатарына енді. Тұрақты даму мақсаттарын басшылыққа алған THE Impact Rankings рейтингінде университет 601-800-орыннан көрініп, қазақстандық университеттердің арасында көш бастап тұр.

Айсұлу СЪЕЗХАН,

Алматы қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: