Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жұмыссыз жүрген әйел көп

26.05.2022, 10:40 934

Баға шарықтап, теңге құнсызданған нарық­тық заманда ерлермен қатар әйелдердің жұмыс істеуі бүгінгі күні ерсі көрінбесі анық.  Иә, шаңырақтың жүгін бірге арқалаған қыз-келіншектердің қызмет атқаруына көзіміз үйрені­сіп-ақ кетті. Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербеткен деген нақылдың айтылуы тегін емес екенін қазіргі алмағайып заман түсіндіргендей. Отбасы тәрбиесі мен жұмысты тыңғылықты атқаратын әйел­дердің біршамасы билік басында жүр. Бұған заманымыз өзі жетелеп апарды. Әйел қауымының шаруа басына қосылғанына еш өкініш жоқ. Керісінше, әйелдеріне сабылып жұмыс іздеп жүретін ер-азаматтардың барына қуанамыз. Дегенмен, мемлекеттен қашанда қолдау күте­тін халық екеніміздің тағы бір дәлелі – істейтін іс табыл­мағаннан кейін жұмыс іздеп, жұмыспен қамту орталы­ғына тіркеле­міз. Бүгін­гі күні осы жұмыссыздық облыс бойынша түйткілді мәселеге айна­лып отыр. Аймақта «екі қолға – бір күрек» табылмай жүрген әйелдер саны басым. Санға шағып, 2022 жылдың 1-тоқсанындағы статистика мәліметіне сүйенсек, аймақта әйелдер арасында жұмыс­сыздық деңгейі 4,7%-дық үлеске жеткен. Бірақ 2021 жылмен салыстырғанда 0,2%-ға төмендеген. Сондай-ақ  жұмыспен  қамту  орталығына  биыл 7469  нәзікжанды тіркелген. Бұл тек тіркеуге алынғандардың пайыздық көрсеткіші болса,  санаққа кірмеген, қызметі жоқ жандар қаншама десеңізші. Сонымен қатар отба­сы тіршілігін бәрінен жоғары қоятын әйел қауымының  бүгін­гі  жұмыспен  қамтылуы  қалай?

Облыс бойынша 9 жұмыспен қамту орталығы бар. Барлығы ашық және электронды жүйеде өз-өзіне қызмет көрсету жүйесімен қамтылған. Алайда бәрі интернет құрылғысы арқылы болғандықтан кей аналардың ол құрылымды түсінуі екіталай. Сондықтан да «Жұмыспен қамту орталықтары жұмыспен қамтып жатыр ма?» деген сауалды Қызыл­орда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына  қоюымызға тура келді.  Олардың мәліметінше, халықты жұмыспен қамту орталықтары мамандары ірі және орта кәсіпорындармен кездесу­лер, семинарлар өткізіп, «Электрондық еңбек биржасы» порталын пайдалану, бос жұмыс орындарын енгізу туралы түсіндірме жұмыс­тары жүргізіледі. Сонымен қатар, 2022 жылы ақпараттық түсіндірмелер жүргізу мақсатында арнайы іс-шаралар мен облыс әкімдігі ғимаратында «Жұмыспен қамту саласындағы өзгеріс­тер» туралы БАҚ өкілдеріне хабарлама, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасының аясындағы жаңа ережелерді тікелей эфирлерде түсіндірмелер беріледі. Бұдан басқа, басқарманың, халықты жұмыспен қамту органдарының интернет порталдарына, facebook парақшасына ақпаратық түсіндірме орналастырылған. Сонымен бірге, жұмыссыздар үшін еңбек нарығындағы қажетті дағдылар мен біліктіліктерді меңгеру үшін қысқамерзімді курстар ұйымдастарылады. Бұл қурсты оқу арқылы әр жұмыссыздыққа тіркелген адамдарға грант ұсынылады. Яғни бизнес жоспарына байланысты қайтарымсыз қаражатты иеленеді деген сөз. Осы жобаның ар­қасында көпшілігі өз кәсібін бастап, тіршілік қамытын  арқалап  жүр.

Қазіргі таңда еліміздегі жұмыссыздықты жою үшін көптеген мәселе қарастырылуда. Мемлекет тарапынан қолға алынып, ұсыны­лып жатқан бағдарламалардың түр-түрі бар. Алайда ол бағдарламалар жұмыссыз халық­тың  құлағына  жете ме? Міне, дәл осындай сұрақтарды қарапайым қала тұрғындарына қойған  болатынбыз.

– Мен «Бизнес бастау – 2021» мемлекеттік жобасы арқылы жоспар жасап, өз кәсібімді бастадым. Негізі жұмыссыз, баламен үйде отырған әйел едім. Үш айлық тегін курсты оқу арқылы бизнес жоспар дайындап шығып, әрі қарай оны қорғап, өз бизнесімді бастауға қайтарымсыз қаражатты жеңіп алдым. Бұл жоба­ның маған әкелген пайдасы өте зор болды. Қазір кішігірім кәсіпкер атанып отырмын, – дейді  Ақтолқын  есімді  қала  тұрғыны.

Сондай-ақ ертеден әйел заты үйде отырып, ұрпақ тәрбиесімен айналысу керек деген түсінік кей шаңырақтарда бүгінге дейін қалыптасқан. Бұны теріс оймен айтқанымыз емес, керісінше ұлт тәлімінің құндылығы аса маңыз­ды. Бірақ жұмыссыздық адам баласының психология­сына әсер етуі мүмкін. Бүгінде қаншама отбасы жұмыссыздықтың кесірінен күйзеліске түсіп, өміріне бір көлеңкесін түсірмей қоймайтыны хақ. Психолог мамандардың айтуынша, жұмыс табылмай, тұрмыс тіршілігі қиындаған жандардың өмір сүру барысы төмендеген жағдайда оны психологиялық стреске әкеп соқтырады. Сондықтан күнделікті тіршілікке көлеңкелі жақтарын түсірмеу үшін берілген бар мүмкіндікті пайдаланып, мейлінше заман ағымына  қарай  бағытталуымыз  керек.

Кейде аналардың базарда немесе көшеде қайыр тілеп отырғанын көргенде ет жүрегің қан жылайды. Дамыған елдер қатарындамыз деп ойлап жүрміз. Тап бір бізде бәрі жақсы, ойда­ғыдай  заман  тәрізді. Десе де, қиын да күрделі кезең­дерді көріп те, қабылдап та келе­міз. Бұны көпшілігі аңғармай, көзін ашып қара­май, өтіп  кетіп   жүргендей  көрінеді.

Оразкүл  БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: