Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жолдауда не дейді, көңіл неге сенбейді?!

16.09.2021, 13:00 316

Қазіргі таңдағы ақпарат ағыны көз ілеспес жылдамдықпен дамығаны, жалпақ тілде айтқанда, бұрынғыдай емес, «халықтың көзі ашық, көкірегі ояу» екендігі әмбеге аян. Осы ретте қалың бұқараның ертеңгі күннен үкілі үміт күтіп, әр таңды ізгі арманмен қарсы алатыны тағы рас. Әсіресе, бұл «сананы тұрмыс билеген», әркім өз пұшпағын илеген, қуаңшылық қажытып, кеселден әбден ығыры шыққан бүгінгі қоғамда елеулі сипатқа ие десем, қателесе қоймаспын.

Әрине, мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында істеліп жатқан ілкімді істер баршылық. Өзгесін айтпағанда, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын анағұрлым деңгейде жоғары көтеру аталмыш сала қызметкерлерінің ризашылығын туындатқанын естіп, біліп жүрміз.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі

Асхат Аймағамбетовтің,

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың,

Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымованың,

Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысы

Әділхан Жөлекешовтің назарына

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған «Биылғы қаңтар айынан бастап педагогика саласының қызметкерлерінің жал­ақысы 25 пайызға көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсаймыз. Қабылданған шаралар жемісін беріп жатыр. Педагогикалық мамандықты қалап, оқуға түскендердің орташа балы күрт өсті. Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз» деген сөйлемдер ұстаздар қауымының, мектепке дейінгі білім беру ұйым­дары қызметкерлерінің (балабақша тәрбиешілерінің) де көңілін делбегені  басы  ашық  жайт.

Солайы, солай. Бірақ… Қазалылық тәрбиешілердің көңілін күпті қылған төмендегі түйткілді де тежеп қалмайын. Тәрбиеші­лердің еңбегіне тиесілі айлық жала­қының уақытынан кешіктіріліп берілуі сала қызметкерлерінің қабырғасына аяздай батып отыр. Мәселен, балабақша тәр­биешілерінің тамыз айындағы айлы­ғы күні бүгінге дейін (13.09.2021 ж) берілген жоқ. Бір-екі күнде босатылғанның өзінде қыркүйек айының тең ортасы бола­тыны белгілі. Әрі бұл алғаш рет  болып  отырған  жайт  емес.

Ал мектеп мұғалімдері тиесі­лі айлықтарын кідіріссіз алып тұр. Сонда бұл қалай? Бір салаға, бір бөлімге қарасты мекемелер­дегі жағдай  неге ала-құла? Бұған  не  себеп болып отыр? Қаржы жетімсіз шығар дейін десең, мемлекет басшысының Жолдауында қозғалған білім саласына (оның ішінде балабақша ұжымдары да бар шығар деп ойлаймын) жасалып жатқан қамқорлықтар, алдағы үш жылда салаға жұмсалатын қаржы көлемі ауыз толтырып айтуға тұрады. Әлде, басқа себебі бар ма? Бұған кім немесе нендей жағдай  кінәлі?

Бүгінгі таңда елімізде несие алмаған адам, отбасы некен-саяқ шығар. Жалақының мейлі, бірнеше күнге болсын кешіктіріліп берілуі кез келген адамның несие қарызының өсуіне, үстемше (пения) ақша төлеуіне соқтырмайды деп кім кепіл бола алады?! Банктер «айлық  ала  алмай  жатырмыз»   деген  уәжге  құлақ асса жақсы. Әй, қайдам…

Таныс тәрбиешінің «құлағым­дағы сырға, қолымдағы сақинам­ды ломбардқа өткізіп, кредитімнің өткен айдағы төлемін төледім» деген мұңды сөзімен жазбамды аяқтаймын. Ал келесі жолы айлық тағы да кідірсе ше?!.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданының 

«Құрметті  азаматы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: