Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жер кезегі неге жылжымайды?

23.02.2023, 13:00 1053

Өтіріктің үш түрі бар: өтірік, пасық өтірік және статистика.

Бенджамин Дизраэли

Өмірге келген әрбір адамзаттың бір мақсаты – жер алып, өз үйін тұрғызу. Әсіресе, ер-азаматтардың баспанам болмайынша отау құрмаймын дейтіні көп. Бұл жауапкершіліктің бір белгісі деп қабылдауға болады. Дегенмен, мемлекеттен жер телімін алу үшін кезекке тұруға болатынын еске саламыз. Алайда ұзын-сонар кезекті күту шыдатпайтын процесс екені түсінікті. Халық арасында «кезегіміз жылжымайды, бәрі таныс арқылы жүргізіледі, бізді кезектен шығарып жіберген де шығар» деген қаңқу сөздер жиі айтылады. Бір адам айтса мейлі, бірнеше адам бекерден-бекер айтпасы сөзсіз. Біз соның анығын білу үшін зерттеу жүргізейік.

2005-2022 жылдар аралығында Қызылорда қаласы  әкімінің жер кезектілігінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін 70059 адам тіркелген. Ал, соңғы үш жылда 2020 жылы 168 азаматқа, 2021 жылы 223 азаматқа, 2022 жылы 133 азаматқа жер учаскесі табысталған. Бүгінгі күні жер учаскесі 2005 жылғы тіркелгендерге берілуде. Жалпы, 2005 жылы 11163 адам тіркеліп, оның 7413-іне жер берілсе, 3750 адамға алдағы жылдары үлестіріледі. Барлығына Қызылорда қаласына қарасты Саяхат, Титов, Әл-Фараби, Ақмаржан, Қорқыт ата және Бәйтерек тұрғын аудандарынан жер учаскелері берілген және беріледі. Бұл аумақтарда ифрақұрылым желілері, яки газ, ауызсу, жарық толығымен жүргізілген. Сондай-ақ, жол да пұшайман халде емес. Нақты ақпарат үшін және қай жылы қанша адам тіркелгенін кесте арқылы көрсетейік. Шамамен кезегіңіз қашан жақындайтынын  қарап  көріңіз.

Жалпы, жер кезегінің сағызша созылуы белгілі болды. Себебі 2005-2007 жылдары қала­да 10 мыңнан аса адам кезекке тұрған. Сол себепті кезекте кептеліс болуы заңдылық. Қызыл­орда қалалық жер қатынастары бөлімінің айтуынша, шаһар басшысының атына жер кезегінде тұрған азаматтар белгіленген кезектілік бойын­ша тізім әзірленген және ол өзгермейді деп айтты. Жер кезегіне қатысты жалған әңгіменің барлығын осылай жоққа шығарды. Өзіңіз жер кезегі бойынша ақпарат алғыңыз немесе кезегіңізді білгіңіз келсе, map.gov4c.kz электронды порталы арқылы бүкіл мәліметті  алуға  болады.

Естеріңізде болса, өткен жылдың соңында «Достық үйінде» аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қызылордалықтарды қабылдады. Сол кезде билікті жемқорға теңеп, журналистердің шындықты айтуға мүмкіндігі жоқ екенін мәлімдеген Кирилл Кан есімді қала тұрғыны болған еді. «Ашынған адамның айқайы ащы шығады» атты мақаламызда мәселесін жазған болатынбыз. Міне, оның мәселесін білу үшін тиісті бөлімнен сұрап көрдік. Бізге былай  жауап  қатты.

– Қызылорда қаласы әкімінің атына жеке тұрғын үй құрылысы үшін азамат Кирилл Кан (сол уақыттағы мекенжайы: Шұғыла 74а\63) 25.12.2006 жылы К-19215 санды кезегі бойынша тіркелген. Қазіргі таңда, 2005 жылғы кезекте тұрған азаматтарға жер учаскелері берілуде. Кезектілік бойынша қанағаттандырылатын болады, – делінген хабарламада.

Алдағы уақытта Кирилл Кан есімді қала тұрғыны да жер учаскесін иемдегендердің бірі болар. Айта кету керек, бұл кейіпкер – бірінші топтағы мүгедектігі бар жан. Алайда Қазақ­стан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексінің 44-1-бабына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері сұратыл­ған кезде азаматтардың өтініштері (қолдаухаттары) арнайы есепке алынады. Соны­мен қатар, бөліп берілетін алаңдардың дайын болуы­на қарай не жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылатын бос аумақтар бар болған кезде қанағаттандырылады делінген. Бұл кодексте ешқандай жеңілдіктер туралы айтылмаған. Яғни жер учаскесі берілетін кезде көпбалалы отбасы, ерекше жандар т.т. санаттарға жеңілдіктер жоқ. Тек қатаң түрде кезектілік  бойынша  ғана  беріледі.

Өңірде бір мезетте «Бәйтерек» мөлтек ауданынан 2016 жылы 6600 адамға (2005 жылы тіркелгендерге) жер уческесі табысталды. Бірақ жерді алып, артынша шөлсіз далаға тап болған күй бәйтеректіктерге аян. Уәдесін үйіп-төккендер басқа қызметке ауысып, халықтың жайы қараусыз қалды. Бұл мөлтек аудан жайлы БАҚ-та біраз айтылды. Десе де, жақында ғана шырайы шығып, жағдайы тұрақталуда. Осы уақыт  аралығында сөздерінің сырты  жылтырауық, іші   қалтырауық  басшылардың  кесірінен  игермеуіне  байланысты деген  уәжбен  1475 адамға  берілген  жер учаскесі мемле­кет қорына  қайтарылды. Осы  қайтарылған  жер  учаскелері кезекте тұрған азаматтарға ұсынылуда. Ал, «Бәйтерек» тұрғын ауданынан  5112 азаматқа жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері уақытша өтеулі жер  пайдалануға үш жыл мерзімге берілген. Табысталған жер учаскелері бойынша барлығы 2567 құры­лыс нысаны жүргізілген. Оның ішінде тұрғын үй –  2213, құрылысы аяқталмағаны – 135, ірге­тасы  бар – 219.

Қызылорда қаласы бойынша жер учаскелерінің кадастрлық (бағалау) құны бекітілген базалық ставкасына сәйкес белгіленген. Ал нарықтағы баға бойынша жергілікті атқарушы орган тарапынан белгіленбейді. Айта кету керек, 10 сотық жер беру бұрыннан бар болса да, соңғы уақытта сұранысты болды. Себебі кез келген азаматтың Қазақстан Республикасының Электрондық үкіметінің egov.kz порталы арқылы тұрғын үйдің жер кезегіне кезекке тұруға мүмкіндігі бар. Қызылорда облысы немесе басқа да аймақтарға жер кезегіне тұра алады. Бұған қоса, жер телімін алуда мынадай өзгеріс бар. 

– Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алу үшін Қазақстан Республикасының азаматтары «Жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі қағидаларды бекіту туралы» Қазақстан Респуб­ликасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы №301 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу  тізілімінде № 21366 болып тіркелген) бекітілген «Елді мекен шегінде объект салу үшін жер учаскесін беру» мемлекеттік қызмет  көрсету қағидаларына сәйкес өтініш беретінін және осы қызметпен Қызылорда қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан айналысатынын білдіреміз, – деді Қызылорда қаласының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің сектор меңгерушісі Мейрамбек Әжібеков.

Бүгінде жер учаскесін кәсіпкерлік мақсатта азаматтар жиі алуда. Жастардың кәсіпке бейім болуы елдің экономикасына сүбелі үлес қоспақ. Сол себепті мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті нығайту бойынша біршама бағдарлама жүзеге асуда. Осы тұста, «жерді кәсіппен айналысуға қалай алуға болады?» деген сауал туындайды. Жер кодексінің 48-бабы 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын беру сауда-саттықтарда (конкурстарда, аукциондарда) жүзеге асырылады делінген. Бұған қоса, 3-тармақ бойынша инфрақұрылымды зерттеп барып, жалға немесе жекеменшікке аукционға шығарылады. Осыған қатысу арқылы кәсіпті бастауға толық мүмкіндік бар. Бұл конкурс өткізу тәртібі және өткізілетін орны, уақыты туралы ақпаратты Gosreestr.kz сайтынан алуға болады.

Жер кезегі тақырыбы қоғамда өзекті. Сондықтан егжей-тегжейлі айтуға тырыстық. Тіпті осы жылы жер алатын «Келесі кезек кімдікі?» деген мақсатпен 10 адамның тізімін көрсе­тейік.

Дисклеймер: Тізімдегі азаматтардың растығына республикалық «Халық» газеті жауап бермейді. Бұл ақпарат Қызылорда қалалық жер қатынастары бөлімінің берген мәліметі бойынша жарияланды.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: