Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ЖАППАЙ ВАКЦИНАЦИЯЛАУ: дұрыс па әлде бұрыс па?

28.01.2021, 12:00 553 0

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді атам қазақ. Сол тәмсілді ұстанып, жарты жыл карантиннің қамауында отырып, ауырмаудың амалын істедік. Дегенмен, вирустың сейілетін түрі жоқ. Әлемдегі ахуал тым мүшкіл. Еліміздің жағдайы да оң емес. Сол үшін індет әлемге таралғаннан-ақ көптеген елдер вакцина жұмыстарын бастап кеткен болатын. Ол жұмыста­р өз жемісін беріп те жатыр. Көршілес Ресей мемлекеті вакцинаны­ алғашқы болып шығарса, америкалық Pfizer компаниясының вакцинасын ДДСҰ шұғыл қолдануға рұқсат беріп, күдік толы кеудеге сенім ұялатты. Бұл бәйгеден еліміз де қалыс қалмай, өз вакцинамызды бастап кеткен болатын­быз. Дегенмен, отандық өндірістің әзір аяқталатын түрі жоқ. Сол үшін шетел­дік өнімді тұтына тұруға тура келеді. Өткен жылы Қазақстан Ресейден­ «Спутник V» вакцинасының біраз бөлігін сатып алған еді. Тиісінше, ақпан айынан бастап вакцинациялау жұмыстары басталады. Осы тұрғыда, вакци­нация жұмыстары қалай өтпек? Ол кімдерге салынады және әлемдік практикадан не үйренуге болатынын зерттеп көрдік.

ЕУРОПАЛЫҚТАР  ЕРЛЕП  ТҰР

Вакцина өндіру сайысы аяқталды. Енді сол вакцинаны халыққа жаппай егу жарысы басталды. Қолына дәрі тиген жұрттың дені екпе егуді бастап кеткелі қашан. Кей елдер тұрғындарының басым бөлігіне салып та үлгеріпті. Әлемде сынақтың соңғы кезеңіне жеткен 20 шақты вакцина бар. Оның бес-алтауын егу жұмыстары жүріп жатыр. Екпелердің арасындағы ең танымалы – Pfizer компаниясы ұсынған вакцина. Оны қазіргі таңда Еуроодақтың барлық елдері қолдану үстінде. Одан бөлек, Швейцария, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Израиль, Сауд Арабиясы, БАӘ секілді алпауыт мемлекеттердің де қолына тиіп үлгерген.    Ал біз пайдаланғалы отырған «Спутник V» вакцинасын Белоруссия, Аргентина,  Сербия секілді ортаңқол мемлекеттер алып үлгеріпті. Қазірдің өзінде әлемде  45 миллионға жуық адам вакцинацияланудан өткен. Көпті басып озғандар қатарына АҚШ, Ұлыбритания, Қытай және Израиль кіреді. Олар халқының біраз бөлігіне екпе салып үлгерген. Bloomberg-тің ақпаратына сүйенсек, қазір бүкіл әлемде 8 миллиардтан астам вакцинаға тапсырыс берілген. Бұл әлем халықтарының жартысына жетеді. Дегенмен, екпенің көп бөлігін Еуропалық дамыған елдер алып қойған көрінеді. Осының әсерінен өзге елдерге вакцина жеткізу жұмыстары  біршама қиындаған. Мәселен, Еуроодақ елдері 700 миллион халыққа 1,4 миллиард вакцина тапсырыс берген. Яғни, адам басына екі вакцинадан сұратып отыр. Ал кедей елдерде вакцина мүлдем жоқ.

Африкада жағдай мүлдем қиын. Ондағы инфақұрылымның вакцинаны тасымалдауға күші жетпейді. Себебі, температураның тым жоғары болуының әсерінен вакцина өз күшін жоғалтып алуы мүмкін. Ал оны мұздатып ұстап отыратын құрал онда жоқтың қасы.

ҚАЗАҚСТАН  ҚАПЫДА  ҚАЛЫП  ҚОЙМАЙ  МА?

Денсаулық сақтау министрі хабарл­ағандай, наурыз айынан баст­ап  вирус тым белең алып кетеді деген  қорқыныш бар. Қатерлі кезде­ қапыда  қалып қоймас үшін елімізде­ жаппай екпе егу жұмыс­тары 1 ақ­паннан басталады. Жо­ғарыда ай­тылғандай, Ресейдің «Спутник V» вакцинасын егеміз. Өкінішке қарай, ДДСҰ шұғыл  жағдайда егуге рұқсат еткен Pfizer вакцинасы қолымызға әзір түспейді. Себебі, оны алпауыт елдер талап, жылан жалағандай етіп, алдын­ ала тапсырыс беріп қойған. «Көрші ақысы – тәңір ақысы» деп, төбеміз­ге жайғас­қан елдің данышпандарына сенуден басқа амал жоқ. Вакцинаны алғаш­қылардың бірі болы­п медицина қызметк­ерлері алады. Бұл туралы кезек­ті үкімет отырысында  айтылды.

– Бірінші кезеңде инфекциялық аурухана, жедел жәрдем, реанимация бөлімі, аурухананың қабылдау бөл­месінде істейтін қызметкерлер, сани­тарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына вакцина салынады. Бұл – шамамен 100 мың адам. Вакцинация 2021 жылдың 1 ақпанынан басталады, – деді денсаулық сақтау министрі  Алексей Цой.

Бірінші кезеңнің жоспары жо­ғарғ­ыдай. Ал екінші кезеңде жалпы білім беретін мектеп, жоғары оқу орындары, медициналық қызмет көрсететін мекеме мамандары қамтыла­ды. Олардың толық саны 150 мыңға жуық. Екінші кезең наурыз­ айынан басталады. Ал сәуір айынан бастап мектеп-интернат, мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері, созылмалы аурумен ауы­ратын адамдар және студенттердің кезегі келеді. Олардың саны 600 мыңдай. Жүрек-қан тамырлары жүйесі, тыныс алу органдары, қант диабеті сияқты созылмалы ауруы бар  адамдарды, медициналық-әлеу­меттік мекемелердің ұжымын қоса алғанда, халықтың осал топ­тары  тегін  екпе  алады.

Коронавирус вакцинасы 18 жас­тан асқан азаматтарға арналған. Екпе салмас бұрын медицина қызметкері пациентті міндетті түрде тексереді. Медициналық қарсы көрсетілімі  болса, жазылғанға дейін екпе  кейінге  қалдырылады.

Үкімет жоспарына сәйкес, жарты­ жыл ішінде 2 млн адамға вакцина­ салынады, қалған жартысында 3-4 млн адам егіледі.

– КВИ екпесін тұрғылықты мекені­ бойынша тіркелген емханадан алуға болады. Бұл ретте қауіп тобына жататын азаматтарды екпе алуға учаскелік дәрігерлер шақырады немесе жұмыс орны мен оқу орнына байланысты екпе салу ұйымдастырылуы мүмкін, – дейді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің өкілі Ержан Байтанаев.

ВАКЦИНА  САЛДЫРУ  МІНДЕТТІ  МЕ?

Қоғамда талқыланып жатқан өзекті мәселелердің бірі – екпенің қауіпсіздігі. Вакцина десе төбе шашы тік тұрып, шошына қарайтындардың қарасы көбейген. Дәрі­нің дәрменіне сенбейтіндер вак­цина салдырудан бас тартып отыр. «Осы арқылы қара халықты қырмақшы» дейді үрейшілдер. Алайда біз қолданғалы отырған «Спутник V»-ны қазірдің өзінде бірнеше миллион адам егіп үлгерген. «Онысынан жаман болыпты» деген ресми ақпарат  та  жоқ.

Жалпы, елімізде вакцинаны салдыр­у не салдырмау әр адамның өз еркінде. Қазақстан Республикасы «Халық денсаулығы және ден­саулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 77-бабына сәйкес, ҚР азаматтары профилактикалық вакциналаудан бас тартуға құқығы бар. Екпе алдында ең алдымен жазбаша келісім жазуы тиіс. Дегенмен, мүлде салдырмаған жағдайда қиындықтар туу мүмкін. Себебі, вакцина алған адамға кез келген жерде еркін жүре алатын электронды паспорт енгізіледі. Ал вакцина салдырмаған­дардың күшейтілген талаптарға бойұсынудан басқа амалы жоқ. Яғни, еркін қимылдап, еркін жүру үшін вакцина салдыруға міндеттісің. Адам басына шаққанда әлем бойынша Израиль мемлекеті вакцина салдырудан оқ бойы озып тұр. Оның бір себебі, онда әр азамат вакцина салдыруға міндетті. Яғни, еркін таңдау берілмеген. Ал Жапония елі екпе егу жұмыстарын бізбен қатар бастайын деп отыр. Онда да біз секілді вак­цина егу әркімнің өз қарауында. Деген­мен, жергілікті халық әдеттегідей осы бастан ел билігіне сенім артып, екпе егуге дайын екендерін жеткізіп отыр. Ағымдағы жылы Олимпиада ойындарын қабылдайтын болған соң, бұл мемлекетті толық вакцинациялау ауадай қажет.

ЕКПЕНІҢ  ЗИЯНЫ  БАР  МА?

Екпенің зияны жайлы ДДСҰ өзінің ресми сайтында арнайы бет бөлген. Онда ұйым тарапынан рұқсат етілген екпенің ешқандай зияны жоқ екені нақты жазылған. Алайда ДДСҰ әлі күнге дейін бірде-бір вакцинаға толыққанды рұқсат берген жоқ. Одан бөлек, халқымыз да вакцина салдыруға қорқасоқтап, екпенің зияны жоқ екеніне күмән­мен қарауда. Және ол күмәнді түсінуге де болады. Себебі, вакцина­ жеделдетілген түрде қабылданды. Сонымен қоса, оны зерттеу әлі күнге дейін аяқталған жоқ. Ол аз десеңіз­, препараттың адамдарға қалай әсер ететіні толық зерттеліп болған жоқ. Және ол денеде корона­вирустан қорғайтын иммунитетті қанша уақыт ұстап тұра алатынын да ешкім ашып айта алмайды.

Medicina.ru сайты осыған орай мәлімдеме жасап, бұл күмәнді сейіл­туге тырысқан екен. Олардың айтуын­ша, осыған дейін вак­цина салдырған алғашқы 100 адамның   96-сының иммунитеті толықтай сіңісіп, індеттің ошағында болса­ да ауыра қоймайды. Ауырған күн­нің өзінде де жеңіл түрімен құтылады екен.

Одан бөлек, екпе жайлы басқа да ақпараттарды дәрігер-инфекционист, медицина ғылымдарының докторы, профессор Николай Малыш­ев kp.kz-ке берген сұхбатында  кеңінен  тарқатыпты.

– Қазір біз тұтынып жатқан вакцина балаларға арналмаған. Оны 18 жастан асқан азаматтарға ғана салуға болады. Өкінішке қарай, балаларға арналған вакцина әлі күнге дейін жоқ. Бірақ, көптеген ғалымдар қазір соны зерттеу үстінде. Егер де сізде ЖРВИ (тұмау, жөтел, т.б.) ауруларының белгілері болса, вакцина­ салдырмағаныңыз дұрыс. Сонымен қатар, коронавируспен осыған дейін ауырып шыққан болсаңыз, арнайы мамандарға ескертіңіз. Ескерте кетет­ін жайт, вакцина вирустан 100 пайызға қорғамайды. Алайда аурудың алдын алуға біршама көмегі тиетіні анық, – дейді Николай Малыш­ев.

Кәмелеттік жасқа толмаған бала­лардан бөлек жүкті әйелдерге және 65 жастан асқан қарт адамдар­ға екпе егуге тыйым салынады. Себеб­і, вакцина оларға қалай әсер ететіні  белгісіз. Сонымен  қатар,  кез келген жұқпалы не басқа да аурулармен  ауырғаннан кейін тек 2-4 апта уақыт өткен соң барып екпе егуге болады. Аса ауыр аллергиялық аурулары бар азаматтар да вакцинадан аулақ болғаны дұрыс. Екпе салдырған соң, түрлі аурулар мазалауы мүмкін. Басыңыз ауырып, дене қызуы көтерілу, немесе екпе сал­дырған орынның қызарып ауруы. Мамандардың айтуынша, бұл қорқатын жағдай емес. Бір-екі күн шыда­саңыз, ешқандай емнің көме­гінсіз өзі жазылып кететін құбылыс. Вакцина қабылдаған соң бес күндей экстремалды жағдайға түспегеніңіз абзал. Моншаға баруға да бол­майды.

Вакцина екі кезеңмен жүргізі­леді. Бірінші компонентте 0,1 медициналық дозада, содан кейін 21 күн­де  0,5 медициналық дозада салынады. Вирустан қорғау тек екінші кезең­ді салдырған соң барып басталады. Оған дейін сіздің әлі де вирус­ты жұқтырып алу мүмкіншілігіңіз жоғары.

Міне, жер-жаһанды жайлаған коронавируспен алысу әлемде осылай­ өтіп жатыр. Өкінішке қарай, дертті вакцинасыз жеңу мүмкін емес. Толықтай құтылу үшін халықтың 80%-ы екпе ектіруі қажет. Толық расталмаған вакцинаны егу, әрине, қорқынышты жағдай. Алайда тәуекелге бел буған мемлекеттер тындырған істі біз де солардың тәжірибесіне қарай бастасақ, барлығы  ойдағыдай  өтуі тиіс.

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: