Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«ЫРШЫП ЖҮРІП ӘН САЛУ» немесе ЖЫЛУДЫҢ «ЖЫРЫ»

22.12.2022, 12:40 380

Кешегі қыстың қысқа күнінде Екібастұзда тұтас қаланың «қатып қалуы» ала жаздай ыршып жүріп ән салған шырылдауық шегірткенің кейпін киген биліктегілердің бетін аймандай етті. Қыс мезгілі басталмай жатып, жылудың жайы жұрттың дегбірін қашырғаны, әрине, кім-кімге де абырой әкелмейді. Тек осы қаланың ғана емес, еліміздің әрбір өңірінде аталған сала сыр беріп, тоңып-жау­рап жүрген бұқараның базынасы жоғарғы жақтағыларды тыныш отырғызбайтын түрі бар. Қазір күннің райы шаруаға жайлы болып тұр, алда қаһарлы қаңтар мен арқыраған ақпанның барын ескерсек, бұл қалпымызбен қыс­тан қысылмай шығу дегенің айтуға оңай. Тіпті, тұрғын үйлері мен нысандары «көгілдір отынмен» жылитын Қызыл­орданың өзі қарашаның  қара  суығы мен желтоқсанның желінен жау­рап, коммуналдық  салаға сын көзбен қарағаны  ақиқат  ғой.

Хош  деңіз. Осы  жылудың  «жыры»  үкіметті де жай  таптыратын  емес.  Бүрсігүні  Премь­ер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің энергетикалық нысандары мен жылу желілерінің жай-күйін ревизия­лау барысы қаралды. Осындайда осылар ала жаздай ай қарап, «шошқа тағалаған ба?» деп күйінесің-ау. Әлде, міндетті түрде апат болып, қарапайым халық қиналуы керек пе еді? Қызы­ғы сол, үкімет басшысына қыркүйек айында өңірлердің әкімдері «жылу беру маусымына дайын­быз, ешқандай проблема жоқ» деп баяндаған. Бірақ күн суытқанда бірнеше төтенше жағдай болды. Демек, әкімдер мен сала басшылары елімізде бұл салада проблема барын білмеді неме­се білсе де, жасырып келді. Әйтпесе, Әлихан Смайылов: «Екі айдың ішінде 2 бірдей ірі апат болды. Риддер мен Екібас­тұзда. Сонымен бірге Өскемен, Рудный, Теміртау, Семей, Ақтау және Павлодар қалаларының жылу беру жүйе­сінде де қауіпті жағдайлар болды. Жылу беру жүйелері мен инженерлік желілердің тұрақты жұмы­сын қамтамасыз ету үшін белсенді шараларды қабылдау қажет. Оларды кейінге шегеруге болмайды. Бізде қыс айлары өте қатал. Яғни, апаттар бұған дейін де болып тұрды. Бірақ олар саны жағынан да, ауқымы жағынан да мұндай болған емес. Баспасөз бен әлеу­меттік желідегі шағымдарға қараңыз­дар. Барлық өңірден мыңдаған шағым бар. Бұл бір күннің ғана проблемасы  емес.  Жылдар бойы қордаланып  келді», – деп  айтар  ма  еді?

Ал, Энергетика министрі Болат Ақшолақов­тың хабарлауынша, ведомство 37 жылу электр орталығының техникалық жай-күйіне талдау жүргізген. Мәселен, 19 ЖЭО қызыл аймаққа енген, яғни апатты жағдайда деген сөз. Сары аймаққа – 11 және жасыл аймаққа 7 жылу электр орталығы кірді. Әсіресе Орал, Степногор, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларындағы қазандықтар қалт-құлт етіп әрең жұмыс істеп тұрғандықтан, жөндеу жұмыс­тарын тездетпесе болмайды. Жылу электр орталықтарын тәуекел аймақтары бойынша анықтау кезінде 4 өлшемшарт ескерілді: жабдықтың тозуы, технологиялық бұзушылықтар саны, пайдалану мерзімі (республика бойынша орташа пайдалану мерзімі – 61 жыл) және кадрлардың жетіспеушілігі. Демек, еліміздегі жылу электр орталықтарын жөндеуге 182 млрд теңге қажет. Энергетика министрі осынша қаржы сұрап отыр. Жоғарыда айтқандай, жылу желілерінің тең жартысы тозып тұр. Сондықтан оларды ауыс­тыруға қыруар қаражат керек. Үкімет қажет қаржыны берген күннің өзінде, мәселе мұнымен түбегейлі шешілмейтін көрінеді. «Жөндеу жұмыс­тарының тиімділігі бәрібір де жаңадан салынған электр  орталыққа жетпейді. Жүз пайыз күшті болып кетеді деп айта алмаймыз. Осыны түсінуіміз керек. Сондықтан да жаңасы салынуы керек. Жылу электр орталықтары жөнделгенімен, жылу тасымалдайтын желілер сол ескі-құсқы қалпында қалатын болса, қазына қаражаты құмға сіңген сумен тең. Қазір жылу құбырларының да тең жартысы тозып  тұр»  дейді  жауапты  министр.

Айтпақшы, Ақшолақов сұрап отырған 182 млрд теңге – тек мемлекетке қарасты жылу электр  орталықтарына  кететін қаражат. Ал жеке­нің қолындағы 22 ЖЭО-ның «жыртығын» меншік иесі өз ақшасына «жамауы» керек. Бәрін айт та, бірін айт, еліміздің бас энергетигі мұндай жаға ұстатарлық мәліметтерді қыстың қақ ортасында емес, сала басына келе салысы­мен дабыл қағуы керек еді. Бірнеше қаладағы ірі апаттарға байланысты президенттен сөз естігеннен кейін ғана Болат Оралұлы «оралыңның барында ойна да күліп», ЖЭО-ның  жай-күйіне  талдау  жасаға­ны қалай?

Ал, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың сөзіне сенсек, бүгінгі таңда қалалардағы жылу желілерінің ұзындығы 12,1 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде 6,7 мың шақырымы ауыс­тыруды талап етсе, орташа тозу – 55 пайыз, инвес­тициялардың  қажетті  көлемі – шамамен 2,2 трлн  теңге.

Қысқасы, Премьер-министр жылу электр орта­лық­тарын тексеруді 2023 жылдың 1-тоқса­нында аяқтауды тапсырды. «Келесі жылдан бастап жылу желілерін жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама басталады. Бірінші кезекте тозу  деңгейі 70%-дан асып кеткен жылу  желілері  ауыс­тырылады. Мұндай желілер – 1600  шақырым!  Екінші  кезеңде 4  мың  шақырымға жуық желі жаңартылады. Бұл өте ауқымды жұмыс әрі көп қаражатты талап  етеді», – деді  ол.

Әліптің артын  бағайық! Бастысы, биылғы қыс­тан  қысылмай  шығайық!

Н.КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: