Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үкімет еліміздің балық саласына тиісті көңіл бөлмей келеді!

22.09.2021, 16:15 323

HALYQLINE.KZ

ДЕПУТАТТЫҚ СҰРАУ

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрдің орынбасары Р. В. Склярға

Құрметті Роман Васильевич!

Еліміздің балық шаруашылығында қордаланып қалған мәселе өте көп.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Қазақстанның балық өнеркәсібін толыққанды дамыту мәселесіне нақты назар аударған.

Әзірге Қазақстан Үкіметі еліміздің балық саласына тиісті көңіл бөлмей келеді!

Қазақстан халқы жан басына шаққанда балықты аз тұтынатын ел қатарына жатады. Мәселен, егер Дүниежүзілік Денсаулық Ұйымы бір адамға жылына кемінде 16 кг балық өнімін тұтынуды ұсынса, Қазақстанда бұл көрсеткіш 4 кг-нан аз. Өз кезегінде көрші Ресей мен Қытайда бір адам тиісінше 20-40 кг балық етін тұтынады.

Өткен ғасырдың 70-жылдары Қазақстанда балық аулау көлемі жылына 100 мың тоннаға дейін жеткен. Бүгінде балық аулау 46 мың тонна көлемін әрең еңсереді.

Табиғи су қоймаларындағы балық қорларын пайдаланудың өз шегі бар, ал көптеген су айдындарында балық ресурстарының төмендеуі байқалады.

Балық өнеркәсібін ұлғайтудың перспективалы бағытының бірі су қоймаларын балық аулаудан балық өсіруге қайта бағдарлау болып табылады.

Қазақстанның балық өнеркәсібі бүгінде су ресурстары тапшы көршілес Өзбекстаннан артта қалып тұр!

Өзбекстанда 2016 жылғы статистика бойынша 75 мың тонна балық қолдан өсірілді. Қазақстанда бүгінгі күні бар-жоғы 6,8 мың тонна балық өсірілді.

2020 жылы жалпы Өзбекстан 144 мың тонна балық өсіріп және аулаған, ал біздің елде бұл көрсеткіш – 52,7 мың тонна.

Қолда бар су ресурстарын ескере отырып, Қазақстанда балық өсіру көлемін 600 мың тоннаға дейін жеткізуге әлеует бар, экспорт көлемін 10 есеге арттыруға болады. Бұл кемінде 50 мың қосымша жұмыс орындарын құруға және әсіресе ауылдық жерлерде халықтың табысын арттыруға ықпал ететін болады.

«Nur Otan» партиясы бұл салаға баса назар аудару керек деп санайды!

Ол үшін Үкімет келесі шаралар қабылдауы керек!

1. Су биологиялық ресурстарды зерделеу, сақтау және молықтыру жөніндегі ғылыми – зерттеу жұмыстарын қолдау шараларын әзірлеу.

2. Тауарлы балық өсіруді қолдау, аквамәдениет пен балық өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың қаржылық қолдау құралдарын (құрал-жабдықтар, құрылысқа жеңілдікті кредиттер және айналым қаражатына, субсидиялар мен преференциялар) көздеу.

3. Судың нақты шығыстарына ғана ақы төлеуді көздей отырып, балық шаруашылығы субъектілерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақысын қысқарту. Төлем ставкаларын төмендетуді қоса алғанда, балық ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем механизмін жетілдіру.

4. Балық өсіруге кәсіптік оқытудың мемлекеттік жүйесін құру. Адамдарға балық өсірудің заманауи әдістерін үйрету.

5. Қайта өңдеуге тапсырылған балық пен уылдырықтың әрбір килограмы үшін (отандық өндірушіден) тауарлық субсидиялар көздеу.

6. Отандық балық өнімдерін экспорттаушыларға жүйелі қолдау құралдары мен преференциялар қолдану.

7. Балық өсіру жүйесіне қатысатын су объектілері мен экожүйелерді қорғау жөніндегі жұмысты күшейту.

Осы мәселе бойынша нақты шешімдер қабылдап, қарау нәтижелерін заңда көрсетілген мерзімде хабарлауды сұраймыз.

Құрметпен,

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары,

«Nur Otan» партиясының фракция мүшелері

Ерлан Саиров

Еділ Жаңбыршин

Самат Мұсабаев

Елнұр Бейсенбаев

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: