Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тасқын су һәм тас түйін дайындық

18.02.2021, 12:00 407

Қазақта «Ақпан-дақпан алты күн, аязымен жеті күн» деген сөз бар. Қыстың қаһары айылын жиып, күн жылынар тұста судың сағасы мен жағасында отырған халық жанын шүберекке түйіп, тас түйін дайын отырады. Оған себеп жылдағы тасқын су мен сеңнен төнетін қауіптен сақтану. Оның үстіне биыл ақпан айының өзі көктем күніндей жадырап тұр. Рас, биыл республиканың бар аумағында су мөлшері де, жауын-шашын көлемі де аз болғандықтан айтарлықтай қауіптің жоғы айтылуда. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратынша, елімізге келетін су мөлшері жылдағыдан 3 млрд текше метрге аз. Дегенмен, апаттың айтып келмейтінін ескерсек, тілсіз жау салғырттық пен жауапсыздықты көтермейді. Республика бойынша көктемгі су тасқынына аса бейім 905 елді мекен анықталған. Аса қауіпті деп танылып отырған аймақтар – Орталық, Солтүстік, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстары. Бұл аймақтар министрліктің жіті бақылауында. Десек те, 276 елді мекенді су басу қаупі сақталуда. Өткен жылдың соңында министрліктің бастамасымен мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2023 жылға дейінгі жаңа Жол картасы бекітілген еді.

36,6  МЛРД  ТЕҢГЕ  НЕ  ҮШІН  БӨЛІНДІ?

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сүйен­сек, әкімдіктер төтенше шығындарға 36,6 млрд теңгеден астам қаржы қарастырған. Сонымен қатар, 10 облыста ең ірі 60 су қоймасының толуына апта сайын мониторинг жүргі­зіледі. «Қазгидромет» РМК-мен бірлесіп қар және ылғал қорының көлемін, сондай-ақ, топырақтың қату тереңдігін анықтау үшін қар өлшегіш маршруттар бойынша аралау ұйым­дастырылды. Өзен бассейндерінде қар жинау процесі әлі де жалғасуда. Жергілікті жерлерде 145 мың тонна инертті матери­алдар,  780 мың дана қап, шамамен 3 мың тонна  ЖЖМ және 20 тоннадан астам жарылғыш заттар қоры дайындалған. Зардап шеккендерді уақытша орналастырудың 3 мыңнан астам пункті, лагерьлер орналастыру және үй жануарларын айдап әкету үшін қауіпсіз орындар анықталып, қажетті көлік есептелген.

Нақты болжамдар 1 наурызға дейін жасалады дегенмен, «су тасқыны жағдайына толық дайынбыз» деп айта алмайтынын мойындады. Елді мекендерден қар шығару, гидротехникалық құрылыстардың суды қабылдау және оны апатсыз өткізуге дайындығы, арықтарды, каналдарды, су өткізу құрылыстарын тазалау секілді қысқа мерзім ішінде шешуді талап ететін мәселелер бар.

«САРДОБА»  МЕН  «ШАРДАРА»

Өткен жылғы Өзбекстан шекарасындағы «Сардоба» су қоймасының жарылуы халықты есеңгіретіп, екі елге де орасан шығын келтіргені естен кете қойған жоқ. Содан кейін «Шардара» су қоймасынан да қауіп төніп тұр деген ақпарат тарады. Тілсіз жаудан зардап шеккен бұқара үшін бір қорқыныштың бары анық. Өйткені онда 5 млрд 200 млн текше метр су сақ­таулы. Жиегі мүжілсе, оған да тосқауыл бола алатын қау­қардың жоғын  көктемгі су басу оқиғасында аңғардық. Төтен­шеліктер де «Шардарадан» қауіп төніп тұрған жоқ дейді.

– «Қазгидромет» РМК-нің болжамы бойынша, биыл қар мөлшері аз болғандықтан судың келуі де аз болды. Су шығару жұмыстары басталды. Бәрі нормативтік деңгейде. Түркістан облысымен шекарада Сырдария өзенінің бойында мұз жоқ, бірақ Қызылорда облысында мұздың қалыңдығы – 18 см, ал Арал теңізі маңайында 50-60 см-ге жетеді. Бірақ бұл қауіпті емес, – деді ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

СЕҢ  ЖҮРІП  ЖАТҚАН  ЖОҚ

Өздеріңізге белгілі, соңғы 3-4 жылдықта Сыр жұртының егістік алқабына су жетпей, егіннің біршама бөлігі күйіп те кетті. Ауызбіршілік пен келісімнің нәтижесінде ғана бірнеше жылдан бері кәсіпкерлер кезектесіп суару арқылы өнімдерін жинауға қол жеткізіп отыр. Тіпті дарияның табанын тазалау жұмыстары жүргізілді. Бұған дейін де ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетовпен 2020 жылы сұхбаттасқанда «ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2016-2025 жылдарға арналған бассейндер мен облыстар (республикалық маңызы бар қалалар, астана) жағдайында суды пайдалану лимиттерін бекіту туралы бұйрық бар. Сол құжат негізінде Қызылорда облысына Сыр­дария арнасынан жылына 5,4 млрд текше метр су беріледі. Оның  ішінде коммуналдық өндіріске 45 млн текше метр, егін шаруашылығына  4,174  млрд текше метр, суаруға – 4,159, балық шаруашылығына 10 млн текше метр беріледі» деген еді.

– Қазіргі уақытта Сырдария өзеніндегі мұз Жаңақорған ауданы Өзгент елді мекені тұсында, Қызылорда су торабынан 369 шақырым жоғарыда тұр. Су деңгейі бірқалыпты, сең жүріп жатқан жоқ. Сырдария өзеніндегі мұздың қалыңдығы Оңтүстік аудандарда 15-30 см, ал Солтүстік аудандарда 35-56 см аралығында. «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінің жұмыс кестесі бақылауға алынып, жергілікті атқарушы органдар, Төтенше жағдайлар департаменті және су шаруашылығы ұйымдарымен Сырдария өзеніндегі су шаруашы­лық жағдайына күнделікті қадағалау жұмыстары жүргізілуде, – дейді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының су қорын мемлекеттік бақылау және қорғау бөлімінің басшысы Зейнулла  Қазтоғанов.

ҚАУІП  БОЛМАСА  ДА,  ДАЙЫНДЫҚ  БАР

2017-2018 жылдары дария деңгейінен асады деген қауіппен су басу қатері бар аймақтарға эвакуациялық орындар дайындалып, дамбалар көтерілген болатын. 2020 жылдың жазында жасыратыны жоқ, дарияның ұлтаны көрініп, су тапшылығы  сезілді. Қазіргі  ахуал бойынша айтарлықтай қауіп болмаса да, дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Қызылорда облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының 15 ақпандағы ақпараты бойынша, «Шардара» су қоймасына 3,9 млрд текше метрден аса су жиналып, төменге жіберілген 500 текше метр судың 300 текше метрін «Көксарай» су реттегіші алуда. Ал облыс аумағына секундына 280 текше метр су келіп түсуде. Қызылорда су торабынан төменге 280 м³/сек, «Әйтек» су торабынан 242 м³/сек, «Басықара» су торабынан 220 м³/сек, «Ақлақ» су торабынан 180 м³/сек су босатылуда.

– Ағымдағы жылдың 7 ақпанынан бастап Жаңақорған ауданы аумағында мұздың ашылуы байқала бастады. Облыс аумағындағы қорғаныс бөгеттерінің тұсы қауіпті 56 су басу аймақтарына бөлініп, оған 130 жауапты мекеме бекітілген. Олардағы арнайы техника саны 402 бірлікті және 1 178 адам күшін құрайды. Су тасқынына қарсы жұмыстарға пайдала­ны­латын материалдық-техникалық қорлар бойынша барлығы 68,6  тонна  жанар-жағармай қоры және 154 590 дана қап және басқа да қолда бар материалдар қоры қалыптас­тырылған. Қызыло­рда қаласы мен аудандарда тасқын су кезеңінде халық­ты  көшіруге  арналған 84 эвакуациялық жинақтау, 103 қабылдау пункттері және «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамымен жасалған келісімшартқа сәйкес 1 тікұшақ дайындалған, – дейді Қызылорда облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Исламбекұлы.

Сонымен қатар, жоғарыдан келетін су көлемін қауіпті мөлшерден асырмау мақсатында Су ресурстары комитетімен келісе отырып, «Шардара» және «Көксарайдан» төменге боса­тылатын су көлемінің кестесі бекітіліп, облыс аумағына келетін артық суды алу мақсатында магистралды каналдар мен көлдер жүйелері әзірленді. Қала және аудан әкімдіктері тарапынан кезекшілік ұйымдастырылып, дария бойы қауіпті учаскелерге мониторинг жүргізілуде. Бүгінгі таңда су тасқыны кезеңіне байланысты облыстың азаматтық қорғау қызметтері күшейтілген режимге көшірілген.

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: