Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырдың суы сарқылып тұр

06.05.2021, 12:30 877

Сырдария суының проблемасы мемлекетаралық деңгейде шешілмейінше, нәтиже  болмайды. Ол үшін елімізде су саясатын күшейтіп, өз  мүддемізде  табан­дылық  таныту – үкіметтің  табиғат,  ел-халық  алдындағы  парызы.

Айткүл  ШАЛҒЫНБАЕВА,

сарапшы  журналист

Ол кезде мектепте оқитынмын. Сырдарияны құлай шапқан Құлагерге теңейтін күнім әлі есімде. Бұл – сол кездегі Сыр өзеніне қатысты тауып айтылған теңеу. Солай сияқты. Бірақ, өте өкініштісі бүгінде бәрі басқаша болып тұр.

Дарияның демі мен үшін таныс дүние еді. Суы сыңғыр-сыңғыр етеді. Жайпатында жайма-шуақ орнағандай. Ал, кей жерлеріндегі оралып аққан суы, қалқыған таяқ-паяғын су астына сүңгітіп жіберетін ұйығы ұйқыңды қашырып, денеңді тітіркентетін. Жын ұрғандай толқыған толқынын тік жардан тамашалап тұрып таң-тамаша күйге енетінмін. Мінез! Иә, онда мінез бар еді. Ағысы адам шошырлықтай. Кейде мендегі қорқыныш еселеніп кететін. Өйткені, ерте көктемде жыл сайын біздің ауылды су басу қаупі жоғары болатын. Арқырап аққан асау өзен арнасынан асып, алақандай ауылдың айналасын астан-кестен ететін. Ел-халық жанын да, затын да шүберекке түйіп, көшіп-қонуға сақадай-сай тұратын. Ал, бүгін…

– Бүгінгі күні Сырдарияда су жоқ! Алдымыз­дағы төрт ай жазда 840 мың халқы бар өңірде тіршілік қалай болмақ? Соңғы 1-2 айда Экология министрінің облысқа екі мәрте келгендегі айтқаны «Сексеуіл егіңіздер!» болды. Бұл бізді мазақ  қылғаны  ма!?

Біздің Сыр бойындағы халықтың тіршілігі Сырдарияға байланысты, сондықтан өзбек, қырғыз ағайындардан Сырдария өзеніне бізге тиесілі суды жіберу жағын қатты бақылауда ұстауды қамтамасыз етіңіздер Президент Тоқаев  мырза!

Облыс басшылығы және Сенат, Мәжіліс депутаттары Президентке, Үкіметке, Парламентке облыстың экологиялық ауыр жағдайын жеткізіңіздер!, – деп жазды мемлекет және қоғам қайраткері Қожахмет Баймаханов әлеу­меттік  желідегі  парақшасында.

Иә, Сыр халқы үшін ғана емес, әлем­дегі кез келген халық үшін судан туындайтын мәселе өте күрделі саналады. Су тапшылығы бұрыннан бар нәрсе. Сондықтан, бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Өзен жағалап, өзегі талмай отырған мұндағы ел-халықтың тұрмыс-тіршілігі тұтастай дарияға байланғаны жасырын  жайт  емес.

«Әр жылдары допша тебіліп, әр министрліктің босағасында жүрген Су Комитетінің де, Комитет төрағасының да Орта Азия мемлекеттері Су ресурстары министрлерінің алдында беделі мен салмағы қандай?» деп күмәнді сауал тастаған, 30 жыл бойы суды пайдалану мәселелерін жазып жүрген журналист Айт­күл Шалғынбаева трансшекаралық өзендері бар мемлекеттер әлемдегі су тапшылығы жағдайына әзірліктерін жанталаса күшейтіп жатқанын айтады. Осы орайда, мемлекеттік ұстанымымыздың  дәрменсіз  екендігіне ашына отырып, трансшекаралық өзенді бірлесіп пайдалану мәселесінде ұтылып келе жатқан жалғыз ел бар деп есептейді. Әрине, ол – Қазақ­стан!

Сарапшы журналистің еліміздегі су мәселесіне қатысты жасаған ұсынысына кезек берсек.

«…1. Үкімет елімізде су саясатының әлсіз екенін мойындап, Қазақстанның су саясатын күшейтуді шұғыл қолға алсын. Су саясатын Ұлттық Қауіпсіздік дәрежесіне көтергені жөн.

2. Су саясатын күшейту Су ресурстары министр­лігін құрудан басталсын. Тым болмаса, Су ресурстары агенттігі құрылуы тиіс.

3. Су басқару кадрларын дайындайтын Қыпшақбаев мектебін қалыптастыру керек.

4. Бізде арнайы «Су ресурстарын пайдалану бағдарламасы» қабылданбақ. Бағдар­лама іске қосылған сәттен бастап, еліміздің Су ресур­старын пайдалану бағдарламасы бойынша медиа-жоспар жасалып, бүкіл бұқаралық ақпарат құралдарында су басқару бағдарламасының жүзеге асырылуы мен бүкіл еліміздің су жағдайы насихатталуы тиіс. Су басқару министрлігі немесе агенттіктің республикалық деңгейдегі өз газеті болса деген ұсынысым бар.

Сондай-ақ, ортақ суы бар көрші мемлекеттермен бірлесіп, өзара медиа интеграция жолға  қойылуы  тиіс.

5. Тұщы су сияқты аса маңызды стратегия­лық ресурсты жеке кәсіпкерлер немесе шетелдік инвесторлар жалға алып отырған жоқ па? Бұл – өте үлкен мәселе. Осыған орай жерасты тұщы су көздеріне үнемі мониторинг жасап отыру.

6. Трансшекаралық өзендер суын пайдалануда Қазақ суының мүддесін қорғап, ортақ суды бақылайтын 8 бассейндік инспекция бар. Сол 8 бассейндік инспекцияның құры­лымы  кеңейтілуі  тиіс.

7. Еліміз Президентінің мемқызметкерлерді қысқарту тапсырмасы еліміздің аса маңызды стратегиялық салаларын қамты­мауы керек. Мәселен, Бассейндік инспекция қызметкерлері қысқармағаны дұрыс. Менің білуімше қазір онсыз да мамандары жеткі­ліксіз инспекцияларға 15 пайыз қысқартулар келіп  жатыр.

8. Еліміздің су саясатын нығайту үшін бассейндік инспекциялар құрылымы көрші мемлекеттердің озық үлгісімен жетілдірілгені жөн.

9. Трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешуде су сапасын, дең­гейін анықтайтын, өзен табандарын зерттейтін лабора­тория қажет. Ортақ өзендер бойында     8 бассейндік инспекцияның өз лабораториясы  болуы  шарт.

10. Халықаралық су конвенциялары бо­йынша министрлікте халықаралық сарап­тамалық  топ  құрылғаны  жөн.

Үкімет су саясатына ұлттық қауіпсіздігі тұрғысында маңыз беретін уақыт келді. Елімізде су саясатына саяси-адамзаттық проб­лема деңгейінде маңыз берілмесе, әсіресе аграрлы аймақтар алдағы 10-20 жылда дәнсіз, егінсіз қалатындай қауіп бар. Әрі су саясатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей өзі бақылауға алып, назарында ұстауы тиіс. Әйтпе­се… Еліміздің су жағдайы бұлыңғыр», – дейді  Айткүл  Шалғынбаева.

– 2020 жылы Түркістан, Қызылорда облыс­тарының суармалы егістігінде су тапшылығы болып, Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан көлдер жүйесіне, Арал теңізіне межелен­ген су көлемі түспей, әлеуметтік-экономик­алық және экологиялық жағдай нашарлауы байқалды. (Арал теңізіне түскен су көлемі 2018 жылы – 4,3 млрд м3, 2019 жылы – 3,7 млрд м3, 2020 жылы – 1,6 млрд м3), – деген мәлімет келтіреді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы  мамандары.

Өз кезегінде облыстық табиғи ресурс­тар басқармасының мамандары осы жылғы вегетаци­ялық кезеңде су тапшылығы қайталанатынын, облыс әкімдігімен бірге экология, геология және табиғи ресурстары министрлігіне Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің өкілдерімен су жіберу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізу қажеттігі жөнінде ұсыныстар берілгенін  айтады.

– Әр ел Сырдарияның суын өз қалағанынша емес, мемлекетаралық деңгейде қайта қарап, теңдей бөлуі керек. Өзім би, өзім қожа екенмін деген саясатпен көршілеріміз ала берсе, бізге тамшы су келмейді. Су саясаты – бәрі біздің мемлекетаралық мәселенің шешілуімен ғана жүзе­ге асатын нәрсе. Мониторинг жүргізіп отырғаннан кейін жоғарыдағының алатын үлесі, төмендегінің алатын үлесі су көп болған жылы көп, аз болған жылы аз болады, оған ешкімнің дауы жоқ. Бірақ, таза ғылыми мониторингпен жүргізіліп отыратын заңды­лық тор керек, – дейді эколог-жазушы Сай­лаубай Жұбаты­рұлы «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатында.

Жалпы, Сырдарияның халі бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Көзбен көріп отыр­ған соң жергілікті, жанашыр азамат­тардың  алаң­даушылық  білдіруі –  өте  орынды  жайт.  Сыр-ана сарқылса, үлкен экологиялық апаттың болатынын су сала­сының  мамандары  айтуда. Осы күні еліміздегі  бірден-бір  турис­тік   аймаққа   айналады деген  Қамбаш  көлінің  де  жағасынан 500 метрге ұзап кеткені көңілді күпті етеді. Сыр өзеніндегі судың аздығынан ірілі-ұсақты көлдер жүйесінің жоғалып  кету  қаупі  жоғары екенін айтып дабыл қағып жатқандар да бар. Су тапшылығы ауыл шаруашылығына да айтарлықтай зиянын келтіретіні анық. Сондықт­ан, бұл тақырып төңірегінде өз шешімін  тап­қанша  мәселе көтере берген жөн  секілді. Сыр-ана  сарқылмасын…

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: