Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сөгіс беру аз, жедел өзгерістер керек!

14.07.2022, 11:25 384

HALYQLINE.KZ

«Ет сасыса, тұз себеді, тұз сасыса, не себеді?» дегеннен кері болды, осы жолғы Үкіметтің тірлігі. Президент «бір сөзбен айтқанда, нарық заңдылығына сай келетін жаңа ұстаным жоқ!» деп тоқетерін айтқандай, әсіресе, «Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келеді. Оның өзінде бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни, қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр. Ал, шын мәнінде, керісінше болуы керек. Үкімет бар жауапкершілікті өңірлерге артып қойды. Олар әкімшілік ресурсты пайдаланып, дүкендерді аралап жүр, басқа тәсілдер және жаңа идеялар жоқ. Мұндай жұмыс ешқашан тиімді болған емес», – деді.

Не деуге болады, «сенген қойым сен болсаң, көсегеңнен ұрайын» деп тұр елдің басшысы.

Кешегі жауапсыз үкіметтердің ізімен, Президент сенген А.Смаиловтың кабинет министрлігі тағы да сол қателіктерді жасаудан ары аса алмай отыр. Министрлерінен антихалықтық пікірлерге мына қоғам әбден құлақтары сасып бітті.

Бірі «қаласаң да, қаламасаң да қанттың бағасы қымбаттай береді» деген қамсыз жүрген министр сөгіске ие болды бүгін. Екіншісі «ұнамаса, пультті ауыстыр, астынан не үстінен қара, байығың келсе хоккей ойна!» деп күлдірем деп аузынан опат болды. Үшіншісі «бұған жауын-шашын кінәлі, фермерлер айыпты» деп шаң жуытпаған министр де сөгіспен марапатталды. Ал хит болған министр, табиғатты қорғаудың орнына, егінді сақтауда мүлдем жазықсыз киіктерді заңды түрде атуды ұсынған, не деген креатив. Айтпақшы осы креативі үшін де арнайы Президенттің сөгісімен марапатталды, құтты болсын, алдағы уақытта «жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» ұсыныстарды ойланар.

Бұл Үкімет өзі өртенген театрдың актерлары сықылды не деп, не істерін білмей жүрген сияқты. Расында Президент айтқандай «тәсілдері мен жаңа идеядан мақрұм» болып отыр ғой.

Бұл жолы, сайланбаған әкімдер де Президенттен таяқ жеді. «Бюджеттік жымқыру фактілері үнемі анықталып жатыр. Әкімдер мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына бақылауды жоғалтты» дегені, сөзсіз жауапсыз атқарушы органның бір тармағы болатын аймақ әкімдіктері де жергілікті жерде тиісті деңгейде өз міндеттерін атқармай отырғанын байқатты.

Қайдан атқарсын, егер де әкімдер сайланбаса әлі. Оның жауабын, тек сайланып келген әкімдер ғана береді.

Жалпы, Президент бастаған конституциялық реформаларды жеделдетпей, экономикалық-әлеуметтік мәселелерде антидағдарыстық тыраштанған әрекеттер анау айтқандай нәтиже бере қоймайды. Оны алты айдағы бүгінгі Үкіметтің мардымсыз тірлігінен көріп отырмыз.

Сөгіс беру аз, жедел өзгерістер керек!

Мақсат  ЖАҚАУ

Көрнекі фото

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: