Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шұғыл шара қажет!

30.05.2020, 13:42 741

Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаевқа

Мұрат Нәлхожаұлы! Мамырдың 16-жұлдызында әлеуметтік желідегі парақшама «Әкім қайда қарайды?!» тақырыбымен сіздің, яғни Қазалы ауданы әкімі М.Ергешбаев пен Әйтеке би кенті әкімі Қайрақбай Орынбасаровтың назарына жазба жариялаған едім. Онда Сырым батыр, Әубәкіров, Дәулеткерей көшесі тұрғындарының бірнеше жылдан бері аяқсудан қиындық көріп отырғанын, осынау көңілсіз көріністің жыл сайын қайталанатыны, тіпті, тұрғындардың әр көктемде аяқсуға күмәнмен қарайтын болғанын, 2019 жылы «Көшемізге су қайда, Мұрат көрмей, болмай ма?» деген тақырыппен әлеуметтік желіге сын мақала жарияланған соң су берілгені, ал биыл мамырдың ортасы болса да аяқсу әлі келмегенін, Қазалы мен Аралда көгалдандыруға көп еңбек жасалатынын, оңтүстік өңірлерге қарағанда біздің жақтың жазы қапырық, қысы ұзақ, көктемі кештеу келетін табиғи қиындығы барын, солай екен деп тұрғындар қол қусырып отырмай шама-шарқына, ең бастысы, аяқсу жайына қарап ауласын, есігінің алдын көгалдандыруға тырысатынын, аяқсу мезгілінде болмаса төгілген тер, жасалған еңбек далаға кететінін, тұрғындардың қыруар бейнетпен көгертіп отырған көлеңкелі талдары мен азын-аулақ жеміс ағаштарын қурап қалама деп қатты алаңдап отырғанын жеткізген едім.

Жазба жарияланған күннің ертеңіне 17 мамыр. 2020 жылы Қазалы ауданы әкімдігінен «Сіз айтып отырған Сырым батыр көшесіне аяқсу «Ақарық» каналы арқылы барады. Ал, өткен жылы бұл каналдың арнасын бетондауға қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталып кеткен болатын. Жоба бойынша ол жұмыстар биыл аяқталып, көктемгі аяқсу маусымына дейін пайдалануға беру жоспарланған еді. Алайда еліміздегі төтенше жағдайға байланысты құрылыс жұмыстары уақытша тоқтап қалды. Сондықтан да осындай уақытша қиыншылықтарға тап болып отырмыз. Амандық болса 10 күннің көлемінде бұл жұмыстар толық аяқталып, көшелерге аяқсу беріледі деп жоспарлап отырмыз» деген жауап келді.

Бөркімізді аспанға ата қуандық. Бірақ… көңілдегі үміттің орнын күдік баса бастады… Арада 13 күн өтті. Әлі су жоқ.

Бүгін, 30.05.2020 жылы таңертең маған еңбек ардагері Биғазы Әбдіханов, кезінде Қазалы ауданы әкімі орынбасары, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы өзге де лауазымды қызмет атқарған Толыбай Жүсіпов тағы басқа да бірнеше адам келді. Өздерімен бірге Ақарық каналының бойындағы құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жердің бір бөлігіне қоса, Дәулеткерей көшесінің бойындағы аяқсу жүретін орталық арықтың ішіндегі келеңсіздікті суретке түсіріп әкеліпті. Арықтың ішіне мұндай қоқысты кім тастаса да, арық тазалығына кім жауапты болса да (тұрғындар немесе тиісті орындар) ыңғайсыз көрініс. Бетперде тағып, арақашықтық сақтап тұрған ағаларымның жүздері қатулы екен. Олардың ренішке толы сөздерінен есіктерінің алдына, аулаға егілген көлеңкелі талдары мен жеміс ағаштарының аяқсудың жоқтығынан жағдайы кеткенін ұқтым. «Мал ашуы – жан ашуы». Қыруар бейнетпен көгертіп отырған жасыл желегіне қурап қалу қаупі төнсе, ренжжімей қайтсін?! Аз-кем тілдескен соң мақалада қозғалған жайтты өз көзіммен барып, көрдім.

Мұрат Нәлхожаұлы, аудан әкімі ретінде Ақарық каналы арқылы аяқсу алатын бірнеше көше тұрғындарының жанайқайын өзіңізге жеткізіп отырмын.

 Маусым айы келгені, көлеңкенің өзінде бетіңді жалын шарпығандай күйге түсіретін Қазалының ыстығы бәрімізге мәлім. Ендеше, шұғыл шара қолдану қажет! Жедел қимылдамаса, тұрғындардың есігінің алдындағы талы, ауласындағы жеміс ағаштары қурап қалуы ғажап емес.

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы,

Әйтеке би кенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: