Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Саяжайға сая табыла ма?

05.08.2021, 12:00 674

«Осы күні «қаланың шет аймағы» деген түсініктен бірте-бірте арылып келеміз. Өйткені, ол жақта да қыж-қыж қайнаған тірлік бар. Жер алып, үй салып, шама-шарқынша қам-қарекет жасап жатқандар көп. Өйткені, олар сол аумақтың алдағы уақытта орталыққа айналарына сенеді. Бүгінде шет аймақтарда да көптеген кәсіптік нысандар бой көтеруде. Бұл – сондағы тұрғындар болашақта қала орталығына әрі-бері қатынауды азайтады деген сөз».

Бұл – осыдан бірнеше ай бұрынғы мақаламыздан үзінді. Облыс орталығындағылар жақсы біледі, Қызылордада «Сабалақ» деген саяжай бар. «Саяжайға сая болатын биліктің қарасы көрінбейді» деп ашынады тұрғындар. Қаладан тым қашықта орналаспаса да, ол жақ әлі өркениетке жақын болмай тұрғандай. «Сабалақтың» қазіргі көрінісі осы сөзді еріксіз айтқызатындай.

– «Сабалақта» халықтың игілігіне берілуі тиіс нысандардың бәрі жартылай салынып жатыр. Бізге әлі «қалалық» деген статус  та берілген жоқ. Я далада  жоқпыз, я қалада жоқпыз. Біздің талап ететін бірінші мәселеміз – «Сабалақ» сая­жайын қаланың құрамына кіргізу. Одан қалды, істеліп  жатқан  жарым-жарты  жұмыс­тар халықтың игілігіне  берілсін! Екіншісі – ауыз­су, үшіншісі – газ. Газ ірге­мізде тиіп тұр, бірақ бізде газ жоқ. Ауыз­судың жұмысында кем-кетік өте көп. Әртүрлі ЖШС-лар жұмысты өз мойнына алғанымен, жартылай ғана істеп кетіп қалған. Біздегі төртінші мәселе – жарықтың жайы. Сабалақтық тұрғындардың басым бөлігі қуаты әлсіз электр энергиясын пайдалануға мәжбүр. Мұнда жол мәселесі де бар. Орталық көшеге ғана асфальт төселген. Оның өзі тар, жаяу жүргіншілер жолы, жарығы жоқ. Билікте отырғандар  осыны  қадағаласын, нәти­жеге  жұмыс  істесін!  Біздің талап ететініміз – осы, – деп ашынады сабалақтық тұрғын Нұртуған  Нұрбаев.

Қала аумағының күннен-күнге кеңіп келе жатқанын еске алсақ, «Сабалаққа» көптеп көңіл бөлетін уақыттың жеткені қашан? «Азаттық радиосына» сұхбат берген жергілікті тұрғындар саяжайдың мәселесі мен мұң-мұқтажын айтып қақпаған есігіміз, бармаған жеріміз жоқ дейді.

Ал, бұл жайтқа жергілікті биліктің жауа­бы  дап-дайын.

– 2019 жылы «Тасбөгет кенті «Сабалақ» саяжайын ауызсумен жабдықтау жүйелері құрылысы» жобасының І кезеңі бойынша құрылыс жұмыстарын «Дәнекер құрылыс компаниясы» ЖШС жүргізіп, 21,022 шақырым магистралдық ауызсу құбы­рын  орнатты.

Құрылыс жұмыстарының II кезеңі бо­йынша 2020 жылы тендер жеңімпазы болып «Мелиоратор» ЖШС анықталып, барлығы 15 км су құбырын жүргізді. Нысан 2021 жылға өтпелі. Ағымдағы жылы ақпан-мамыр айларында саяжайға 18 км су құбыры тартылып, 70 дана су құдығы орнатылды, – дейді олар.

Осыдан екі ай бұрын Қызылорда қала­сының әкімі Ғанибек Қазантаев «Сабалақ» саяжайына барып, ондағы ауызсу желісін тарту жұмыстарының жүргізілу барысын көрген еді. Сонда шаһар басшысы тұрақты 3 мыңнан астам тұрғыны бар саяжайдың ауызсумен қамтылатын күні де алыс емес екендігін атап өткен-ді.

«Жоспарымыз бойынша тамыз айын­да тұрғындар таза ауызсуды тұтыну мүмкін­дігіне ие болады», – деді Ғанибек Қазантаев.

Иә, негізі келісімшартта ауызсу желісі құрылысын аяқтау уақыты – қазан айы. Дегенмен, мекеме тамыз айының аяғына дейін ауызсу желісін іске қосуды жоспарлап отырған көрінеді. Бұл да болса, сондағы ел-жұрттың арман-тілегі орын­далуға жақын деген сөз. Өз кезегінде, қала әкімі жауаптыларға су желісін жүргізу жоспардан кешікпей, межелі уақытта саяжайлықтарға ауызсу беру керек­тігін ескертіп, жұмыстарын ширата түсуді тапсырған  болатын.

Сонымен қатар, Ғанибек Қонысбек­ұлы биыл «Сабалақта» атқарылатын бір­қатар шаруаларға тоқталып, саяжайдың дамуына серпін берер бастамаларды да атап  өтті.

Мұның басында саяжайдың электр желісімен қамтылмай қалған аумақтарына желілер тарту жұмыстары тұр. Орталық көшені жарықтандыру да – биылғы жұмыс жоспарына енген шаруа. Тұрғындардың талабы да осы мәселелермен қабат­тасады.

Айтпақшы, саяжай аумағында демеу­шілік есебінен 250 орындық мектептің іргесі қаланып жатыр. Мектеп құрылысы аяқталғанда балаларға екі ауысыммен қызмет көрсететін болады. Сондай-ақ, өткен айдың соңында қалалық мәслихаттың кезектен тыс VIII сессиясы өтті. Сессияда «Сабалақ» тұрғындары үшін жақсы жаңалықтың шеті көрінді. Саяжайға кіреберіс жолға «Әуежай» трассасынан соңына дейін түнгі жарықшам орнатуға қаржы бөлінгені айтылды.

«Сабалақта» соны серпін болуы тиіс. Өйткені, ол жақтың өзінше  ел  саналғанына да  біраз уақыт болды.  Мұндағы ел-жұрт  жұмыстардың  істелуін ғана емес, олардың сапалы істелгенін қалайды және соны  талап  етеді.  Әкімдіктің «ауызсу»  деп  айдар  таққаны – саяжайлықтардың ішіп отырған сап-сары суы. «Бұл суды әкімдер іше ме екен?» деп сұрау салған тұрғындар «халықтың игілігі үшін істеп жатырмыз» деген сөзді биліктегілер бостан-босқа айтпаса екен дейді. Саяжайға сая болатын адам табыла ма екен? Ол кім, мына өмірде бар ма?

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: