Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада қаржы неге игерілмеді?

12.08.2021, 11:30 216

Күлтөбенің басындағы күнде жиында айтылатын мәселенің бірі – аймақтар дамуы, қаржының игерілуі, экономикалық өсім. Бюджеттің бүйірінен бір тесік тапқандар халық игілігі үшін бөлінген ақшаны уыстап ұстап, қолына сыймағанын аузына тістеп «қылғытып» жатқанына қоғам да, құзырлы орындар да куә. Бұдан мемлекет бөліп тұрған қаражатқа нәтижесіз жұмыс істеп, тиісті бағдарламалардағы атқаруға тиісті міндеттерді толықтай орындамағанын аңғарамыз. Шолақ мылтықтан атылған бытырадай шашырап кеткен қаражат айналып «қазығын» тапса, мұртымызды балта шаппас еді. Өкініштісі сол, ізін табу қиын. Не халықтың күткен үміті ақталмайды, не Үкімет тапсырған нәтиже шықпайды. Сөзіміздің  айғағы – Үкімет отырысының 7 айлық қорытындысы.

Еліміздің бас қаржыгері Ерұлан Жамаубаевтың мәліметінше, жыл  басынан  бергі  7 айда мемлекеттік бюджетке түскен 5 трлн 832 млрд теңге кірістің 3,6 трлн теңгесі республикалық бюджетке тиесілі.

– Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бюджеттің барлық деңгейлерінде атқарылу көрсеткіші жоғары. Республикалық қазына бойынша сомасы 8,6 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 17 млрд теңгені, оның ішінде үнемдеу 5 млрд теңгені құрады. Игерілмегені – 12 млрд теңге. Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, қаржы, төтенше жағдайлар мен экология, геология және таби­ғи ресурс­тар министрліктерінде қалыптасты, – деп мәлімдеді ҚР  Қаржы  министрі  Е.Кенжебекұлы.

Біткен іске сыншының көбі секілді, бітпеген іске де сылтау жеткілік­ті. Қаражаттың  қалыпқа  уақытылы құйылмауына министр­лік өкілдері шарттарды қазынашылық органдарына тір­кеуге кеш ұсыну; төлем жөніндегі құжаттарды ұзақ келісу; орындалған жұмыс­тардың актілерін, шот-фактураларды уақтылы ұсынбау; конкурс­тық  рәсімдерді ұзақ өткізу; сот талқылауларының болуы секілді жауап  та  әзірлепті.

– Жергілікті бюджеттердің шығыстары 4,5 трлн теңгені құрады. 58 млрд теңге атқарылмаған. Ағымдағы жылы өңірлерге 2,5 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. 1 тамызға оларға 1 трлн 160 млрд теңге бөлінген. Оның 98,2%-ы игерілді. Атқарылмағаны – 21 млрд теңге, оның ішінде үнемдеу – 3 млрд теңге, игерілмегені – 18 млрд теңге. Ең көп игерілмеу Нұр-Сұлтан қаласы, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында қалыптасты, – деді бас қаржыгер Үкімет отырысында.

Министрлер кабинетінде айтылған ақпаратқа сүйенсек, жалпы, кірістер бойынша жоспардың асыра орындалғаны да, салықтар бойынша атқарылмағаны да бар. Одан өзге импортқа қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмауы Қазақстанның үшінші елдермен тауар айналымының 2020 жылдың І-жартыжылдығымен салыстырғанда  593  млн  АҚШ  долларына  төмендеген.

Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: