Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызды бұзатын не нәрсе?

28.05.2020, 10:00 600

Қазақ қызының ар-намысы тапталып жатыр. Аталған жағдайға бой ұсынбай мәселені шешудің жолы қандай?! «Қазақ қызын арынан айыруға не себеп және итермелеп жатқан кімдер?» деген сауалдарға жауап іздеп көрдім.

Елімізде қазіргі таңда аяулы қыздарымыздың ар-намысы, абыройы, ұяты қызу тал­қылану үстінде. «Ертеден қыздың тәрбиесіне­ ерекше көңіл бөлген баба ұстанымы ескірді» дейтіндер де, «үлкендер ақылын тыңдауға жастар құлықсыз» дейтіндер де жетерлік.

Журналистік эксперимент жүргізе келе, қазақ қыздарын жолдан тайдыратын көптеген мамандықтарды әшкереледім. Қазір қыз балалардың он алты жастан бастап қомақты қаржы тауып, өз қажеттілігін ғана емес, өмірге бейімделе алмаған жақындарын да асырап отыруға мүмкіндіктері бар. Дегенмен, жеңіл табыстың ақысы – ұят пен абыройдан айырады. Әлеуметтік желіні аша қалсаң, «қазақ қызы қайда бара жатыр?», «үйленетін қыз қалмады», «тәрбиелі, инабатты арулар жоқтың қасы» деген пікірлерді көзіміз жиі шалады. Бірақ, қыздар бұзылды деп емес, неге, кім оларды бұзып жатқан деп тереңнен қарау керек секілді. Болашақ саналы, таза ұрпаққа жарық дүние сыйлайтын арулардың не себепті тәрбиеден тысқары жатқанын білсек, шимайдың шешімі де табылып қалар. Экперимент барысында мен еліміздегі бірқатар тегін жарнама өтінімдерін алдым. Іздеген жұмысыңызға қажетті критерийлерді жазасыз да, көңіліңізге ұнаған хабарландырумен танысып, сұхбаттасу уақытын белгілей бересіз. Бәрі оңай сынды. Барлық жұмыс талаптары тек кездесу барысында түсіндіріледі: жұмыс бағыты, «құрметті қонақтар» және ең бастысы – күнделікті қолыңызға берілетін еңбекақыңыз.

Үрімдей жас қыздарға арналған жоғары табысты мамандықтар тізімінің көш басында веб-модель, уқалаушы, яғни массажист, шетелден келген «құрметті қонақтарды» қарсы алу міндетін атқарушы хостесс сындылар бар. Телеарнадағы сұлу әпкелерін көріп өскен кез келген қыз модель немесе сәнбике болуды армандап өседі. Сол арманның қылауын ұстап, қыздарды қызықтыру үшін жұмыс берушілер де мүмкіндікті қалт жібермейді.

Талқылайық, веб-модельдің құзыретіне теңгелеп емес, долларлап аударым жасайтын шетелдік ер-азаматтардың көңілін интернет желісі арқылы онлайн көтеруге болады. Келесі екі мамандықтан айырмашылығы – бәрі онлайн. Солай «арын сақтаймыз» деп, намысын таптатып жатқан қыздарымыз кімге үлгі?

Айтпағым, қазақ қызының абыройына күйе жаға бергенше, шешімін табудың жолын ізделік. Шешімі – тәрбие, одан соң қоғам. Қоғамдағы ер адамдарға қыздардың тәнін  сатып алу қажетсіз  болса, «ақылдылар» табыссыз  бұл  бизнес  түрін доғарады емес пе? Табыс табудың жолы – адал еңбек пен білім. Ол – саналы  болашақтың  ірге­тасы.

Мереке  ЗЕЙНОЛЛАҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: