Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан мен басқа елдердің мектептегі тегін түскі асы қандай?

09.02.2023, 11:20 511

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2029 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы аясында 1-4-сыныптар тегін тамақпен қамтылады. Бүгінде осы жылдың 9 қаңтарынан бастап, еліміздің барлық мектептерінде бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріліп жатыр. Бұған дейін тек әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасыдан шыққан оқушыларға берілді. Бұл дұрыс болды ма, бұрыс болды ма деп өткенді қазбаламай-ақ қояйық. Десе де, 5-11-сынып оқушыларының тек әлеуметтік көмекті қажет ететіндері ғана тегін түскі ас ішеді. Бүгінде Қызылорда облысында 70 863 бастауыш сынып оқушысына тегін түскі ас беріледі. Әлеуметтік қолдау алатын орта және жоғары сыныптағы 17 382 оқушыға да тегін тамақ аймақта қарас­тырылған. Бұл – қуанарлық бастама. Бірақ алаңдайтын да жайт бар. Себебі Қазақстанда әрбір бесінші балада артық салмақ бар. Бұның басым бөлігі – қала тұрғындары. Жалпы, артық салмақ адамның өзіне деген сенімсіз болуына әкеліп, ойлау қабілетін төмендетіп, ұрпақ жалғасуын тежейді. Сондықтан мұнымен дер кезінде күрескен жөн. Көбі артық салмақ емес, бұл тұқымнан деп жатады. Ірілік пен семіздіктің аражігін айыру қажет. Бұл – отбасының шектен тыс махаббатынан болатын дерт. Енді мектеп те тамақпен қамтамасыз етеді. Бірақ сапа жағы қалай? Ыстық тамақтың түрлері, оның құрамы қандай? Біз осыны зерттеп көрейік.

Сабақ  аптасына  5  күн  өткізіледі. Бізге келген ақпарат бойынша бір аптада­ғы  әр  күннің  түскі  ас  кестесін  ұсынамыз.

Тізбектеп тамақтың құрамын айт­қаннан, осылай көзбен тиянақты көрген дұрыс шығар. Қайталап айтамын. Бұл – бір аптадағы тамақтың тізімі. Яғни әр апта сайын мәзір өзгеріп отырады. Оны ата-ана сынып жетекші, мектеп директорларына хабарласпай, e-ashana.kz сайтынан көре алады. Дегенмен, біз бірнеше мектеп директорынан тегін түскі ас жайында  пікірлерін  білдік.

– Президентіміздің сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында, қаңтар айынан бастап мектебімізде барлық бастауыш сынып оқушылары ыстық тамақпен қамтылып отыр. Құнарлы азық-түлікпен байытыл­ған, витаминдерге бай ас мәзірі ұсынылды. Ас мәзірінде күнделікті мектеп оқушыларының тамақтану рационындағы азық-түліктің барлық негіз­гі топтары, әсіресе көкөністер, жеміс­тер, нан өнімдері, ет өнімдері, сүт өнімдерінің түрлері қамтылған. Мектеп сайтында тамақтану айдары іске қосылған және онда арнайы ас мәзірі көрсетілген. Әрине, ата-аналар мектеп сайтынан немесе арнайы келіп ұсынылған  тамақтың  құрамымен таныса алады. Сондай-ақ, мектеп асханасында арнайы ас мәзірі бұрышы ілінген. Мектеп мәзіріне жарма, макарон, сүт өнімдері, ет, балық, шай, дәруменді сусындар кіреді. Айта кету керек, өскелең жеткіншек организмі дәрумендер мен микроэлементтерге деген қажеттіліктің артуына әкеледі.

Мектеп тағамдары ақуыздар, майлар, көмірсулар, минералды тұз­дар алмасуына қатысатын дәрумендерге бай. Дененің өсуін ынталандырады, терінің қорғаныш қасиеттерін жақсартады. Мектепте дұрыс тамақ­тану баланың денсаулығы мен жеке басын қалыптастыру үшін өте ма­ңыз­ды екенін бәрі есте ұстауы керек. Сонымен қатар, мектепте уақытылы тамақтану – оқушылардың жақсы оқуына, артық салмақтан зардап шекпеуінің бірден-бір кепілі, – деді Серәлі Лапин атындағы №261 мектебінің директоры Қарлығаш Әбдірахманова.

– Балалардың денсаулығына, жақсы дамуына, оқу үлгерімін, әл-ауқатын жақсартуына оң әсер ететін игі бастамалар мемлекет қолдауы­мен қолға алынды. Жаңа оқу тоқсаны­нан бастап мектеп-лицейімізде 1179 баланы  тегін  ыстық тамақпен қамту жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Осы­ған дейін ыстық тамақ беру әлеумет­тік  жағдайына  байланысты  жүргізілген болса, бүгінгі күні бұл мүмкіндікті барлық бастауыш сынып оқушылары сезіне алды. Күнделікті ас мәзірі тамақтану мен тамақ пісіру орнына тазалық жасалынып, дезинфекция­ланып отыру көзделіп, іске асуда. Мектеп асханасында ұсынылатын тағамдар сапасы нормативке сай, ыстық тағамдар түрі күнделікті өзге­ріп отырады. Тамақтар қуырылмайды, майсыз, буда бұқтырылып, асылып пісіріледі. Салат түрлері үнемі өзгертіліп, ауыстырылады. Салатқа жемістер мен көкөністер сапалы түрде беріледі. Күнделікті арнайы әзірленген ас мәзірі бойынша оқушыларға талап­қа сай, дәмді тағамдар ұсынылып отыр, – деді Әли Мүсілімов  атындағы №101 мектеп-лицей дирек­торы  Айгүл  Үткелба­ева.

Тегін тамақтың мәзірі де, сапасы да көңілді қуантатыны рас. Ал, өзге елдер оқушыларының түскі асына не ұсынады? Өткенде газетіміздің сайтына бұл тақырып бойынша суретпен өрнектеген едік. Шыны керек, олардың ұрпақтың жағдайын жасауға барынша күш жұмсағанына қызыға да, қызғана да қарайсың. Өйткені елімізде мұндай қолдау болмаған. Мәселен, өзінің мәдени, рухани тоқырауын жеңіп, жаңа ел болып, даму динамикасы қарқынды болған Финляндия мемлекетінде оқушыларға тегін түскі ас беріледі. Қандай тамақтың түрі болса да, мемлекет тарапынан қамтылған. Оларда заң бойынша тамақтың құрамы жоғары стандартта болуы міндеттелген. Түскі аста көкөніс, крахмалды немесе дәнді тағамдар болады. Мәзірде вегетариандық тағамдар да бар. Себебі финдардың арасында ет жемейтіндер жетерлік. Және түскі аста қытырлақ нан да беріледі. Әлемдегі оқушыларға тегін тамақты қарас­тырған алғашқы мемлекет екенін айта кетейік. Мұндай елдер некен-саяқ. Соның қатарында Финляндиямен көршілес Швеция елі де бар. Бұларда оқушы қанша көлемде тамақ жегісі келсе жей алады. Ал, Еуропадағы Франция мектептегі түскі асқа қатты көңіл бөледі. Тіпті ыдыстары да күн сайын өзгеріп тұрады-мыс. Сонымен қатар, тамақ­қа сүт қосылып берілмейді. Олар тамақ­ты сумен ішкен дұрыс деп санай­ды. Француздарға күніне түскі асқа төрт түрлі тағам дайын­далады. Оған  балғын  көкөністер мен ақуыздан жасалған салат, гарнир қосылған лосось және қуырылған брок­коли. Бұған қоса, олардың таптырмас атрибуттары  ірімшік,  джем,  нан мен түрлі тәттілер кіреді. Бразилияның   заңында  да  оқушылардың түскі асына қатаң мән беріледі. Оларда тамаққа қосылатын өнімдердің 30 пайы­зы жергілікті өңірден болуы  қажет  екен.

Тегіндерді түгендедік, айтылма­ғаны да бар. Ал, ақылы қызмет көрсетсе де хан мен ханшайымға ұсынғандай ас беретіндері бар екен. Сингапурдың әр мектебінде фуд-корт бар, онда әрбір дүңгіршекте әртүрлі  ұлттың тағамдары сатыла­ды. Сингапур – көпэтносты ел. Сондықтан әр ұлттың тағамға қатыс­ты шектеулері де болуы заңдылық. Мысалы, тамилдер сиыр етін жей алмайды және әдетте ащы тағамдарды ұнатады, ал мұсылмандар халал тағамды ғана жейді. Сол себепті әр мектепте әр бала өзінің ұлттық тағамдарын сатып ала алатын фуд-корт бар. Жалпы, фуд-корт – бұл Сингапурдың ұлттық өнертабысы, олар көпқабатты үйдің кез келген ауласында орналасқан, онда тамақ өте арзан. Бұл елде көбі үйде тамақ әзірлемейді. Шындығында, олар үшін үйде тамақ істегеннен гөрі фут-корттағы тамақты сатып алу тиімді. Осы арқылы екі-үш есе шығынды үнемдеуге болады. Азия құрлығындағы Жапонияда мектептегі түскі ас ақылы. Шамамен 30 АҚШ долларын (13 924 теңге) айына бір рет салу қажет. Жапондықтар пайдалы тағамды жеп қана қоймай, оны дайындауға қатысады. Балалар кезекпен тамақ дайындауға, оларға қызмет көрсетуге және үстелдерді жинауға көмектеседі. Бұл оқушыларды еңбекке баулудың бір түрі екен. Осы тұста Румы­ния мемлекетінің қызық  ақпаратын айта кетей­ік. Олардың түскі асы  сағат  3-4 болғаннан  кейін  мектепте  жеңіл  перекустар  ұсынылады.

ТҮЙІН. Кез келген ел фин мен шведтар сынды бар назарын ұрпаққа бөлуі керек. Егер әрбір іс ұрпақтың жағдайын жақсартуға бағытталса, келешекте олар да ел үшін адал қызмет етеді. Мұндай елде дүниеге келген перзенттің патриоттық сезімі от болып лаулап тұрады. Шетке кетіп өзін дамытуды емес, елде болып халқын байытуды көздейді. Отыз жылды еңсерген ел үшін тегін түскі ас енді берілуі кеш қозғалып жатыр деп айта алмаймыз. Алайда бұл бастама адалынан болса игі.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: