Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан халықтары ассамблеясы таратылсын!

19.08.2020, 10:45 466

HALYQLINE.KZ «Ұлтымның ынтымағы мен ұйытқысына, елімнің егемендігі мен еркіндігіне сызат түсіп, сына қағыла қоймасыншы» деп жүрген жанның бірімін.

Бірақ көпұлтты мемлекет деген сайын намысын өзге ұлтқа таптатып, жігерін жасытып, бөтен халыққа неге қазақты жығып береміз? “Қиядан қыран ұшса, қияғы күйетін, құлан жортса тұяғы тозатын” қиялда ғана болатын қиян өлкеміз бар.

Жасыратыны жоқ, сол өлкенің суы мол, мәйегінен майы шыққан жерлері қазақтың өзіне бұйырмаған. Соған қарамастан соғыс жылдары ашаршылықта жер ауып келген қаншама бөтен халықты қойнына алды, төріне шығарды, несібе-ырыздығын бөліп берді. Қазақтай мейірімді халықты әлемнен шам алып іздесе де таппайды ешкім… Сөйте тұра сүттей ұйыған ұлтымның құтын қашырып, жұртымды жүндей түткісі келетіндерге не дейміз?! Дәлел іздесеңіз бір ғана Алматының төңірегінде болған оқиғалар жетіп жатыр. Тоқсан түрлі ұлттың өкілі тұратындықтан «ұлтараздық наразылыққа ұласпасын, ұлы даланың егемендігі қымбат» деп көп нәрсеге көз жұма қарадық. Ешқашан қызын жылатпаған ұлт едік, кірмелер қызымызды зорлап қорлағанда дымымызды шығармай тыныштық сақтадық.

Бірақ нақақ төгілген көз жасына Нұрландай арлы жігіттер шыдамай, жердің иесі қазақ екенін жайлап ғана түсіндірген болатын, қазақтың сұрауы бар екенін ұқтыра алған. Мұнымызды қазақтың суын ішіп, нанын жеп отырғандар түсінгісі келмепті бірақ. Ал ең сорақысы, жалтақтап, «толерантты боламыздың» соңы ынжықтыққа, намыссыздыққа, ұлттық мүдденің аяқасты тапталуына, кей жағдайда мазақ етуге дейін барып жетті.

Ақыры, міне! Өздерінің қазақтың жеріне кірме екенін ұмытып атпалдай азаматты өз ауласында өлтіріп кетті. Құшағымызды жайып, төрге оздырғанымызды осылай басынғаны шектен шықты. Біз осыған лайық па едік? Ешбір мемлекетте болмағанды жасап, үй ішінен үй тігіп берген ассамблея қайда? Неге осындайда тентегін тезге салып береке-бірлікті ойлап, керісінше солар ұлтараздық қақтығысқа жол бермеуді ойламайды? Қазір жұртты қорқытып қойған. Елді қорқытып-үркітіп басқару да дұрыс емес. Қорқыныш қазақтың жасампаздығы мен өркениетке ұмтылысын өлтіріп тастайды.

Біздің қазір айтқымыз келгенді айта алмай аузымызды жауып отырған жайымыз бар.

Азулымызды ауыздықтап, біліктімізді бұғаулап, алқымымызға қанжар тіреген өзгелер де қазаққа өз жерінде дес бермей келеді. Кеудеңнен басып тұншықтырып, құлағыңнан басып тұқыртып, біріңді емес бәріңді құрдымға жіберем деген солардың ноқтасына да, жүгенініне де көз жұмып, басымызды тоса бермекпіз бе… «Жаман үйдің қонағы билейді» дегенді айтқан да, ұққан да ел едік қой. Бұлқынайын десе, мойнына салған бұғалығымен тұншықтыратын біртүрлі тәртіппен бұқарасын тырп еткізбейтін билік тағы бар…

Үндемей қалсам – ұтылғаным, азаматтығыма да сын деп түсінетін осы қоғамның бір мүшесімін. Демек:

«Қылмыскерді тап басып, тапжылтпай тұзақтар деп түсінетін полициядағы сүлейлеріміз кімді күзетіп тұр? Қазақ жігітіне қауіп төніп тұрғанын білді, неге қорғамады?» – деп сұрауға қазақтың баласы ретінде сұрауға қақым бар шығар. Намысын нанға сатпаған ұлтшыл арлы жігіттің, бір әулеттің бас көтерер азаматы, бір шаңырақтың иесі – Нұрландай қазақтың құны жоқ па? Іздеусіз-сұраусыз ба еді? Біздегі зиялыларға ше? Оларға өзі аз қазақтың осылай өзге ұлттың қолынан жан тапсырғаны әсер етпей ме? Неге үнсіз бәрі? Бұл – менің жанайғайым, жалғыз еместігіме де сенем. Ақ-адал пейіліңді көрсетіп, таза ниетпен келсе қазақтың құшағы кең, бейбіт елміз. Асына ішіп, аяғына түкіруге болады деген түсінікте жүрсе, қазақтың өзінде де, дастарқанында да кие бар – аруағы мен дәмі атады.

Сіздер де қалыс қалмаңыздар, үлкен буын. Енді ұлттық мәселеге келгенде кез келген диаспораның көңіліне қарағанды қою керек. Ердің құнын өтемесе, тентегін тыймаса, сонша қаржы кетіріп ұстап отырған ҚХА таратылсын деген ұсыныс айтам. Өзге ұлтты кемсіткеміз жоқ, қазақтың мүддесіне жұмыс істелінуі керек уақыттың жеткені де рас…

Бекжан Тұрыстың желідегі парақшасынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: