Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қашықтан оқудың оқушы денсаулығына зияны бар ма?

03.09.2020, 10:20 2769

Әлемдік пандемия салдарынан еліміздегі оқушылардың 80 проценті, яғни 2,6 млн оқушы биылғы жаңа оқу жылының сабақтарын қашықтан оқуға мәжбүр. ҚР Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, оқушылардың 15 проценті кезекші сыныптарға барады. Олардың ата-аналары өздерінің өтініштерін толтырған. Бұл – 530 мың бала. Ал оқушылардың 5 проценті, яғни 202 мың бала дәстүрлі форматта оқитын болады. Олар – шағын жинақты мектептерде оқитын балалар. Адам денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін ұйымдастырылып жатқан шараның дұрыстығына ешкімнің күмәні не базынасы жоқ. Десек те, ескеретін жайттар жеткілікті. Соның бірі – қашықтан оқитын оқушының оқу үстелі екінің бірінде жоқ. Есесіне, әлемдік технология тетігіне «байланған» смартфон бас-басында бар демесек те, екінің бірінде бар. Осы ретте ойланатын басты мәселе – оқушы денсаулығы.

Мектеп қабырғасынан алшақ, ұстазымен алыстан байланысатын оқушы партасына қойылатын талаптардың дұрыс сақталмауының нәтижесінен бала денсаулығы сыр беруі мүмкін. Енді ғана қалыптасып келе жатқан дене бітімінің еңкіштігі ұл­ғайып, оның  ассиметриясы  дамиды. Дене мүсінінің бұлшықеттеріне түсетін жүктеме көбейіп, ауырлық орталығы ауысып, дене тұлғасының тұрақсыздығына әкеліп соғуы да мүмкін.

Негізгі талаптарға ойысар болсақ, оқушының дұрыс отыруын қамтамасыз ететін парта үстелі мен орындықтың басты 3 көрсеткіші бар. Ол – парта дифференциясы мен арқалық және орындық дистанциялары. Парта орындықтарының арқалық дистанциясы үстелдің оқушы жақ шетінен орындықтың арқалығына дейінгі аралық. Бұл оқушының көкірек қуысының тереңдігіне байланысты. Оқушы партада отырғанда оның көкірегі мен парта үстелінің шетінде 3-5 см арқалық болуы керек. Отырғыштың аралық дистанциясы аз болғанда оқушының кеудесі столдың шетіне тіреліп, кеуде сүйегі ішіне қисайып өседі де, көкірек қуысындағы тіршілікке маңызы зор жүрек, қолқа тамыры, жоғарғы және төменгі қуыс веналары іспетті үлкен қан тамыр­ларының, өкпе, бауыр, бронхылардың қызметіне, олардың дұрыс өсіп жетілуіне зиян келтіреді. Ал арқал­ық дистанция артық болғанда оқушы жазуды еңкейіп жазады да, омыртқа сүйектері қисық өседі және көздің қызметіне қолайсыз болып, жақыннан көру дамиды. Парта орындықтарының дистанциясы деп парта үстелінің оқушы жақ шеті мен орындықтың алдыңғы шетінің арасындағы аралықты айтады. Ол 3 түрлі болады: нөлдік, оң және теріс дистанция. Егер үстелдің шеті мен орындықтың алдың­ғы шеті бір деңгейде болса, орындық дистанция нөлдік, арасында аралық болса, оң, отырғыштың шеті үстелдің астына кіріп тұрса, теріс дистанция болады. Қазіргі гигиеналық талаптар бойынша оқушылардың дұрыс отыруына 4-5 см теріс дистан­ция қолайлы. Парта қақпа­ғының ішкі жағына оның өлшемі көрсетіледі.

Дәл осы талаптардың әр үйде, әр оқушыда сақталатынына күмән бар. Біреу байланыс нашарлығынан терезені­ң алдында тұруы мүмкін, біреу ас үстеліне оқыса, біреуі жерге жата-жастана оқуы мүмкін. Мұның барлығы – әр отбасының жағдайына байланысты әрекет. Ал оқушының өз ыңғайына қарай кітапқа, телефонға үңілуінің соңы үлкен зардапқа әкеп соғады  екен.

– Мойынды 30-60 градусқа төмен ие отырып, смартфонмен күніне  3-4 сағат  бойы сабақ орындау, хабар­лама оқу мен хат жіберу сынды жұ­мыстар адамды мүгедектікке соқтырады. Адам басын тік ұстап, түзу отырғанда жон арқаға 5-6 кило салмақ түсіріп тұрады. Ал енді басты небәрі 15 градусқа төмен қарай игенде бұл салмақ екі есеге – 12-13 килоға артады. Смартфоннан хабарлама оқу мен жіберу кезінде мойын 60 градус­қа дейін иіледі. Бұл – омыртқаға түсетін салмақ 30 килоға дейін барады деген сөз. Егер мұндай жағдай күнде қайталана берсе, мысалы, хат-хабарлама жазу үшін күніне кемі  2-3 сағат смарт­фонға үңіліп отыратын болса, ары кетсе 5-7 жылда мойын омыртқасында жарық пайда бола­тыны сөзсіз, – дейді  невропатолог  мамандар.

Одан өзге компьютердің алдында ұзақ уақыт тапжылмай отыру бұл­шықет пен буындардың жұмысына да зияны­н тигізеді. Адамдар компьютер­дің алдында босаң қалпында отырады. Компьютердің алдында отыр­ғанда мойын мен арқаны тік ұстамау денсаулыққа зиян келтіріп, омырт­қаның зақымдалуына әкеледі. Мойын­ омыртқа, иық пен қолға артық салмақ түскендіктен, балаларда сколиоз (омыртқаның қисаюы), остеохондроз (омыртқааралық шемірше­ктердің қабынуы) аурулары пайда болады. Аз қозғалу адам ден­саулығына өте зиян. Экранға үздіксіз қарап отырудан көзіңнің көруі нашар­лайды. Қимылсыз отыра берген­нен омыртқаға салмақ түсіп, өне  бойың  ауырлай  бастайды.

Жаңа оқу жылындағы жаңа өзгерістерге байланысты және балалардың 85 процентi үй жағдайында білім алатын болғандықтан әлеуметтік желіде­ ата-аналар мен оқушылар арасында «үйіңізде оқушыға арналған оқу партасы бар ма?» деген сауалнама­ жүргіздік.  Нәтижесінде сауалнамаға қатыс­қан 160 адамның 121-і «жоқ», 39-ы «бар» деп жауап берді. Ал енді есептей беріңіз, үйден оқытуға қанша ата-ана мән береді, қаншасы ескермейді. «Күніне 2-3 сағат ғана оқиды, онда да үйде ғой» деген түсінікпен қарайтын болсаңыз, қатты қателесесіз. Өйткені бала күніне 3 сағаттан кем дегенде аптасына 15, айына  60 сағат омыртқасына салмақ түсі­реді.

Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: