Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өлiмге жетелеген желi

16.02.2023, 10:20 272

Сурет  ашық дереккөзден алынды.

Әлемжелі жасөспірімнің санасын улап жатқаны рас. Жыл сайын интернеттегі ойынның әсерінен жастарымызға қауіп төнгені жиі айтылады. Кезінде «синий кит» сынды белгілі бір адамдардың тапсырмасын орындайтын ойын жастар арасында белең алды. Талаптары – өз тәнінді жара­қаттау. Тамырды кесуден басталған сұмдық ойынның соңы суицидпен аяқталады. Бұған үйір болған мектеп оқушылары кезінде көп болды. Тіпті шын ба деп сынап кіріп, қызығына тоя алмай қалған оқушыларды көз көрді. Жастар арасында мұндай тозаққа жол сілтейтін ақпаратқа елітіп, интернеттің «ақылын» тыңдайтын һәм орындайтындардың бары қынжылтады. Әлқисса…

Мұндай ұрпақтың болуы – ата-ана­ның бала тәрбиесіне бейқамдық танытуы. Бұл шалағайлық танытқан істерін тұрмыстық қажеттілік пен осылар аш болмасын деп жүріп, үйде «монстр» өсіп жатқанын білмедік деп кей ата-аналар ақталады. Иә, қазір бәрінің бағасы қымбат. Дегенмен, отау құрғанда  әке  мен ананың рөлі бала тауып, оның киімін бүтін, тамағын тоқ қылумен шектелмейді. Ең алдымен, балаға жеткілікті тәрбие берілу қажет. Мәселен, баланы көзден таса жіберіп, үйде қандай ойын ойнап, немен айналысып жатқанына қызықпаудың арты Солтүстіктегі сұмдық оқиғаға алып келді. Петропавл қаласының №4 орта мектебінде оқитын 9-сынып оқушысы осы аптаның дүйсенбі күні мектепке балта мен пышақ әкеліп, бір ойынның тапсырмасын орындамақ болған сыңайлы. Ол өзі ақ түсті бетперде жасап, оны мектеп дәретханасында киіп, 3 оқушыға тұтқиылдан шабуыл жасаған. Нәтижесінде 9-10-сынып оқушылары дене жарақаттарын алып, ауруханаға жеткізілген. Барлығы бас, иық тұстары­нан зақым алған екен. Петро­павл  қаласы әкімдігінің айтуын­ша, жәбірленушілердің ешқайсысының өміріне қауіп  төніп  тұрған  жоқ.

– Қазіргі уақытта барлық жәбір­ленушілер облыстық балалар ауруханасына жеткізілді, жағдайлары қалыпты. Кәмелетке толмаған Д. полиция қызметкерлерімен ұсталды, осы факт бойынша ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы 14-тармақшасы, 24-бабының 3-бөлігі (Кісі  өлтіруге  оқталу)  бойынша   сотқа  дейінгі  тергеу  басталды. Алдын ала алынған мәліметтер бойынша кәмелетке толмаған Д. психиатрия­лық есепте тұрады. Кәмелетке толмағанның және мектеп әкімшілігінің іс-әрекеттеріне сотқа дейінгі тергеу шеңберінде құқықтық баға берілетін болады. Қалған жағдайлар анықталуда, – дейді.

Қоғамға қауіп төндіргендерді үнемі психиатриялық есепте деп айтатынымыз бар. Хош делік. Баланың психикасы дұрыс емес. Ал, оның ата-анасы қайда қарап жүр? Бұл – алаңдатарлық мәселе. Мұндай салғырттық танытқан ата-аналарға балаға немқұрайды қарады деп жауапкершіліктен айырғанымыз абзал. Әйтпесе өзгенің әлпештеп отырған баласы мектепке білім аламын деп кетіп, кешке денесі жеткізіліп жатса, ешбір ата-анаға оңай болмасы даусыз. Петропавлдың №4 орта мектебінде күзетші де жоқ екен. Бұған мектеп директоры мен қала әкімдігі өздерін қалай ақтап алатынын көрелік. Жалпы, баланың мұндай қадамға неліктен баратыны анықталуда. Соның бірі – интернеттегі тал кесетін ойын болуы кәдік дейді тергеушілер. Жастардың психикасына ойын қалай әсер етеді? Оның зардабы қандай? Психолог Айгүл Мұнарбаева бүй деді.

– Жастардың интернетке тәуелділігінің бірнеше себебі бар. Отбасындағы кикілжің, ұрыс-жанжал, ата-ана­ның ажырасу немесе біреуінің өмірден өтуі балаға үлкен стресс әкеледі. Сосын бала осы стреспен күресемін деп интернетке тәуелді бола бастайды. Ал, екіншіден, балаға тым қатты қамқор болу. Міне, мұндай сәтте бала интернетте көп отырады. Өйткені бала ол жақта еркін, ешқандай ты­йым мен жоғары талап жоқ. Сондай-ақ, балаға көңілдің жетіспеуі  де осы мәселенің өзекті болуына алып келеді. Бала ортасында дос, ұжымда өзінің ортасын таба алмаса, оны виртуалды әлемнен іздейді. Соның әсерінен баланың дүниетанымының өзгеруіне әкеледі. Мысалы, сыныпта түсініспеушілік болса, оның шешімін балалар төбелес арқылы шешкісі келе­ді. Өйткені компьютерлік ойын­дарда жеңіске жетудің басты жолы – күш қолдану. Сондай-ақ, ойын кейіпкерлерінің бірнеше өмірі болуы да балаға әсерін береді. Себебі кейіпкер өлсе де, онда тұрған ешнәрсе жоқ, қайтадан тіріліп, ойынға қосыла алады. Балалар ойындағы іс-әрекеттерін көріп, оны шын өмірде қайталауы мүмкін. Тіпті оны не үшін жасағанын білмейтін жайттар  да  кездеседі, – деді  ол.

Интернеттегі ойындар енді жетіліп келе жатқан баланың санасына әсер ететіні анық. Бүгінде бұл ойындар әлемге танымал болғаны соншалық, спорт түрі де бар. Мәселен, киберспорт деп аталатын бұл дода 1996 жылы бастау алып, 2000 жылы алғаш рет әлем чемпионаты өткізілді. Қазақстан­да  бұл  спорттың  федера­циясы да бар. Олардың мәліметіне сүйен­сек, қазақстандық киберспортшылар биыл Азия ойындарына қатыспақ. Бұл қыр­қүйек айында Ханчжоуда өткізіледі деп жоспарланған. Елімізде 2 мыңнан астам киберспортшы бар. Қызылордалықтар да бұл спортқа жақын. Алайда Қызылорда облыстық спорт және мәден­иет басқармасында мұндай спорт  түрі  жоқ.

Міне, қызық енді басталды. Кибер­спортпен кәсіби айналысатындар айы­на  20 мың доллар табуға қауқарлы екен. Бұған не дейміз? Бұл спорт па, сұмдық па? Себебі жастар пұл табудың көзін ойыннан іздесе, еңбекке машық жандар  аз  болатыны сөзсіз. Шыны керек, интернеттік ойындарда көп отыру денсаулыққа да, психикаға да зиян. Бұған қоса, жаңсақ жаңылысқа әкеледі. Сондықтан ата-ана баланың бос уақыты қалай өтіп жатқанынан хабардар болуы керек. Жалпы, биыл отбасы жылы болғаны дұрыс шығар. Елімізде отбасылық тәрбие қисық болғаннан адам шошырлық оқиғалар жиілеп кетті. Қайткенмен де, бұл оқиға бұған дейінгі жағдайлар секілді уақыт өткен соң қоғамда ұмытылып кетеді. Ал, зардап шеккендер мен куәгерлердің  жағдайы  уақыт  еншісінде…

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: