Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көше жарығы көңілдегідей ме?

01.04.2021, 12:00 1040

Қараңғы қалада өмір сүрудеміз… Олай деуіміздің өз себебі де бар. Қазіргі таңда қаламызда 636 көше жарық шамдарын қажет етеді. Соңғы 30 жылдағы қараңғы көрсеткіш – осы. Олай дейтініміз, облыс аумағында болған қылмыстардың жартысынан көбі қаламызда жасалған. Жарық жоқта жорыққа шығатын қаскөйлерге қолайлы жағдай жасап отырғандаймыз. Және де бұл көңілге қаяу салатын соңғы уәж емес. Соңғы 5 жылда қала көшелерін жарықтандыруға 680 миллион теңге бөлінген екен. Одан бөлек, орнатылған жарық шамдарды күтіп-ұстау үшін жылына 500 млн теңге бөлінеді. Осы тұрғыда, қала көшелерін жарықтандыру жұмыстары қалай жүріп жатыр? Жарықсыз көшелерге басшылардың көңіл бөлмеуінің себебі неде және жарықсыз өмірден басқа қандай жұғымсыз фактілерді анықтауға болатынын зерттеп, мән-жайын анықтауға тырыстық.

Қаламызда барлығы 800-ден аса көше бар. Бүгінгі күні соның 175-і ғана жарықтандырылған екен. Жылдан-жылға кеңейіп келе жатқан үлкен қала үшін бұл – өте аз көрсеткіш. Оның үстіне сол қараңғы көшелерде өмір сүріп жатқан адамдар қауіпсіздікті аса қатты сезінбейді. Ғалым­дардың зерттеуіне сүйенсек, қараңғылық қылмыскерлерге жайлы орта сыйлайды. Яғни, қараңғы­лық оларды теріс әрекет жасауға итермелейді десе де болады. Сонымен қатар, зерттеу нәтижелерінде жол-көлік оқиғаларының көп бөлігі де дәл осы жарықтандырылмаған көшелерде болады екен. Егер де қала көшелерінің басым бөлігін жарықпен қамтамасыз етсек, жол-көлік апатын 30 пайыз­ға азайтуға болады. Ал қиылыстарда болатын апаттарды 45 пайызға азайтуға мүмкіндік бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, облысымызда жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандар саны коронавирустан қаза тапқандардан көп екенін ескерсек, қала көшелерін жарықтандырудың маңызы жоғары екенін түсіну қиын емес.

БАСШЫЛАР  БҮЙ  ДЕЙДІ

Көше жарығы мәселесімен жауапты орган­ға барып, сол жердің басшыларымен тілдесіп қайттық. Олардың айтуынша, кө­ше­ні толық жарықтандыруға бюджеттің әлі жетпейді. Қала көшелерін жарықтандыруға барынша күш салып жатқанын айтады.

– Қылмыстың алдын алу мақсатында, қала­ның архитектуралық келбетінің жақсаруы үшін де бөлінген қаржы шеңберінде жарық шамдарын орнатудамыз. Қала көшелерін 60-70 пайызға қамтамасыз ету үшін жеке серіктестік негізінде жүзеге асыру жоспарланған болатын. Алайда жоба құны шамадан тыс болғандықтан жеке серіктес­тіктер қызығушылық танытып отыр­ған жоқ. Десе де, көптеген мекемелермен келіссөз жүргізіп жатырмыз. 5-6 жылдың көле­мінде қаланың 60-70 пайызын жарықпен қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп  жатырмыз.  2018 жылы республикалық бюджеттен де қала көшелерін жарықтандыруға қаражат сұрап көрдік. Бірақ, ол қолдау таппады, – деді Қызыл­орда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы, жолаушылар кө­лігі, авто­мобиль жолдары және тұрғын үй инспек­циясы бөлімі басшысының орын­басары Абзал  Рысбекұлы.

Сала өкілінің айтқанына сенсек, қаланы жарықтандыруды республикалық бюджет де қолдамапты. Жалпы, қазына қақпағын ұстағандар бұл мәселеге бейжай қарайтын болып шықты. Адам өмірін бірінші орынға қоятын мемлекет бола тұрып, жоғарыда айтылған біршама мәселелерді шешуге болатын жұмыстарға қаржы бөлінбегені өкінішті. Мамандардың көбісі бұл мәселеге қаржыны әкеліп тірегенмен, Ресей ғалым­дары көшелерді жарықтандыруды қала бюджетіне аса ауыр салмай-ақ жүргізуге болатынын дәлелдеді. Олардың айтуынша, қаланы толық жарықтандырса, қылмыс пен құқықбұзушылықтың барлық деңгейі төмендеп, кәсіпкерлік нысандар көбейеді. Сонымен қатар, қалаға келетін туристер саны да өсіп, сырттан қосымша қаржы келеді. Осылайша, кеткен қаражат өзін толық­тай ақтап шыға алады. Одан бөлек, жарық шамдарын диодты шамдарға ауыстырса, көше энергия қуатын үнемдеуге болады екен. Диодты шам демекші, біздің қала да диодты шамдардан құралақан емес. Қаламызда барлығы 3147 жарық үнемдеуші шам бар. Сондай-ақ, тағы 24 шам эксперимент ретінде қолданыстан өтуде. Қазіргі нәтижелер бойынша олар 50 пайызға дейін энергия қуатын үнемдей алады екен. Бұл – жақсы­ көрсеткіш. Бұл шамдар арқылы алдағы уақытта көшелерді сапалы әрі арзан жарық шамдарымен  қамтамасыз  ете  аламыз.

КӨШЕ  ЖАРЫҒЫ  НЕГЕ  ӨШЕДІ?

Қаладағы көше жарықтары кешкі 19:00-де жанып, таңғы 06:30-да өшеді. Кейде бұл уақытта да жанбай өшіп тұратыны бар. Жел тұрып, күн қабағын шытқанда көше тас қараңғы болып қалатыны да бар. Бұның себебі қысқа тұйықталу, электр сымдарының ескіруі, тозуы екен. Жел күшейгенде шеткі аудандардағы жарықтың сөніп қалатынын сала мамандарының өздері де біледі. Бұл мәселені де шешуге жұмыс істеуде екен.

Кей көшелерде көше жарықтары бұрында орнатылған. Сол орнатылғалы күтім көрмей, шамдары қып-қызыл болып, көзіңді тұмшалап тастайтындай дәрежеге жеткен. Жүргізушілердің наразылығын тудырған Астана даңғылы мен Бөкейханов көшелері болып отыр. Сондай-ақ, «Автовокзал» аумағ­ындағы қысқа көшелердің көпшілігі көңілге қаяу сала­ды. Басқа қаладан келген қонақты алғаш қарсы алатын да – осы қос көше. Қызыл да қараңғы көшелермен жүріп өту қыр бала­сына «қызықты» қылық емес. Көзге түрпідей тиетін қызыл шамдардың кесірінен жол мен жерді айыра алмай, қараңғы күнде қапы­да қалып қоясың. «Жарық­тың тек электр қуа­тын ысырап қылудан басқа пайдасы жоқ. Қызыл шам жерге дейін жетпейді де» деп шағымданады олар. Жаяу жүргіншілер жо­ла­ғын көру де қиын. Сол аралықта болатын жол-көлік оқиғаларының себебі де осы жарық­тан  көрінеді.

Бұл тек қала орталығындағы жүргізуші­лер көп жүретін жолдар екендігін айта кетейік. Қаладан сәл ары шықсақ, қызыл шам түгілі «айдың жарығын» көру де мүмкін емес.

Оны  жауаптылардың өздері де мойындап отыр. Қызыл жарық шашқан шам адамның психикасына кері әсер ететінін ескеру керек. Қаламыздағы  бірнеше  тұрғын үйлер сол қызыл шаммен өмір сүріп келе жатқандарына көп болды. Десе де бұл олқылықтың орнын толтырып, шамдарды көп ұзамай ауыстырамыз  деп  уәде  етті.

Жалпы, қаланың көп бөлігін жарықпен қамтамасыз ету қиын шаруа емес. Оның үстіне адам өмірін арашалап қалуға мүмкіндігі бар екенін ескерсек, жарықтандыру жұмыс­тарын тез арада жүзеге асыру қажет. Алайда жарық қаланың орталық көшелерінен артылар емес. Қала көшелерін жарықтандырмай, қылмыс пен құқықбұзушылықтың деңгейін түсіре алмаймыз. Сондай-ақ, ол тұрғындарға да қолайсыз жағдай тудырады. Қаланың экономикасына да қосымша пайда түсіре алмаймыз. Қараңғылықтың Қызылордаға тигізетін кеселі мұнымен тоқтамайды. Қазір кез келген сала жарықпен тікелей байланыс­ты. Дегенмен, шенеуніктер «жоспарда бар, кезекте тұр» деген жалаң уәдемен шығарып салды. Әліптің артын бағайық. Бәлкім, бұл жолы орындап қалар…

Б.ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: