Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дәріханалар дәргейі

15.06.2023, 10:40 184

Қазір дәрі-дәрмек те ірі бизнес көзіне айналған. Фармацевтика саласының «дөкейлері» дәуренін сүріп тұр. Бірақ дәріханалардың дәргейіндегі бағалар «бетімен кеткен». Біріндегі баға екіншісіне ұқсамайды. Айырмашылығы жер мен көктей. Статистика әлемдегі 4,4 млн адам фармацевтика саласынан нәпақасын табады дейді.  Бұл қатарға дәріханадағы сатушылар кірмейді. Ал, жоғары сұранысқа ие саладан көл-көсір пайдаға кенеліп отырғандардың көшін әдеттегідей АҚШ бастайды. Сондай-ақ, фармацевтика өнімдерін ең көп шығаратын елдердің алғашқы ондығына АҚШ-пен қатар Қытай, Жапония, Германия, Франция, Италия, Ұлыбритания, Испания, Бразилия және Канада енеді.

Дәрілердің бағасы азық-түлік­пен бірге аспандаған. Және жыл са­йын үстемеленеді. Мәселен, дәрілік препараттар өндірісі 2022 жылдың қаңтарымен салыстыр­ғанда ақшалай түрде 61,3%-ға және нақты мәнде 57,3%-ға өскен. «Еnergyprom» сарапшылары атап өткендей, 2023 жылдың бірінші айын­да фар­ма­цев­тикалық  өнімдердің  өндірісі  17 млрд  теңгеге  жетіп, оның  15,7 млрд теңгесі дәрілік заттарға, 1,3 млрд  теңгесі  басқа  фармацевтикалық  өнімдерге  тиесілі.

Қаладағы дәріханалар желісінде бағалардың құбылуы анық байқалады. «Фейсбук» әлеуметтік желісінің қолданушысы, қала тұрғыны Назерке Саниязова осы тұрғыда  пікірін  білдірді.

– Бір нәрсеге миым жетпеді. Балам көптен бері бір дәріні үзбей ішіп келе жатыр. «Депакин» деген дәріні үнемі алып жүрмін. Соны бірнеше ай бұрын қаладағы дәріханалардың бірінен 5 мың теңгеге сатып алдым. Ескі базар жақта. Атауы есімде жоқ. Ал кешегі  жолы  соны  үй жақтағы әлеу­меттік  дәріханадан 2015 теңге­ге алдым. Өзі жақында ашылған. Соған байланысты жеңілдік жасады дейін десең, айырмасын көріп тұрсыз. 500 теңге де, 1 мың теңге де емес. Бала үшін «құрысыншы» деуді мен де білем. Бірақ жұрттың көбі күнін әзер  көріп  жүр. Арадағы 3 мың теңге — үлкен ақша. Шамалас баға болғанда бұлай даурықпауға болар еді. Тек әркім ойына келгенін істеп, білгенін  айтатыны  жаман, – дейді  ол.

«Бақсақ, бақа екен» деген. Оның жайы мынада екен. «Депакин (Вальпрой қышқылы)» дәрілік затының бөлшек саудадағы шекті бағасы препараттың формасына (таблетка, сироп, гранула), өндіру­шісіне (Унитер Ликвид Мануфактурин, Санофи Винтроп Индус­трия), доза­сына (5 г/100 мл 150 мл, 250 мг, 300 мг, 500 мг) байланыс­ты 2358,65 теңгеден 7848,23 теңге аралы­ғын  құрайды  екен.

Сондай-ақ, қала тұрғыны Мақ­сұт  Таңжарықұлы  былай  дейді:

– Менде де осындай жағдай болды. «Пристариум» деген дәріні үй жақтағы дәріханадан 4800 теңгеге алып жүрдім. Бір күні қалада «Зерде» дәріханасында көріп қалдым, 2800 теңге деп тұр. Үй жақтағы дәріханаға телефонмен хабарласып айттым, чегін ватсапына жібер­дім. Кейін сұрап көрсем, бағасын түсіріпті, 2900 теңге деп тұр. Әне – бұлардың  тірлігі.

Тағы бір мысал, науқасқа қан қоюлығы кезінде тағайындалатын «Тромбо АСС» дәрісінің бағасы әр дәріханада әртүрлі. Қазыбек би көшесіндегі «Фармаком» дәріханасында оның бағасы 2790 теңге тұрады. Бұл – қала бойынша ең арзаны. Осыдан қала ішінде 3180 теңгеге дейін көтеріледі. 400-500 теңге де қарапайым халық үшін әжептеуір ақша  саналады.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті өз құзыреті шегінде бөлшек және көтер­ме саудада өткізу үшін дәрілік заттың саудалық атауына шекті бағаларды мемлекеттік реттеуді жүзе­ге асырады деген соң оларға да сауалмен жүгіндік. Қала ішіндегі дәрі-дәрмек бағасының әртүрлілігінің  себебін  сұраған  едік.

– Дәрілік заттың саудалық атауына шекті бағалар «Дәрілік заттың саудалық атауына өндірушінің шекті бағаларын, бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттың саудалық атауына шекті бағаларды бекіту туралы» Қазақстан Респуб­ликасы Денсаулық сақтау минис­трінің м.а. 2021 жылғы 27 тамыз­дағы № ҚР ДСМ-94 бұйрығымен бекітілген. Қазіргі таңда 6715 атаудағы дәрілік заттарға бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін шекті баға бекітілген. Сонымен қатар, барлық дәрілік заттарға шекті бағалармен «DARI.KZ» мобильді қосымшасын жүктеу арқылы танысуға болады. Дәріханалық ұйымдармен дәрілік заттарды өткізу бағасы бекітілген шекті бағадан асқан жағдайда департаментке жазбаша түрде немесе «DARI.KZ» мобильді қосымшасы арқылы шағымдануға болады, – деді  департамент  мамандары.

Шекті баға бекітілген дәрілерден бөлек дәрі-дәрмектердің бағасы сайып келгенде кәсіпкерлердің өз еркінде болып тұр. Қаншадан алып, қаншаға сататынын өздері белгілейді. Әлі де болса, бұл тұрғыда шикіліктер бар деген сөз. Бағада бақылау болмаса, келешекте іс насыр­ға  шабары  анық.

Елімізде 8 мыңнан аса дәріхана бар екен. Отандық өндіріс есебінен олардың барлығын қамтамасыз ету деңгейі 13% ғана, қалғаны сырт­тан келеді.  Яғни, дәрі-дәрмектің 87%-ы – импорттық өнімдер. Қазақстанда дәрі шығаратын 79 кә­сіпорын бар. Олардың қатарында ірі де, ұсақ та медициналық өнімдерді шығаратын өндірістер бар. Ал, елімізде шығарылатын дәрілердің 90 пайыздан астамы ірі 6 зауыттың үлесіне тиесілі. Олар – «Химфарм» (SANTO сауда белгісі), «Глобал Фарм», «Нобел АФФ», «Ромат», «Нұр-Май Фарм» және Қарағанды фармацевтикалық кеше­ні. Осы салада тынымсыз еңбек етіп келе жатқан өнеркәсіп орындарының ішінде Шымкент қаласындағы «Химфарм» АҚ Қазақстандағы дәрі-дәрмек өндірісінің алпауыты саналады. Өндіріс ошағының жылдық қуаттылығы – 600 млн тонна таблетка мен капсуланы, 193,8 млн инъекциялық ерітінді ампуланы, 2,6 млн сұйықтық ерітінді құтысын, 4,5 млн сұйық пероральді дәріні, 35,4 млн цефалоспорин тобындағы антибиотиктердің ұнтақ түріндегі құтысын шығарады.

ТҮЙІН. Қазір дәріханалардың бәрі бизнеске айналғанын айттық. Олардың дені бір ғана тұмауға арналған дәрінің барынша қымбатын ұсынады. Өйткені тауарды өткізу керек. Мұндай уақытта тұтынушы аналогын сұрауға құқылы. Аналогының бағасы одан анағұрлым арзанға түсуі мүмкін. Аналогы деген – дәл сол дәрі, бірақ бағасы жағынан арзандау болуы мүмкін. Дәріхана сізге міндетті түрде алдымен қымбат нұсқасын ұсынады. Арзанын өзіңіз сұрап аласыз. Бейресми ақпараттар да бар. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген бар. Барлық емханалар белгілі бір фармацевтикалық компаниялармен келісімшартқа отырады. Және ауырып барған пациентке сол өздері келісімге отырған дәріханада бар дәрілерді жазып береді. Бұл да – фармацевтика саласындағы дамыған маркетинг болып тұрғанының нақты дәлелі.

Ә.БОЗАНОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: