Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ САЛҒЫРТТЫҚ немесе мектеп оқушыларының қорғаны кім?

22.02.2024, 11:00 446

Соңғы кезде білім саласында бет шымшып, ерін тістейтін жағдай жиіледі. Айтуға ауыз бармайтын сұмдық оқиғалар болып жатыр. Бір мектепте бала өлімі болса, бір мектепте буллингтің түр-түрі бар. Ал енді бір мектепте  оқушылар арасындағы жыныстық зорлық-зомбылық белең алған. Айналып өтейін десең де, «менмұндалайтын» әрекеттің қатарында білім бөлімі мамандарының қылмысын қалай ұмытасың? Сонда біз миллиардтаған қаржыны не үшін бөліп жүрміз? Саланы серпілтудің орнына атын шығарып, айыбын жария ету үшін бе? Жалпы, бір сөзбен айтсақ, ұлт ұрпағы тәрбиеленетін ұлы ордада жағдай мәз емес. Десе де, облыстық білім басқармасының мамандары бұл мәселелер бойынша арнайы комиссия құрамын бекітіп, істерді назарға алып жатыр. Тиісінше, олқылықтардың орны толтырылады. Біздегі бюджеттің жартысына жуығы осы ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне жұмсалып жатыр. Қаралған қаржы өз нысанына айнымай жету үшін бақылау күшейіп, тексеріс артуы тиіс. Өйткені, өткендегі жағдайдан кейін біздегі білім бөліміндегілерге сенім жоқ. «Алтын көрсе…» дегеннің керін тартып біттік. Айта берсең, көп. Облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов осы жағдайлардың алдын алу мен ретке келтіру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде баспасөз өкілдеріне брифинг беріп, сауалдарға жауап берді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында аймақтың бас ұстазы салаға деген сетінеген сенімге бүй деп пікір білдірді.

– Саладағы сан жылғы тәрбие мен білімнің сапасының ақсағаны рас. Мойындаймыз. Және алдағы уақытта біліммен қоса тәрбие саласының сапасын оңтайландыру мақсатында аймақ басшысының қолдауымен ашылған «Тәрбие, спорт және қосымша білім беру» орталығы жүйелі жұмыс жоспарын жасақтап, қазіргі таңда орталық қызметкерлері облыс көлеміндегі барлық мектеп пен колледжге барып, әдістемелік көмектер, семинарлар мен кездесулер өткізуде. Алдағы уақытта барлық мектеп оқушыларын өңірдің барлық елді мекеніндегі клубтар мен мәдениет үйлерінен құрылатын отаншылдық және мемлекетшілдікке, патриоттыққа тәрбиелейтін түрлі бағыттағы үйірмелерді қамтитын «Адал адам» рухани-тәрбие орталығының жұмыстарына тартатын боламыз, – деді.

Өткен жылдың қорытындысымен облыстық білім басқармасы тарапынан жалпы білім беретін орта мектептердің рейтингі шығарылған. Онда аймақтағы 81 мектептің рейтингі тым төмен екені анықталды.

– Білім ұйымдарының рейтингін шығару барысында білім беру сапасы, ҰБТ-ның қорытындысы, оқушылардың олимпиада мен ғылыми жоба, спорттық сайыстарда жеткен жетістіктері, балалардың, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың, қылмыстың тіркелуі, педагогтердің кәсіби білімін байқайтын байқаулардағы жетістіктері назарға алынды. Қорытындысымен облыс көлемінде санаулы мектептің жұмысы жолға қойылған. Басым бөлігінде жүйелі жұмыс жоқ екенін көрсетті. Рейтинг нәтижесінде 81 мектепте соңғы үш жыл көлемінде оқушыларының да, мұғалімдерінің де облыс деңгейінде бірде-бір нәтиже көрсетпегені анықталды. Оның ішінде 7 мектепте оң нәтиже көрсетпегенімен қоймай теріс бағыттағы жағдайлар болған,– деді Асқарбек  Темірбекұлы.

Жалпы орта білім беретін мектептердің 58-і –лицей-гимназиялар. Оның ішінде рейтингтегі орта деңгейлісі – 29, төмен деңгейде 4 лицей-гимназия бар. Мемлекет тарапынан барлық білім беру ұйымына теңдей мүмкіндіктің жасалып жатқанын ескерсек, нәтиже көрсетпеген мектеп басшыларының қызметіне бағалау жұмыстары жүргізілуде.

Иә, талап болмаса, істің ақырынан пайда жоқ. Біздегі кемшілік осы – талап күшейтілмейді, тексеріс тиісті жүргізілмейді. Мұндайда сіз бен біз қуанатын жетістік пен даму қайдан болсын?!

– Өкінішке қарай, биылғы жылдың қаңтар айында болған педагогтердің бейәдеп қылықтары туралы қоғамдық резонанс тудырған мәселелер, Сырдария ауданы Амангелді ауылындағы №42 мектеп пен Қызылорда қаласы, Белкөл кентіндегі №189 орта мектеп оқушыларының өлімімен аяқталған жағдайлар – білім саласында   1-2 жылдың көлеміндегі емес, жылдар бойы қордаланған мәселелердің бүгінгі көрінісі. Сайып келгенде, бұл оқиғалар бұрын-соңды мектеп директоры қызметінен босатылған т.с.с  тұлғалар қайта тағайындалғандығы, кез келген адамның тәрбие жөніндегі орынбасары қызметінде болуы және мектеп басшысына бағынбайтын, лауазымдық міндеттерін талапқа сай атқармайтын, бір мектепте 10-15 жылдан астам уақыт жұмыс істеген мектеп директорлары орынбасарларының барлығы, тәрбие орынбасары мен  педагог-психологтар, әлеуметтік педагог,  сынып жетекшілерінің өзара қызметтік байланысы мен ата-аналармен байланыстың жоқтығынан баланың әлеуметтік ахуалы мен психологиялық жағдайының бақылаусыз қалуы, ескерілмеуі салдарынан туындады, – дейді  Асқарбек  Темірбекұлы.

Білім беру ұйымдарындағы тәрбие беру саласына жүргізілген зерделеу бойынша да бұл салаға жеткілікті мән  берілмегенін  көрсетіп  отыр.

Мысалы, тәрбие мамандарына біліктілік арттыру курстары жүргізілмеген, оларға сала бойынша әдістемелік көмектер берілмеген, жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында тәрбие саласына қатысты жоспарлау отырыстары өткізілмеген. Нәтижесінде, білім мекемелеріндегі тәрбие жоспарлары бұдан 5-10 жыл бұрын қабылданып, бүгінгі күні мәнін жоғалтып, күші жойылған нормативтік актілерді басшылыққа алып жасалған күйі қолданылып келген.

– Оқу-ағарту министрлігімен 2023 жылғы наурызда мектепішілік есепке алуды жүргізудің ережесі бекітілді. Мектептер осы ережеге сәйкес жұмыстарды өз дәрежесінде жүргізбей отыр. Мысалы, қазір 180 мыңнан астам бала мектептерде білім алуда, соның 324-і немесе 0,2%-ы ғана мектеп есебіне алынған. Мектеп басшылары жауапкершіліктен қашқақтап, құқықбұзушылыққа бейім балаларды есепке алуды жүргізбей отыр. Олар мектеп есебіндегі бала көбейсе, тәртіптік жауапкершілікке тартыламыз деп есептейді, – деді А.Есжанов.

Облыс бойынша педагог-шеберлердің үлесі өте төмен. Мысалы, Жамбыл облысында 430 педагог-шебер болса, Шымкент қаласында – 208. Сырдария ауданында бірде-бір шебер болмаса, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Шиелі аудандарында бір ғана педагог-шеберлер бар. Ал Арал, Жаңақорған аудандарында – 2, Қызылордада – 16, облыстық мекемелерде 6 педагог шебер дәрежесін алған.

Білім саласындағы атқарылған жұмысты тізіп шығудың қажеті шамалы. Сондықтан, мақаланың келесі бөлігін БАҚ өкілдерінің басқарма басшысына қойған сұрағы мен оның жауабымен өрбітуді жөн көрдік.

– Аймақтағы тек мәселе болған мектептерді ғана емес, барлық мектепке тексеріс тобы құрылып, жұмыс істеуі керек, соған байланысты қандай жұмыстар  атқарылып  жатыр?

– Қазір арнайы жол картасын әзірледік. Сондықтан, барлық мектепті зерделеп шығатын боламыз. Басқарма жанынан құрылып жатқан түрлі орталық осы білім беру ұйымдарына тексеріс жасап, олардың жұмысын бақылайтын негізгі топ боп саналады. Енді тәрбие саласы бойынша болған олқы жағдайларды өздеріңіз де білесіздер. Өкінішті жағдай, әрине. Баланың орны қайтып келмейді. Сондықтан біз қатал шешімге барып жатырмыз. Қоғам пікірі де екіге бөлінді. Мектеп директоры мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарын жұмысынан босаттық. Мұны құптамағандар да болды. Біз қаншама баланың тағдырынан бір директордың тағдырын артық қоймаймыз. Білімдегі тәрбиенің ақсап тұрғанына бірінші кезекте тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлардың психологтармен, әлеуметтік педагогтермен, ата-анамен бірізді байланыстың жоқтығынан болып жатыр. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Сынып жетекшілері тәрбие сағаттарын әлеуметтік желіге жүктеу үшін ғана өткізеді. Баламен тікелей байланыс жоқ, ата-анамен де байланыстың жүйелілігі шамалы. Бірінші кезекте ұстаздан талап етіп отырғанымыз – баланың тәрбиесімен тікелей ұстаз айналысуы керек. №189 мектептің басшылығына неге реніш білдірдік? Мектепте  барлық  педагог құрам мен басшылық құрамды қосқанда 105 адам жұмыс істейді. Бар болғаны 800 бала оқиды. Адам басына шаққанда 8 баладан ғана келеді. 800 баланың тәрбиесін 100-ден аса адам неге бақылауға ала алмайды? Біздің ұстаздарымыз екі жақта жұмыс істейді, басқа да білім беру орталықтарында педагогтық қызмет атқарады, репетитор болады, әрине, олардың әлеуметтік жағдайының жақсы болғаны дұрыс, бірақ ұстаздық жауапкершілік деген болуы керек қой. Сіздер де жақсы білетін Рахманов ағайдың феномені әрбір ұстаздың ұстанымы болуы керек. Сол Рахманов ағай «мен Қожаның шырағын жаға алмадым» деп өзін кінәлі сезінеді. Қазір өзін кінәлі сезінетін ұстаз бар ма? Бәрі өздерін сүттен ақ, судан таза ұстағысы келеді. Мектебінде олқылық болып жатқанын ұстаз білсе, ол дабыл қағып ата-анаға айтуы керек. Болмаса, директорға айтуы керек. Олар да, мектеп директорлары да көп жағдайда фактілерді жасырғысы келеді. Қазақ айтады ғой «ауруын жасырған өледі» деп. Мектеп директорларын жұмыстан босатқанымызбен, оны ұстаз деген атынан айырған жоқпыз. Олардың кез келгені ұстаз бола алады.

– Кейбіреулер мұғалім 24 сағат өз қызметін атқаруы керек дейді. Тиісінше, оның үй-іші бар, бала-шағасы бар, тек жұмыс уақытында ғана жұмысын атқаруы керек дейтіндер бар. Осы екі пікірдің қайсысы  дұрыс?

– Жалпы, әр қызметтің өзінің атқарар жұмысы бар. Менделеевтің кестесі бірыңғай алтын, күміс, алмаздан түрған жоқ. Әрқайсысы табиғат берген рөлін атқаруда. Өмір де сондай, тек ақтан ғана тұрмайды. Ақ пен қара қатар жүреді. Бұл жерде біздің айтқымыз келгені – әр адам өз қызметіне адал болуы керек. Ұстаз өз міндетін, ата-ана өз міндетін білсе болды. Егер ата-ана мектептің, мектеп ата-ананың тірлігіне араласса, ортада бала ғана зардап шегеді. Кейбір ұстаздарды да, кейбір ата-аналарды да тәрбиелеуді қажет етеді. Сондықтан, бұл – қоғамдық мәселе. Оған қоғам болып әсер етуіміз керек.

– Белкөл кентіндегі мектеп оқушысының өліміне қатысты мектеп басшыларына қатаң жаза көрілді деп айттыңыз. Ал №261 мектеп директорына жай ғана сөгіс беруіңіздің сыры неде? Сонымен қатар, ол жерде 9-сынып оқушысын соққыға жыққан 10-сынып оқушысы екенін Полиция басқармасы растап берді ғой.

– Бір нәрсені ашық аңғарып алайық. Сіз монетаның бір бетін ғана көріп отырсыз. Мен монетаның екі бетін де көріп отырмын. №189 мектепте оқушылар арасында ақша жинау, буллинг болады деген ақпараттар анықталған. Оны мектеп директоры жасырып келген. Одан кейін де бірыңғай психологтің көмегімен жұмыс істеп жатырмыз. Тіпті ол мектептегі балаларда досымыз үшін кек аламыз деген де ой бар екені анықталды. Енді қазірде оларға психологиялық қолдау жүргізіліп жатыр. Ал №261 мектепте болған жағдайға келсек, ата-ана істі мектеп директорына хабарласып баяндаған. Ал директор өзі полиция қызметкерлерін шақырып, дабыл қағып тұр. Оның полицияға жолдаған қатынас хатын, дәлелдерді көтеріп, директорға және оның орынбасарларына тиісті деңгейде сөгіс жариялап тұрмыз. Егер №189 мектепте ол жағдайлар бірінші рет болса, оған сөгіс ғана берер едік, бірақ ол бұған дейінгі фактілерді жасырды. Сондықтан, оларға өз ісіне сай жаза қаралды.

– №282 мектеп-лицейінде 9-сынып оқушысы зорлық әрекетін жасаған деген ақпарат шықты. Ол оқушы бұған дейін де зорлау фактілерін жасаған деген сыбыс шығып жатыр.

– Ол мектептің оқушысымен қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Оған қатысты басқармадан тиісті топ құрылды. Қазір істің мән-жайын анықтап жатыр. Ақпарат расталса, тиісті сала мамандарына да, балаға да қатаң тәртіптік жаза қарастырамыз. Ол туралы ақпарат нақты дәлелденгенде жариялауға дайынбыз. «Мектеп директорларын қызғыштай қорғайсыз» дейтіндер бар, бес саусақ бірдей емес. Бізде көп мектеп басшысының кадр алудан, сабақ жүктемесін бөлуден, ыстық тамақтың айналасынан қолы босамайды. Сондықтан, өзінің қызметтік міндеттеріне салғырт қарайды. Өкінішке қарай, былтыр Жаңақорған ауданында болған жағдайда мектеп директорының салғырттығын көруге болады. Директор өзінің электронды кілтін мектеп бухгалтеріне беріп қойған. Ол дегеніміз, мектеп директорлары өзінің функционалдық міндеттерін заңға сәйкес нақты атқарып отырған жоқ. Соның нәтижесінде әркім өзіне тиісті жазасын алып жатыр. Біздің тараптан жүргізіліп жатқан тексерістер директорларға жақсын, жақпасын, мейлі сын айтулар болсын, болмасын, саладағы жемқорлықты тоқтатып, таза жұмысқа көшіреміз.

– Облыс  әкімінің  тапсырмасына сәйкес, сізге  қалалық  білім  бөлімінің басшысына шара қолдану керек. Яғни жеті ұстазды заңсыз жұмысқа алу бойынша дерек анықталды. Осының салдарынан мектепте бала өлімі, зорлық әрекеттері тіркеліп жатыр. Осының бәрі бола тұра, қалалық бөлім басшысының өз орнында отыруына не себеп?

– Осы кезге дейін желтоқсан айында қалалық білім бөлімінің басшысына сөгіс түрінде тәртіптік шара қабылданды. Кеше болған жағдайларды және одан да басқа істерді ескере келе, тәртіптік шара қарайын деп жатырмыз. Бұл жерде бір ғана емес, барлық фактілерді жинап, тиісті деңгейде жаза қолданамыз. 

– Жаңақорған ауданының білім саласында анықталған жағдайға сай басқа да аудандарға тексеру жүргізіліп жатыр ма? Сол бойынша айтсаңыз.

– Жаңақорған ауданындағы жағдайдан бөлек, Қызылорда қаласындағы №112 мектепте күзетшіге заңсыз сыйақы аударып жіберген оқиғалары тексеріс нәтижесінде анықталды. Барлық ауданның білім бөлімдері мен қала мектептерінің қаржылық жағдайына зерделеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жағдайлар осы тексеріс кезінде анықталғандықтан, алдағы уақытта мониторинг күшейеді.

– Бұған дейін ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дәулет Мұқаев оңтүстіктегі облыстарда мектептке жұмысқа тұру үшін 1 млн теңге көлемінде пара сұралатынын айтты. Осыған байланысты пікіріңіз қандай?

– Қай нәрсені болса да айтуға оңай. Ауылдық мектептерде техникалық қызметкерлерді жұмысқа қабылдау сол ауылдағы қоғамдық қауымдастықтың келісімімен жүзеге асырылады. Ал мұғалімдерді қабылдау 2012 жылғы 57-бұйрыққа сәйкес, конкурстық іріктеу негізінде іске асады. Бұған дейін облыс әкімінің қатысуымен өткен білім саласындағы мәселелерді талқылау мақсатында өткен кеңейтілген отырыста Қызылорда қаласында 26 мектепте директорлар 50-ден аса мұғалімді заңсыз жұмысқа алған деген ақпаратты айтты. Осыған байланысты тиісті жұмыстар жүргізіліп, мектеп басшыларына шаралар қабылданды. Әлі де қабылданатын болады. Өйткені, бүгінгі таңда барша мектеп қызметкерінің жұмысқа қалай орналасқанын анықтап, мониторинг жасап жатырмыз. Әлі де атқарылатын жұмыстар жетілікті. Ал жаңағы пара алу дерегі бойынша айтсам, ол нақты фактімен анықталмаған. Оған келісіп  тұрған  жоқпын.

ТҮЙІН. Аймақтың бас ұстазы Асқарбек Есжанов соңғы уақытта араға аз күн салып, 3 рет брифинг берді. Ол көңіл қуанарлық әрекетті ақпараттандыру болса, жақсы. Білім саласындағы көңіл күйді түсіретін жаңалықтарды хабарлау, анық-қанығын баяндау үшін мінберге шығып, орындалмаған міндет пен тағылған мінге жауап беріп бақты. Ал мәселені айналшықтамай, төтесіне көшсек, мектеп «қорқынышты» жерге айналып барады. Сонда білім ұясының бүгіні бұлай, келешегі қалай болмақ? Біз атқарылған жұмыстың жемісін баяндауға асығамыз, дегенмен орны ойсырап қалған оқушылар мен зорлыққа ұшыраған жасөспірімдерді айтуға тура келіп жатыр. Сонда мектеп оқушыларына кім қорған болады? Сенім білдіретіндер аз. Десе де, сеніп көрейік. Алға қойған міндет өз мұратына жетсе, көп ұзамай салада серпіліс байқаларына сенім мол. Құдай ақырын берсін!

Ердәулет  ҚАЛИЕВ,

Коллажды  жасаған  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: